08-05-19 |
5180 рет қаралған
Досым Сәтпаев: «Биліктің тыйым салудан басқа тәсілі жоқ».
Досым Сәтпаев: «Биліктің тыйым салудан басқа тәсілі жоқ»

Биыл 9 маусымда кезектен тыс Қазақстан президентінің сайлауы өтетіндігі белгілі. Сайлау қарсаңында қоғамда белсенділік артып, наразылық шаралары, митингілер жиілей бастады. Осы орайда біз танымал саясаттанушы Досым Сәтпаевтың халықтың белсенділігіне қатысты пікірін білген едік, ол мұны биліктің халықпен тіл табысуға құлықсыздығынан деп есептейтіндігін айтты.

«Билік осындай «қолайлы» жағдай тудырғандары үшін өздері кінәлі. Қазір халықтың бір бөлігі наразылық көңіл күйде отыр. Себебі олар өздерінің бүгінгі жағдайларына қанағаттанбайды және болашақтарына алаңдаулы. Билік те қазір мұны түйсіне бастады. Бірақ олардың тыйым салудан басқа тәсілі жоқ. Қандай да бір наразылық акциялары, тіпті ол жалғыз-жарым жүрген адам болсын, билік оларға жазаланатындығын үнемі ескертіп, айтып отырады. Бұл бағытта билікке баяғыда идеологиясын өзгерту керек еді. Диалог алаңын орнату керек еді», – деген Д. Сәтпаев сөзін былай өрбітті.

«Естеріңізде болса, соңғы рет 1 мамырда митинг өтті. Сол кезде митингіге шыққандармен байланысқа кімдер шықты, олар қарулы күш құрылымы. Яғни ол жерде тек полиция, прокуратура адамдары ғана болды. Мұндай жағдайда қала немесе облыс әкімдігі тарапынан өкілдер және биліктің кәсіби сөйлесушілері келуі керек еді. Біріншіден оларды тыңдап, тілек, арыздарын жинап, аз да болса тыныштандыруға болушы еді», – деді саясаттанушы.

Көптеген адамдар билікпен өзара диалог құрылғанын қалар еді, бірақ расымен де билік тарапынан кім диалогқа баратынын білмейді деп есептейді Досым Сәтбаев.

Саясаттанушы оппазиция тарапынан да ешқандай құрылым немесе көшбасшы көрмейтіндігін былайша жеткізді.

«Қазақстан саясаты жан-жақты, жайылған. Бірақ сөзіне құлақ асатын жалпы халықтық көшбасшы бола алатын қарсы жақ алаңның өкілі ретінде нақты бір де бір саяси ұйым, партия немесе қоғамдық қозғалыс жоқ», дей келе, Досым Сәтпаев: «Оппозиция арасында бытырау, бөлінушілік бар екенін билік көріп отыр. Сайлау кезінде билікке қауіп төндіретін біріккен саяси күш пайда болады деп ойламаймын. Егер қандай да бір наразылық өтсе, ол жергілікті деңгейде ғана өтеді деп есептеймін», –деді саясаттанушы.

Ал осындай митингілерді ұйымдастыруы мүмкін дейтін биліктің өз ішінде саяси күштер бар ма деген сұрағымызға: «Күмәнім бар. Себебі, қазіргі элита ішінде президент тірі тұрып, өздігінен арандату арқылы қандай да бір «ойын» ұйымдастырады деп ойламаймын. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев саяси сахнадан бір жолата кеткенде саяси элитадағы белгілі бір тұлғалар билікке талас үшін арандату арқылы қоғамдағы белгілі бір күшті пайдаланып, қоғамда тұрақсыздық орнату арқылы «көрпені өзіне тартқысы келуі» мүмкін», -деді Досым Сәтпаев.

Еске салсақ, үстіміздегі жылы 1 мамыр күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жүздеген адам рұқсат етілмеген наразылық шарасына шықты. Олар 9 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға байкот жариялауға шақырған. Митингке қатысқандарды полиция ұстап әкетті.

Мамырдың 6 күні Оралда қала тұрғыны ештеңе жазылмаған бос плакат ұстап алаңға шыққан еді, полиция ұстап әкетіп, жарты сағаттан кейін босатқан.

Оралда бос плакат ұстаған жігітті полиция ұстап әкетіп, плакатқа бірдеңе жазуын сұраған (видео)

21 сәуірде Алматы марафоны кезінде Шындықтан қашып құтылмайсың!”; “Әділ сайлау үшін”; “Менің таңдауым бар” деген жазуы бар баннер жайып, ұстағандары үшін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековты сот 15 күнге қамау туралы шешім шығарған. Сосын олар мерзімінен бұрын босап шықты.

Ал бүгін Қазақстанның Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 9 мамырда заңсыз митингке қатысуға үгіттеу жүріп жатқандығын хабарлап, заңсыз митингілерге шықпауды ескертті. Ол құқық бұзушылыққа кінәлілер заң алдында қатаң жауап беретінін мәлімдеп, үндеу жариялады.

Бас прокуратура заңсыз митингіге шықпауды ескертті: “Кінәлілер заң алдында қатаң жауап беретін болады”

Балжан Жеңісқызы, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.