26-02-24 |
13030 рет қаралған
Әділетсіз сот істерін қайта қарайтын комиссия құрылмаса, Әділетті Қазақтан орнамайды.
Әділетсіз сот істерін қайта қарайтын комиссия құрылмаса, Әділетті Қазақтан орнамайды

Ескі Қазақстан тұсында түрлі жаламен қысым көріп, қудалауға ұшырап, істі болған көптеген азаматтар әлі күнге ақтала алмай жүр. Бұрынғы билік кезінде әділетсіз шығарылған сот үкімдерін қайта қарауға қолданыстағы заң мүмкіндік бермейді. «Қаншама адамның ісін қайта қарау үшін комиссия құрылмаса, ол азаматтарды ақтау мүмкін емес» дейді мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан. Ол сондай-ақ жаламен істі болған адамдардың көп екенін, олар әркез араша сұрап парламентке келетінін де айтты.

Абзал Құспан,

Мәжіліс депутаты:

– Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тізгінін өз қолына алғаннан кейін негізгі концепциясын ұсынды. Яғни, жаңа Қазақстан концепциясы  – әділетті  Қазақстан деген сөз. Демек, жаңа Қазақстан әділеттілікке ұмтылатын болса, осы кезге дейін әділетсіздік орын алды дегенді білдіреді. Тіпті, мұны Президент ашып айтпағанның өзінде, бұл елге белгілі, басы ашық дүние екені рас. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев және оның кланы, отбасы мүшелері ескі Қазақстан кезінде ойларына келгенді істей алды. Олар бизнесті тартып алды, кей адамды қызметінен шығарды, қудалады. Тіпті, талай адам істі болып, сотталды. Ондай істердің біреуін ғана емес, бірнешеуін мысалға келтіруге болады. Болат Назарбаев туралы айтпай-ақ қояйын, оның ұлы Ербол Назарбаевтың тікелей қатысуымен болған бірнеше істерден хабарым бар.

Бұрынғы адвокат ретінде заң саласына да қатысы бар. Қазіргі заңнама және сот-құқықтық комитетінің мүшесі ретінде маған көптеген мәліметтер белгілі. Соның бірі – Қорғаныс министрлігінің кадр бөлімін басқарған, Генерал-майор шеніндегі азаматтың қылмыстық ісі. Ол туралы қысқаша айтайын, Алматы облысы Қарасай аудандық қорғаныс бөліміне басшы қылып, лейтенант шеніндегі бір азаматты тағайындау туралы өтініш келіп түседі. Бірақ ол қолданыстағы заң талаптарына сәйкес келмейді, көптеген критерийлері бар ғой. Көрші Әзербайжан, Армения, Ресей, Украинадағы жағдай болатын болса, (әрине, Құдай ондайдан сақтасын!) аудандық қорғаныс бөлімі өте маңызды рөл атқаратын болады. Оның әскери тәжірибесіне байланысты қойылатын талаптар бар. Ешқандай  тәжірибесі жоқ жас лейтенантты сол аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы қылып қою деген жөнінде заңсыз талапқа бағынбағаны үшін ол азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол сотталып кетеді. «Екі жүз мың теңге пара алды» деген айып тағады. Құжаттарды қарап отырып, заңсыздығына көзім жетті. Ақылға сыймайтын негіздермен, тіпті Жоғарғы сотта алғаш рет кассациялық алқаның өзі «қылмыс құрамы жоқ» деп өндіріс қозғаған. Сөйтіп, Жоғарғы соттың судьясымен қозғалып тұрған кассациялық істі қанағаттандырмай тастаған. Ол жерде қозғалған кассациялық қаулыда бастапқы барлық мән-жайлар көрсетілген. Тіпті негізсіз қозғалғандығы, қолдан ұйымдастырылғандығы анық көрініп тұр. Ал неге бұл іс бұзылмай қалды? Өйткені бұл істің басы-қасында сол кезде Болат Назарбаевтың ұлы Ербол Назарбаевтың өзі тұрды,  өзі тергеуге берген ісі. Сол кезде ол Антикорда қызмет етіп жүрді. Ол замандағы жазылмайтын заңдылық: Ербол Назарбаев қозғаған қылмыстық істер ешқандай мәселесіз соттан өтіп кететін.

