22-04-23 |
1650 рет қаралған
«Art Karakoz» көркем сурет шеберханасы.
«Art Karakoz» көркем сурет шеберханасы

Адам мен өнер бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын екі ұғым. Адамзат баласы ежелден-ақ өміріне тікелей қажетті заттарды өз қолдарымен жасағаны бәрімізге белгілі. Адамзат қоғамы тұрмыстық қажеттіліктері қалыптасып, өмірі жеңілдеген кезде шығармашылықпен айналыса бастады. Шығармашылық пен өнер адамның жан дүниесін байытып, көңіліне қуаныш пен бақыт сыйлайтын қастерлі нәрсе. Ұлы құдыретке ие өнер әлемі кез келген жанның жүрегіне жылулық пен жарық сәуле шашуға қауқарлы. Сондай қастерлі өнерге өмірін арнаған жанның бірі – Қаракөз Мұқанова. Өнер әлемінде өз орнын қалыптастырып үлгерген Қаракөз Мұқанова – суретші, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, «Аrt Кarakoz» көркем сурет шеберханасының негізін салушы әрі меңгерушісі, Динара Сәтжанның «Жеке бренд» онлайн курсының жеңімпазы.

Қаракөз Мұқанованың басшылығындағы «Аrt Кarakoz» көркем сурет шеберханасының іргесі қаланғанына бейресми түрде 8 жыл, ал шеберхана ретіндегі ресми қызметіне 5 жыл уақыт болды. Бүгінде көркем сурет шеберханасы сурет салу мектебі мен өнер галереясын біріктірген шығармашылық ордасына айналды. Себебі, шеберханада көркем өнердің барлық саласы: сурет өнері, керамика өнері, мүсін өнері, кескіндеме өнері секілді шығармашылық түрлеріне балалар мен ересектерді баулумен қатар өнер көрмелері де жиі өткізіліп тұрады. Көрмелер тек суретшілердің сурет көрмесінен ғана емес, дизайнерлер мен фотографтардың, мүсіншілердің шығармаларын қамтитын көрмелерден де тұрады.

Талантты тұлға Қаракөз Мұқанованың өнер шеберханасының есігі өнерге қызығушылық танытқан кез келген жастағы жанға ашық. Көркем сурет мектебінде білім алушылар тек портреттер мен кескіндемелер салуды ғана емес, карикатуралық бейнелер – шаржылар салуды, қыш құмыра жасау мен мүсін өнерін де игере алады.

«Аrt Кarakoz» көркем сурет шеберханасына 4 жастағы бүлдіршіндерден бастап ересек жастағы және егде жастағы барлық адамдар қабылданады. Шеберханадағы өнерге баулу сабақтары әр жас бойынша түрлі кезеңдер мен уақыттарға бөлініп өткізіледі. Мәселен, 4-10 жас аралығындағы балалар екі топқа бөлінеді: 4-6 жас аралығындағы кіші топ балаларына аптасына бір сағаттан екі рет сабақ өткізілсе, 7-10 жас аралығындағы орта топ балалары аптасына екі рет 1,5 сағаттан сабақ алады. Ал 10-18 жас аралығын қамтитын жасөспірім топтың балалары аптасына әрқайсысы 2 сағатты қамтитын үш сабақ ала алады. Сондай-ақ, көркем өнер түрлерімен айналысқысы келетін 18 жастан асқан барлық жандар аптасына екі рет 2 сағаттан тұратын сабақтарға қатыса алады.

Қаракөз Мұқанованың көркем сурет студиясында сурет өнеріне қызығушылық танытқан барлық жандар сурет салу, кескіндеме, композиция негіздерімен танысып, көркем шығармашылығын қалыптастырады.

Көркем студияның мақсаты – өнер мектебіне келген әрбір жанның шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға көмектесу, оларды шығармашылық ойлауға, есте сақтау мен қиялдан жұмыс істей білуге, көркем бейненің не екенін түсінуге, көркем материалдармен жұмыс істей білуге үйрету. Көркем сурет шеберханасындағы әрбір оқушының қабілет деңгейі, олардың ілгерілеуі көркем өнер сабағында алған сапалы білімімен анықталады.

Сымбат Камешова

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.