13-09-22 |
370 рет қаралған
Елдегі инфляция 16%-дан асып кетті.
Елдегі инфляция 16%-дан асып кетті

Тамыз айының қорытындысы бойынша, елімізде жылдық инфляция 16%-тен асып кетті. Азық-түлік өнімдерінің қымбаттауы 20,8% – ға жетті. Бұл туралы үкімет отырысында айтылды, деп жазады inbusiness.kz.

«Қазақстандағы инфляцияның айлық динамикасы орташа жылдық мәннен асып, әлі де жоғары болып отыр. Елдегі инфляцияның өсуіне азық-түлік бағасының өсуі үлкен үлес қосуда», – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.
Оның айтуынша, азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуі 20,8%-ға жетті.

Азық-түлік емес инфляция да импорттық тауарлардың қымбаттауына байланысты 15,5%-ға дейін өсті.

«Ақылы қызметтер инфляциясы 10,1%-ға жетті. 2022 жылғы 1 шілдеге дейін тарифтерді көтеруге мораторийдің аяқталуына байланысты барлық өңірлерде монополист-кәсіпорындардың қызметтеріне тарифтер өзгерді. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша, жаңартылған болжамдарға сәйкес, инфляция 16-18% деңгейінде күтіледі, бұл біздің алдыңғы бағаларымыздан жоғары және нақты инфляция, фискалдық Импульс және инфляцияның тұрақты компоненттерінің жеделдеуі күтілгеннен жоғары болуымен байланысты», – деп атап өтті төраға орынбасары.

Ол 5 қыркүйекте Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,5% деңгейінде сақтағанын еске салды. Орта мерзімді перспективада сыртқы бағалардың күтілетін төмендеуі, РФ-да инфляцияның баяулауы ішкі сұранысты фискалдық ынталандырумен нивелирленеді, деп есептейді Баймағамбетов.

«2023 жылы инфляция 7,5-9,5%, 2024 жылы – 5,5-7,5% деңгейінде болжануда», – деп түйіндеді ол.

Ал үкімет басшысы Әлихан Смайылов өңір әкімдіктері мен мемлекеттік органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерінің өндірісін ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.