02-03-23 |
520 рет қаралған
Елордада «Qazaqstan barysy Grand Slam» жарысы өтеді.
Елордада «Qazaqstan barysy Grand Slam» жарысы өтеді

Халықаралық дзюдо федерациясының (International Judo Federation, IJF) бас директоры Влад Маринеску сенбі күні ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловпен және Қазақстанның дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевпен биыл жазда Қазақстанның елордасында Grand Slam әлемдік сериясының кезеңін өткізу мәселелерін талқылады.

Ағымдағы жылдың ақпан айында осы спорт түрінен ҚР Ұлттық федерациясы IJF федерациясымен бірлесіп, 2023-2026 жылдары Grand Slam жыл сайынғы сериясының 12 кезеңінің біреуін Қазақстанда өткізу туралы төртжылдық келісімшартты бекітті. Аталған турнир әлемдік дзюдода мәртебесі тұрғысынан планетарлық біріншіліктен кейін екінші орында, жеңімпаздар мен жүлдегерлер бұл кезеңде әлемдік рейтінгте көтерілуге ұпайлар жинап, спроттық төртжылдықтың басты оқиғасы – Жазғы Олимпиада Ойындарына жолдама алады.

Қазақстанда жоспарланған төрт турнирдің біріншісі ағымдағы жылдың маусымында Астанада ұйымдастырылып, Qazaqstan barysy Grand Slam атанған жарыста планетаның ең мықты дзюдошылары өзара бақ сынап, 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадаға қатысуға рейтингтік ұпайлар жинайды: өз салмақ дәрежелеріндегі жеңімпаздар 1000 баллдан алса, ал күміс жүлдегерлер 700, үшінші орынды иеленгендер 500 ұпайдан қанжығасына байлайды. Одан кейінгі жылдары қазақстандық кезең 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиадаға іріктеудің бір бөлігі болмақ.
«Менің сапарымның басты мақсаты – бұл турнирді ел үшін де, жаһандық тұрғыдан да барынша тиімді ету жолдарын талқылау»,- дейді Маринеску мырза. – Бірнеше жыл қатарынан біздің спорт түрінің үздік өкілдерінің тұрақты түрде осында өнер көрсетіп, шеберліктерін паш етуі және жастардың дзюдоға қызығушылығын арттыруы, сонымен қатар жергілікті атлеттерді үздіксіз шыңдалуға ынталандыруымен Қазақстан үшін маңызды. Осы тұрғыда Grand Slam кезеңдері әлемнің 190 мемлекетінде көрсетіліп, сондай-ақ еліңізде туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде дзюдоның ұлттық ферерациясының президенті Қуанышбек Есекеев ресми мәліметтер бойынша қазіргі кезде осы спорт түрімен Қазақстанда 85 мың адам шұғылданатынын, ал ересектер мен жасөспірімдер және жастар арасында жыл сайынғы республикалық чемпионаттар Қазақстанның әр түпкірінен 10 мыңнан астам адамды жинайтынын атап өтті. Дегенмен республика бойынша жастарды қамту мүмкіндігінің әлдеқайда зор екендігіне, алдағы төрт жылда елде тұрақты өткізілетін ірі халықаралық додалар оны толықтай жүзеге асыруға септігін тигізетініне федерация мамандары сенімді.

«Grand Slam сериясы кезеңдерінде ерекше әсер қалдырарлық бір дәстүр бар: әр кезең шеңберінде құрылып жұмыс істейтін халықаралық жаттығу лагерлерін атап айтқым келеді», – дейді Есекеев мырза. – Аталған лагерлерде жас атлеттер осы спорт түрінің ең танымал өкілдерімен бірге жаттығып, жақсысын үйренуге, олармен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Қазақстанда біз осы ұстанымды қолданамыз: бірнеше жыл бұрын Алматыда дзюдо Академиясы ашылды, онда жастар ұлттық құраманың спортшылары, Grand Slam, Олимпиадаға қатысушыларымен бірге жаттығады. Бұл жас жігіттердің татамиге шығуына жақсы мүмкіндік», – дейді ол.

Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов елімізде бұрын дзюдо бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды бірнеше рет өткізгенін еске салды: Гран-при, Masters сериасындағы турнирлер, Азия чемпионаты, ер адамдар мен әйелдер арасындағы әлем Чемпионаты, сондай-ақ кадеттер арасындағы планетарлық біріншілік. Оның айтуынша Qazaqstan barysy Grand Slam барлық төрт жылда ең жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтеді.

«Қазақстандағы дзюдодан алғашқы Grand Slam жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Біздің басты басымдығымыз — бұқаралық спорт және салауатты өмір салтын насихаттау. Бұқаралық спортты насихаттау – ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі. Жастар спортпен белсенді айналысатын жерлерде ғана нағыз чемпиондар бапталып шығады. Спорт сонымен қатар балалардың дені сау және табысты тұлға болып қалыптасуына мықты қазық болатын мүмкіндік деп айтуға болады. Әрине, отандастарымыздың жеңістері де ең күшті ынталандыру тетігі», – дейді Асхат Оралов.

2010 жылы Гран-При сериясы турнирін өткізу кезінде біздің елге келген IJF бас директоры қазақстандық кезеңнің халықаралық күнтізбеге оралуына шын көңілінен қуанышты екенін айтып жауап қайтарды.

«Қазақстанда өзімді үйдегідей сезінемін: 2010 жылы біз мұнда дзюдо бойынша әр түрлі жарыстарды ұйымдастыруды талқылаған едік және мен сол кезде қазақстандықтардың спортқа деген сүйіспеншілігін байқаған едім, – дейді Маринеску мырза. – Дзюдо әлемінде Қазақстан жаһандық деңгейде ең мықты ұлт деп қабылданады, Қазақстанның әлемдік турға оралуы – бұл үлкен жетістік, елде спорт түрін дамытуға қомақты үлес қосатын маңызды оқиға: сізде дзюдо мектебі әрқашанда мықты болған, қазіргі таңда мұнда әлемге танымал сарапшылар бапкерлер ретінде жұмыс істейді – осының барлығы адам ресурстарымен қоса халықаралық деңгейде зор табысқа жеткізетін елдегі атлеттер қатарының толығуына септігін тигізеді», деп түйіндеді сөзін ол.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.