20-10-22 |
410 рет қаралған
Басқыншылар Мариупольдегі Голодомор құрбандарына арналған ескерткішті бұзды.
Басқыншылар Мариупольдегі Голодомор құрбандарына арналған ескерткішті бұзды

Ресей аннексиялап алған Украинаның Мариуполь қаласында Голодомор мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш бұзылды. Бұл ескерткішті Украина билігі 18 жыл бұрын қала орталығына орнатқан еді.

Ресей билігінің өкілі Евгения Кротова ескерткішті «жалған ақпарат символы» деп атады.

«Украина тарихын оқытқан кезде бізге «геноцид» және «Голодомор» идеяларын таңды. Оқытушылардың бірде-біреуі шын мәнінде не болғанын түсіндірген жоқ» деді ол.

Дегенмен ол шындық деп нені есептейтінін айтпады, тарихи оқиға жөнінде пікірін де жеткізбеді, деп жазды Азаттық радиосы.

Мемориалдан қалған граниттер құрылыс материалдары ретінде қолданылатыны хабарланды.
Голодомор – 1932-33 жылдары СССР құрамындағы Украинада болған оқиғалардың жалпы атауы. Елді жаппай ашаршылық жайлап, миллиондаған адам құрбан болды. Украина тарихы институтының мәліметінше, сол кезде 4 миллионға жуық адам қырылған.

2006 жылы Украина жоғарғы радасы Голодоморды СССР басшылығының «украин халқына жасаған геноциді» деп таныды. 2018 жылы АҚШ сенаты соған ұқсас резолюция қабылдады.
Мариупольда Голодомор мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал 2004 жылы Драма театрына жақын Университет көшесіне орнатылған. Екі бөлікке бөлінген, қара және қызыл түсті граниттен құралған төрт бұрышты постаменттің үстіне масақ пен темір тікенектер қойылған.

Донецк облысындағы Мариуполь қаласын Ресей күштері биыл мамыр айында басып алған. Қалада болған қызу шайқас кезінде қаланың бір бөлігі қирады. Қанша бейбіт тұрғынның қаза болғаны белгісіз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.