Дәл осы Ербол Назарбаевқа қатысты екінші бір істі айтайын. Ол –дәрігерге қатысты оқиға. Алматы қаласындағы бір перзентхананың бас дәрігеріне қатысты қозғалған қылмыстық іс. Ол жерде де «пара алды немесе пара алғысы келді» деген негізсіз желеумен соттаған. Яғни,  «Екі жүз мың теңге алды» деп айыпталған. Ол жерде де қылмыстық іс қозғалып, ол да соттан өтіп кеткен. Өйткені мен де сол азаматтың іс-құжаттарын алып қарастырдым. Жеке қабылдауында өзінен сұрадым. Ол кісі Ербол Назарбаев болған соң бәрі келіп айтты дейді: «Егер сен осыдан қылмысыңды мойындамайтын болсаң, онда сені қамауға аламыз. Саған неше түрлі зорлық әрекеттер жасалатын болады. Бұл Ербол Назарбаевтың ісі болған соң, сен үн-түнсіз бағынып, мойындауың керек, сонда ғана сені бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындалатын болады» деп шынымен де мойындап еді. Бұған бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған жоқ. Ол мойындамай аяғына дейін күресіп еді. Ал Қорғаныс министрлігінің департамент басшысы, генерал үстінен уақыт қосып соттап, түрмеден бір-ақ шықты. Түрмеден шыққан соң, қазір шындықты қуып, шырылдап, менің қарауыма бірнеше рет келіп кетті.

 Мен бұл екі мысалды не үшін келтіріп отырмын. Екеуінде де ұқсастық бар. Біріншіден, бұл оқиғалардан көпшілік хабарсыз. Ербол Назарбаевтың осындай істер жасағанын жұрт біле бермейді. Ал екінші ұқсастық – бұл екеуінде де күмәнді жағдайда «Екі жүз мың теңгемен пара алды»» деген айып тағылуы. Үшінші күмәнді жағдай, бұл істердің соттан, тергеу органдарынан, прокуратура тарапынан еш мәселесіз өтіп кететіні. Ал  осы істерді Қылмыстық кодекстің нормасымен алып қарайтын болсақ, ол шағым келтіру, наразылық келтіру мерзімдері өтіп кеткен істер. Енді осының бәрінің заңсыз екенін көріп отырып, көз жұмып отыруымыз керек пе? Онда Президенттің әу баста өзі жариялаған «Жаңа Қазақстан дегеніміз – әділетті Қазақстан» деген негізгі ұраны, негізгі концепциясы қайда қалмақ? Міне, осыған байланысты мен жалпы комиссия құруды ұсынып жүрмін. Яғни, ол комиссияға айрықша статус берілуі керек. Бұрынғы кезде көрер көзге ұрып тұрған анық қылмыстық істер  – бизнестерін тартып алғандығы. Осындай істер болатын болса, соларды қайта қаратуды сұрайтындай комиссия болуы керек деп есептеймін. Басқа жолын көріп тұрғам жоқ.

Осындай арнайы құрылатын комиссияға менің басшылық жасауға толық мүмкіндігім бар деп есептеймін. Өйткені мұндай комиссияны біз Бас прокурорға немесе Жоғарғы соттарға тапсыра алмаймыз. Олардың күнделікті атқаратын шаруасы өте көп, онсызда шаршатады. Мұнда  депутаттық қызметте депутаттық иммунитет бар және депутатта халықтан басқа  нақты ешқандай басшы болмайды. Сондықтан тәжірибесі бар адам ретінде осындай бір комиссияны құру қажет деген ұсынысты айтып жүрмін. Басшысы міндетті түрде мен боламын деген шарт емес. Жалпы айтып жатырмын. Осындай комиссия құрылса, бұрынғы өткен істерге ревизия жасап, қылмыстық істерді, азаматтық істерді бір қайта қарасақ деген ұсыныс бар.

 Ал Мәжіліске келсеңіз, толып жүрген шындық іздеген, «заңсыз сотталдым, бизнесімнен айырылдым» деп шырқырап жүрген азаматтарды көресіз. Оларды Жоғарғы соттың төрағасы қабылдамайды. Олардың барлығы Мәжіліске келеді. Президент әкімшілігінің алдына барады. Ал осылардың барлығының ісін комиссия арқылы қарайтын болсақ, шешімі болар еді. Әрі ол комиссия құрамына  Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Антикор, сонымен қатар Республикалық адвокаттар алқасы, Парламент депутаттары мүшелікке енгені жөн.  Сондай-ақ қоғам қайраткерлерінен өкілдер қатысып, комиссия жұмысын бір жыл атқарсақ. Уақытша комиссия қабылдаған шешім бойынша, мерзімі өтіп кеткен істердің өзін қайта қарауға мүмкіндік берілсе, сонда әділетсіз шешілген істердің де жауабын табар едік.  Осындай бір батыл іс-қимылдарға бармайтын болсақ, онда ел-жұрттың сеніміне де селкеу түседі. «Ой, әлі ештеңе өзгермепті ғой» деген пікір қалыптасып, елдің ойына күдік ұялайды. Ең бастысы,  Президенттің ұсынып отырған концепциясы іске аспай қалады.

