26-02-21 |
1010 рет қаралған
Ақсуда қаза болған өрт сөндіруші бір үйдің жалғыз баласы.
Ақсуда қаза болған өрт сөндіруші бір үйдің жалғыз баласы

Марқұм Арыстанбек Машрап азаматтық қорғау органдарында үш жыл еңбек еткен. Бір үйдің жалғыз баласы. Жесір қалған келіншегінің аяғы ауыр.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы өрт сөндірушінің өліміне қатысты тың деректерді хабарлады. Жанып жатқан үйге кірген құтқарушылар кірген есік қираған үйіндімен жабылып қалған. Өрт сөндірушілер шыға алмай қалған.  

– Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде үйде адамдар болуы мүмкін екенін білді. Оларға адамдарды құтқару міндеті қойылды. Қуанышқа орай, ғимаратта адам болған жоқ. Алайда сержант Арыстанбек Машрап пен кіші сержант Ермек Тұрлыбеков отқа оранған үйден шыға алмай қалды. Кірген есікке констукциялар құлаған, – деді Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов.

Бөлімше командирі Арыстанбек Машрап өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалды. Өзге өрт сөндірушілер терезелерді бұзып, екі әріптесін жанып жатқан үйден алып шықты. Олар ауруханаға жеткізілді. Алайда бөлімше командирін құтқару мүмкін болмады.

Департамент басшысының сөзіне сәйкес, қайтыс болған жігіттің денсаулығы жақсы болған. Құрал-жабдық та жұмыс істеп тұрды. Алайда тыныс алу аппараты белгілі бір уақыт қана жұмыс істейді. Сол уақыт таусылып қалуы мүмкін. Сондықтан өрт сөндіруші газға уланды деген болжам жасалып отыр. 

Марқұм Арыстанбек Машрап азаматтық қорғау органдарында 2018 жылдан бері қызмет атқарған. Павлодар қаласының тумасы. Үйдегі жалғыз бала. 2017 жылы болашақ әйелімен танысқан. Жарының аяғы ауыр. 

– Арыстанбек Машрап міндетті түрде наградаға ұсынылады. Өйткені қызметін атқару кезінде көз жұмды. Отбасына жан-жақты көмек көрсетіледі, – деді департамент басшысы.

Өрттің себебі зерттелетін болады. Арнайы комиссия құрылған. Полиция қызметкерлері де тексеріс жүргізеді.

Ведомствоның мәліметінше, 1991-2021 жылдар аралығында азаматтық қорғау органдарының 53 қызметкері қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған. Арыстанбек Машрап қызметін атқару кезінде көз жұмған үшінші өрт сөндіруші.

Естеріңізге салсақ, Павлодар облысында өртеніп жатқан үйге келген 24 жастағы құтқарушы көз жұмғанын жаздық.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.