19-10-22 |
580 рет қаралған
Эстония парламенті Ресейді «терроризмге демеуші ел» деп таныды.
Эстония парламенті Ресейді «терроризмге демеуші ел» деп таныды

Эстония парламенті Ресейді «терроризмге демеуші мемлекет» деп таныды. 18 қазанда Эстония парламентіндегі 88 депутаттың барлығы резолюцияны қолдап дауыс берді. Қаулы парламент сайтында жарияланды.

Эстония парламенті құжатта Ресейдің Украинаға басып кіргенін, азаматтық нысандарға шабуылын, бейбіт тұрғындарды өлтіруін, Украинаның оккупацияланған аймақтарын аннексиялап алғанын сынға алған. Бұған қоса, эстониялық депутаттар Ресейді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен шығаруды талап етті.

«Путин режимі ядролық қарумен қоқаң-лоқы көрсету арқылы Ресейді Еуропа мен әлемге ең қауіпті елге айналдырды» деп жазылған резолюцияда.

Эстония парламенті халықаралық қауымдастықты да осыған ұқсас декларация қабылдауға шақырды, деп жазды Азаттық радиосы.

Бұған дейін Литва мен Латвия парламенті Ресейді «терроризмге демеуші ел» деп танитын резолюция қабылдаған еді.

Ресей Украинадағы азаматтық нысандар мен инфраструктураларға шабуылды жоққа шығарып келеді. 23-27 қыркүйекте Ресей Украинадағы оккупацияланған аумақтарда псевдореферендум өткізіп, бұл территорияларды өзіне қосып алған.

Украина мен Батыс елдері референдум нәтижесін мойындамайтын, Ресей аннексия үшін жауап беретінін мәлімдеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.