Құқық қорғау, адам құқығын қорғау мәселесіндегі тым күрделеніп кеткен жүйе бұрыннан бар. Жалпы оған ескі Қазақстан өкілдері, соның ішінде ескі Қазақстан кезінде құрылып қалған жүйенің өзгермеуі негізгі себеп деп есептеймін. Бізде құқық қорғау саласында батыл қимыл жасайтын тұлғалар жоқ. Әсіресе, құқық қорғау органына қатысты батыл реформаны жүзеге асыратындай нақты тұлғалар дәл қазір саясатта көрініп тұрған жоқ. Саясатта неге көрініс таппайды? Өйткені оның ішінде міндетті түрде сол ескі Қазақстан өкілдері де жүр. Жалпы сол ескі Қазақстан кезінде құрылған осы жүйе аяқтан тартып тұр деп есептеймін. Олар сол үйреншікті, осы кезге дейінгі қалыптасып қалған жүйеде жұмыс істейді. Ал олардың батыл іс-қимылдар жасауға жүректері дауаламайды.

Былайша айтқанда, әділдік – адам өмірінің мәні. Бұл өмірде бір әділетсіздікке тап болдың ба, сонымен күресу қажет. Сондықтан  әділетсіздікпен күрес – күрестің төресі. Нағыз азамат  өзінің ақ адал есімін ақтап алу үшін  аяғына дейін шыдай білуі керек.  

Ақ адал атымды ақтай алмай жүрмін

Наурызбай Рақышев,

медицина ғылымдарының кандидаты:

– Адам тағдыры деген бір сәттен-ақ өзгеріп, күтпеген жерден кедергілерге ұшырайтыны рас екен. Менің де алға қойған мақсат, армандарым заңды белден басқан тұлғалардың кінәсі мен құйтырқы әрекеттерінің кесірінен құлдырады.

2019 жылғы 18 шілдесі күні біздің перзентханада жас нәресте шетінеп кетеді, мен ол кезде кезекті еңбек демалысында едім. Орынбасарым Зәуре Датхаева бас дәрігердің міндетін атқарушы болып қызмет атқарып жүрген. Ертеңіне, 19 шілде күні мені демалыстан шұғыл түрде шақыртып алды.  Маған қатысты қылмыстық істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілі  Ербол Болатұлы Назарбаев бастаған топ ойлап тапты.  Ол сол кезде Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел басқармасының басшысы қызметін атқарды. 

Кейіннен анықталғандай орынбасарым З.Датхаева Болат Назарбаевтың кезекті жұбайының құрбысы екен. Осы жақындықты пайдаланып, Б.Назарбаевтың ұлы Ербол арқылы – Алматы қ. сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшыларының бірі арқылы маған 2019 жылғы 2 тамызда маған қарсы ақпараттық шу тудырып, арандатушылық қылмыстық әрекеттер ұйымдастырды. Іс материалдарына келетін болсақ, оған сәйкес, мен «№1 Қалалық перзентхана» ШЖҚ МКК бас дәрігері лауазымын атқара отырып, 02.08.2019 жылы сағат 15.00-те азамат Шаяхметовадан 200 000 теңге сомасында пара алды деп айыпталып, Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері ұстаған болып шыққан. Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының 26.09.2019 жылғы үкімімен ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігі бойынша 6 000 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

фото: Н.Рақышев ұсынған құжат скриншоты

Менің ісімді қараған сот 29.04.2018 жылғы «Сот үкімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 2-тармағын бұза отырып, менің кінәмнің дәлелдерін объективті, толық және жан-жақты зерттемеді, ал қылмыстық қудалау органы тарапынан орын алған заң бұзушылықтарға тиісті баға бермеді. Кінәсіздік презумпциясына байланысты және ҚІЖК-нің 19-бабына сәйкес айыптау үкімі болжамдарға негізделмеуі мүмкін және сенімді дәлелдермен расталуы керек. Қылмыстық қудалау органдары айыпталған іс-әрекетте менің кінәмнің дәлелдерінің жеткілікті жиынтығын ұсынбағандықтан, менің іс-әрекеттерімде ҚР ҚК 366-бабының 2-бөлімінде көзделген қылмыс құрамы жоқ екені анықталды. Өз басымнан өткерген осынау мысал біздің қоғамда әділетсіздік орнай бастағынын көрсетсе керек. Қазір көптеген адамдар біздің Әділетті Қазақстанға қарай басқан қадамымызды сезіп, біліп отыр. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауқымды әрі нақты міндеттер қойды. 2022 жылғы 5 маусымда конституциялық референдум өткізілгеннен кейін  барлық салада жаңашылдық байқала бастады. Яғни 5 маусымнан бастап Қазақстанда бір жыл ішінде барлық деңгейдегі бес елдік науқан өткізілді: ел Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі референдум, Президентті, Сенат депутаттарын, Мәжіліс депутаттарын және облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарын сайлау. Біздің елдің тарихында бұрын-соңды бұлай болған емес. Өз басым бұл қоғамды демократияландырудың алғашқы және маңызды белгісі деп білемін. Президентіміз айтып жүрген «Заңның үстемдігі» қағидасының мағынасы өте тереңде екеніне көзім жеткен азаматтың бірімін деп санаймын.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.