31-03-23 |
1610 рет қаралған
Көппартиялық жүйеден үміт көп.
Көппартиялық жүйеден үміт көп

Кезектен тыс Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау кезінде барлық партияларға бірдей мүмкіндік берілді. Өз кезегінде бұл фактор сайлаушылар мен үміткерлердің белсенділігіне жол ашты. Сарапшылар саяси партиялардың дауыс берушілердің назарын аудару үшін қызу өзара пікірталасқа түсуі демократиялық қоғамға тән құбылыс екенін алға тартады.

VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та партиялар сайлауға бірдей жағдай қатысқанын тілге тиек етті.

«Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ…

Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Мәжілістің VIII шақырылымындағы депутаттық корпустың құрамын ұзақ жылдар оппозицияда болған партияның белсенділері толықтырғанына назар аударды.

Бұл орайда Президенттің өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауына туындаған міндеттерге сай «Сайлау туралы» заңға өзгерістердің енгізілуі саяси жүйеге соны серпін бергені анық. Осылайша жаңа партияларды тіркеу ресімі жеңілдеп, тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін азайды. Олардың өңірлердегі мүшелерінің саны 600-ден 200 адамға дейін кемітілді. Бұған дейін партия құру үшін азаматтардың баста-ма¬шыл тобының ең төменгі саны да 1000 азамат болса, ендігі кезек саяси ұйымның жұмысын бастау туралы ұсыныс 700 адам¬ның тарапынан қолдау тапса жеткілікті. Аталған жеңілдіктерді пайдаланып, кезектен тыс Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауы қарсаңында 2 партия тіркелді. Әрі олардың біреуі шекті межені еңсеріп, 6 өкілі Мәжіліс депутаты атанды.

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиядлық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Татьяна Липина пропорционалды-мажоритарлық жүйе партиялардың сайлау алдындағы стратегияларына және сайлаушылардың қатысуына айтарлықтай әсер ететін алға тартты. Оның пікірінше бұл сайлауалды бағдарламаны қоғамның өзекті мәселелеріне қарай бағыттау партияларға ортақ дауыс жинауға, қолдауға ие болуға мүмкіндік береді.

«Аралас сайлау жүйесінің артықшылықтарына сайлаушының енді партияға дауыс беру арқылы белгілі бір саяси бағдарламаға, сондай-ақ өз аймағынан белгілі бір кандидатқа артықшылық беру мүмкіндігі бар екендігі жатады. Осылайша, саяси мүдделердің өкілдігі сақталады және сайлаушының белгілі бір аймақтан сайланған депутатпен байланысы нығаяды. Сонымен қатар, сайлаушылар енді бір мандатты округ бойынша сайланған өз депутатын қайтарып алу мүмкіндігіне ие болады, бұл депутаттар жұмысының тиімділігіне, олардың азаматтар үшін ашықтығы мен қолжетімділігіне оң әсер етуі тиіс» , – деді Татьяна Липина.

Аталған институттың бас сарапшысы Әмина Үрпекова саяси реформалардың кезекті пакеттері көппартиялық жүйенің дамуына серпін береді. Және саяси белсенді азаматтар мен сайлаушылардың арасындағы байланыстың жаңа арнасын жолға қояды. Ең бастысы партиялар арасындағы талас-тартыс Мәжіліс пен бірге мәслихаттардағы депутаттық мандат үшін де жүргізілді.

«Сонымен қатар, саяси партиялар аймақтық деңгейде белсенді түрде алға жылжуға мәжбүр болады, өйткені бір мандатты округтер бойынша сайлау елдің заң шығарушы органында депутаттық креслолар алуға қосымша мүмкіндік береді. Осылайша, 2023 жылғы парламенттік сайлау саяси партиялардың, саяси белсенді азаматтардың қазақстандық сайлаушылармен қарым-қатынасының жаңа жүйесін іске қосады», – деді Әмина Үрпекова.

Қысқасы көппартиялық жүйе саяси белсенділікті арттырып қана қоймай саяси ұйымдар арасындағы өзара бәсекенің дамуының да алғышартына айналмақ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.