05-03-23 |
560 рет қаралған
Астаналықтар қыс бойы жарыққа үш есе көп төлеген.
Астаналықтар қыс бойы жарыққа үш есе көп төлеген

Жарық бағасын ойдан қойып отыр ма? Қыс басталғалы үш еселенген тариф төлеген астаналықтардың мазасын қашырған осы сұрақ. Жарыққа жауапты «Астана аймақ электржелі» компаниясы аяқ астынан ақыны көбейтіп жіберген. «Артық кетті, өзіміз түзетеміз» дегелі де үш ай өтіпті. Бірақ тұрғындарға келетін жарық бағасы азаяр емес.

Жауапты компания мұның себебін түсіндіруге тырысты. Айтуларынша, қомақты ақша күз айларында төленбеген ақының себебінен екен. Қағаз түбіртекті қарамайтын тұрғындар қыстан бері пошта жәшігін қорқынышпен тексеретін болған. Өйткені ай сайын келетін бірыңғай төлем құжатындағы сан адам шошытады. Онсыз да қалтаға салмақ салатын коммуналдық төлемді осал топтарға төлеу оңай емес. Ал жарықтың үш есе көбейіп кетуі тіпті қиын, деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Бір бөлмелі үйде тұратын Гүлмира айына қалай мың килоВатт шыққанын түсінбей жүр. Желтоқсаннан бері төлейтін сома 62 мың, 57 мыңнан кем емес.

«Мен түгілі, сау адамға ипотеканы төлеу қазір қиын. Комқызмет бізге қымбат болып келіп жатыр. Биыл жарық қосылды. Ол да қымбаттап кетті. Мысалы, айына қарап отырсам, өткен айларда 300-400-500 килоВаттан аспай, сондай жаққан екенмін. Ал желтоқсанда тек жарықтың өзіне 27 мың шығып тұр», – дейді Астана тұрғыны Гүлмира Шаймахамбетова.

Оған жылу, қоқыс, жеделсаты сияқты басқа төлемдер қосылған соң, пәтер иесі қайсысын төлерін білмей отыр. Толық жұмыс істейтін денсаулық болмағасын дәл қазір Гүлмира жарықты төлеуден бас тартқан.

Ал осы үйде тұратын көпбалалы ана Гүлнизаға үш айдан бері жарықтың ақшасы тіпті де келмепті. Бір күні тосынсый боп қанша келетінін ойласа ұйқысы қашады.

«Сізде келісімшарт жоқ деп айтты маған «АстанаЭнергосбыт». Тіркелмей қалған, кешірім сұраймыз, қайта тіркейміз деп шығарып салды. Біз пайдаланған жарыққа төлеуіміз керек қой. Өйткені есептегішпен олардың қойған көрсеткішіне сәйкес келмейді. Сіз ойлаңызшы, бір жылға жарық пен суға 200 мың төлеу мүмкін бе?», – дейді тағы бір тұрғын Гүлниза Ержанқызы.

Гүлниза үйге кірмей жатып жарық пен суға қалтасынан жырып 200 мың төлеген соң, тағы көлемді ақша төлеуге ниеті жоқ.

Осылай бағасы ұшқан жарықты төлеп жүрген бір топ астаналық бүгін жауапты «Астана Электр» компаниясынан түсініктеме алуға тырысып еді. Ал үш есе өсіп кеткен бағаның қалай пайда болғанына жауаптылардың берген жауабы мынадай.

«Желтоқсан айында тұрғындар артық шот алуының себебі, қыркүйек, қазан, қараша «Астанаэнергосбыт» атынан энергия сату ұйымы нарықта шартты есептеу жүргізген. Демек олар күзде ақша төлемей, желтоқсан айында адамдар үш-төрт ай ішіндегі төлемін алды. Біз адамдар түбіртектерді уақтылы алып, нақты шот төлеу үшін жұмыс істеп жатырмыз деп үміттенеміз», – деді «Астана-Аймақтық Электржелілік Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Бердалин.

Құзыреті ауысқан компаниялардың өзара қағазбастылығының салдары бүтін бір қаланың бас ауруына айналған. Ал мұндағылар елордалықтарға қайда барып арыздансаңыз, мәселеңіз шешіледі деген слайд көрсетумен шектеліп қана тұр. Мұны тұрғындар баяғыда жаттап алған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.