14-09-22 |
360 рет қаралған
Конституциялық Кеңес Президент өтініші бойынша шешім қабылдады.
Конституциялық Кеңес Президент өтініші бойынша шешім қабылдады

Конституциялық Кеңес Республика Президентінің өтініші бойынша шешім қабылдады. Бұл туралы Конституциялық Кеңестің сайтында жарияланды.

«Конституциялық Кеңес Республика Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтініші бойынша шешім қабылдады», – делінген Конституциялық Кеңес хабарламасында.

Заң жобасы Конституцияда Республика Президентінің бір мәрте жеті жылдық өкілеттік мерзімін белгілеуді, сондай-ақ ел астанасының атауын өзгертуге байланысты Негізгі Заңның 2-бабына түзетулер енгізуді көздейді.

Ұсынылған Заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауының (2022 жылғы 1 қыркүйек) аясында әзірленген.

Заң жобасы Конституцияның 2-бабының 3 және 3-1-тармақтарына, 41-бабының 1-тармағына, 42-бабының 5-тармағына, 71-бабының 1-тармағына және 91-бабының 2-тармағына түзетулер енгізуге, сондай-ақ Негізгі Заңды Республика Президенті лауазымына сайлануды бір мәртемен шектеу мәселелерін регламенттейтін жаңа 94-2-баппен толықтыруға бағытталған.

Конституциялық Кеңес президенттік мандаттың бір мәрте жеті жылдық мерзімін белгілеу биылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда қабылданған мемлекеттік билікті монополизациялауға жол бермеуге бағытталған конституциялық новеллалардың мәніне сәйкес келеді, деп есептейді. Бұл мерзім аталған жоғары лауазымды тұлға лауазымына сайланатын барлық адамдарға тең негізде қолданылатын болады. Онымен Конституциялық Сот судьяларының бір мәрте сегіз жылдық өкілеттік мерзімін анықтау үйлеседі.

Конституцияның 2-бабына енгізілетін өзгерістер Негізгі Заңның 91-бабының 2-тармағында көзделген конституциялық құндылықтардың мәнін қозғамайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 2-тармағын және 91-бабының 3-тармағын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 4-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Төраға Қ.Ә. Мәми, Кеңес мүшелері А.Қ. Дауылбаев, В.А. Малиновский, Р.Ж. Мұқашев, Ә.А. Темірбеков және У. Шапактың қатысуымен өткен ашық отырысында мынадай шешім қабылдады:
1. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, соның ішінде Негізгі Заңның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға, сәйкес деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қорытындысы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
3. Осы қорытынды республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.