03-04-23 |
500 рет қаралған
Қ.Тоқаев: Білім берудің менеджментіне басымдық беріледі.
Қ.Тоқаев: Білім берудің менеджментіне басымдық беріледі

VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қатысты келелі мәселелерге тоқталды.

Рас, соңғы жылдары педагог мәртебесін нығайтып, білім саласын күшейтуге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Бұған дейін педагогика мамандарының еңбекақысы мардымсыз, қағазбастылыққа белшеден батып атқарар жұмыстың да салмағы еселеп артқан болатын. Соңғы жылдары Президент мұғалімдерді басы артық қоғамдық жұмыстарға жекпеуге, қағазбастылықтан арылып, оқушының зейінін ашуға көп көңіл бөліп, білім саласын өркендетуді тиісті орындарға тапсырған болатын.

Мемлекет басшысы бүгін сегізінші сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде білім саласына қатысты қордаланған мәселелерді атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттарына сәтілік, тілеп, ел сенімі ең басты құндылық екенін баса айтты. Білім саласына қатысты сөйлеген сөзінде «Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек. Бұл мәселе менің айрықша назарымда екенін білесіздер. Себебі, Қазақстанның басты байлығы – ол адам. Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бастайды, көшті өрге сүйрейді. Сол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға бөлетін инвестицияның көлемін едәуір көбейтті. Балабақшадағы балаларға деген орын тапшылығы да біртіндеп азайып келеді. Барлық облыста мектеп салу, оны жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бірақ, мұның барлығы жеткіліксіз», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында осы мәселенің түтйкілін түбегейлі шешуді міндеттеп келеді. 2021 жылы халыққа Жолдаған жолдауында 2025 жылға қарай елімізде 1 мың мектеп салынуы тиіс екенін айтқан болатын. Өйткені елімізде мектепте балаларды орынмен және оқу партасымен қамтамасыз етуде тапшылық айтарлықтай сезіліп отыр. Шалғай ауылдарда осыдан 80-70 жыл бұрын салынған меткептерде оқып жатқан балалар бар. Демек, 2025 жылға дейін мұндай мәселені түбегейлі шешу қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай іс өнімді жүргізілетін болса алдағы уақытта балабақша мен мектептердегі орын тапшылығы да азаяды. Әрине 1 мың мектеп салу мемлекеттің бюджетіне де ауыр соғары сөзсіз. Сондықтан да бұл іске инвестор тартып, кәсіпкерлерді де жұмылдыру маңызды. Қазақ балуандары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпоны, Қазақстанның Еңбек Ері әйлігі балуан Жақсылық Үшкемпіров ертеректе: «Қазақстанда алты мың ауыл бар десек, сол алты мың ауылдан шыққан кәсіпкерлер өздерінің туған жеріне туын тігіп, өркендеуіне үлесін қосып, демеушілік танытса, еліміздің гүлденуіне қосқан азаматтық борышы болар еді» деген бір сөзінде. Расында мемлекет салып беруі керек деп қол қусырып қарап отыра беруге де жарамайды. Қалталы кәсіпкерлерді болмаса инвесторларды тартып та мектеп тапшылығын, балабақша жетіспеушілігін оңтайлы шешуге де болады.

«Президенттің Парламент мінберінде айтқан сөзін тыңдадым. Сегізінші сайланған Мәжіліс депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктеп, халықтың сенімін артқан Президентіміз балабақшалардағы орын тапшылығына қатысты да келелі мәселені көтерді. Мен Алматы қаласы, Алатау ауданындағы №153 балабақшада меңгеруші қызметін атқардым. «Зерделі» ықшамауданында ашылған үшінші балабақша бұл. Соған қарамастан жас отбасылар қоныстанған ықшамауданда балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер көп. Демографиялық өсім ұлғайған сайын алдымен балабақша, одан кейін мектептерде орын тапшылығы сезілетіні белгілі. Бүгінгі таңда Бостандық ауданындағы №191 бөбекжай-балабақшасында меңгеруші қызметін атқарамын. Бұл балабақша компанияның қаржылай қолдауымен, демеушілік танытуымен салынған. Заманауй үлгідегі балабақшамыз кең, жарық. Бүлдіршіндердің дамуына, өсіп-жетілуіне қажеттіліктің барлығы бар. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, балабақша, мектеп салу ісіне ірі компаниялар, кәсіпкерлер, атымтай-жомарт азаматтар та атсалысып, қолдау көрсетсе, қаншама балаға шарапат сыйлар еді», –  дейді Мөлдір Нұрбекқызы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда, мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ, негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс» деген ұстанымын толық қуаттаймын дейді Гаухар Жансерке. Алматы облысы, Талғар ауданындағы мектепте мұғалімдік қызмет атқаратын педагог ұстаздарға жасалып жатқан қамқорлық жоғарылаған сайын талап та күшейетіні заңдылық дейді. «Өзіңіз бағамдап қарасаңыз, бұдан бес-алты жыл бұрын мұғалімдердің жалақысы қанша еді. Тым төмен болып еді ғой. Соның салдарынан педагог мәртебесі де құлдырап, арнайы статусы да әлсірей бастады. Бүгінгі таңда шүкіршілік мұғалімдерге деген қоғамның да көзқарасы басқаша. Тіпті педагог мамандығына қызығушылық та күрт артты» дейді химия пәнінің мұғалімі Гаухар Жансерке.
Жасыратыны жоқ, мұғалімдердің жалақысының көтерілуі, әлеуметтік статусының жоғарылауы көп адамның осы мамандыққа деген қызығушылығын арттырды. Нәтижесінде бұрын экономист, заңгер, болмаса фермерлік қызметті дөңгелетушілердің арасынан мұғалім атанғандары да жоқ емес. Бұл оқу сапасына орасан кесірін тигізері сөзсіз. Президент сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде бұл мәселені де қамтып өтті.

Саналы ғұмырының 40 жылға жуық уақытын ағарту саласына арнап, шәкірт тәрбиелеген білікті маман Оңалбек Әуелбеков мемлекет басшысының білімс аласына өзгеріс енгізетін таңдаулы кадрлар резервін құру қажет деген ұсынысын толық қолдайтынын жеткізді. «Біз сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау тұсындағы қиындықтарды, одан бұрынғы кеңестік заман кезеңіндегі тұсау мен шідерлеуді де бастан өткердік. Қазір шүкіршілік педагогтерге деген қамқорлық та, құрмет те жоғары. Талап қылып еңбек етсең, мәртебең де биіктейді, табысың да артады. Сенсеңіз мен бір жылдары туған ауылымда балаларды спортқа, оның ішінде күреске жыл бойы тегін жаттықтырдым. Ата-анадан да, мектептен де айлық сұрағам жоқ. Басты ұстанымым – өз ісімнің маманы екенімді дәлелдеп, оқушыларды білікті балуан дәрежесіне көтеру болды. Балуандарымыз облыстық, республикалық турнирлерде жеңіске жетті. Президент Қ.Тоқаев бүгін Парламентте сөйлеген сөзінде педагог мамандығына өз ісін шебер білетін, ерекше құрметтейтін жандарды қабылдау қажеттігін, мұғалімдік қызметтті кез келген жанға жүктей беруге болмайтынын ескертіп, турасын айтып отыр. «Мұндай қадамға бару ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет. Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті», – деді мемлекет басшысы. Мен кезінде халық ағарту ісінің озық қызметкері деген атақты 29 жасымда алдым. Әрине, бар білімім мен білігімді салып жүріп дайындаған шәкірттерімнің жетістігін бағалап берді. Білім саласына реформа жасайтын, көшті алға сүйрейтін кадрлардың резервін жасау дегенің ағартушылық арнасында үлкен бетбұрыстың болатынын айқындай түседі» дейді Оңалбек Әуелбеков.

Нұрдан Таңқы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.