28-10-22 |
1050 рет қаралған
Қытай Тынық мұхиты аумағын игеруді бастады.
Қытай Тынық мұхиты аумағын игеруді бастады

Қытайда саяси дәстүр бойынша ҚКП-ның ХХ съезі басталғалы бері әлем ақпараты Қытай туралы жарыса жазып жатыр. Съездің жаһан назарын бірден өзіне аударуында бірқанша геостратегиялық себептер жоқ емес. Қытайда жүзеге асырылатын қандайда бір экономикалық, әлеуметтік һәм саяси реформалар мен жаңа саяси концепциялар алыс-жақын алпауыт елдердің осы аймақтағы сыртқы саясатына ықпалын тигізетіні анық. Бұл ретте атап өтерлік жаһандық алпауыт күштер Ресей, АҚШ және Батыс. Сонымен бірге аймақтық державалардан Түркия, Иран және Үндістан мен Пакистан кіреді.

Ұлттық съезде “Тайвань мәселесі” биік мінберде айтылды. Шын мәнісінде Тайвань мәселесі Қытайдың территория тұтастығы масштабынан шығып, аймақтағы ықпалын өлшейтін геостратегиялық мәселеге ауысты. Яғни, Тайвань жақын болашақтағы Қытайдың Тынық мұхит аймағына қарата сыртқы державалық саяси пиғылын көрсететін “экранға” айналады. Нақты айтар болсақ, Тайвань – Қытайдың Тынық мұхит аумағын игерудің бірінші баспалдағы. Жалпы шығыс елдерінде (Қытай, Жапон) бұл үрдіс тарихтан бері сақталған. Екінші Жаһан соғысына дейін аталмыш саясатты Жапония белсенді жүргізді және тұтас Тынық мұхит аумағын өз ықпалына алды. Таяу жылдан бері АҚШ бұл аймақтағы елдердің басын Қытай ықпалына қарсы біріктіре отырып, Пекиннің Оңтүстік Қытай теңіз аймағы арқылы Тынық мұхит аумағында әскери, саяси және экономикалық ықпалын арттыруын “шектеумен” келеді. Соңғы кезде жасақталған AUKUS бірлестігі соның тағы бір жарқын көрінісі. АҚШ-тың бұл аймақ үшін алдағы саяси концепциясы “Азия НАТО”-сын құру екені анық. Бірақ, қазірге Тынық мұхит аумағы елдерінде НАТО деңгейіне дейін ортақ біріге алатын саяси һәм әскери ерік-жігер әлі белсенді емес. Демек, Тайвань мәселесі де бүгін-ертең бірден шешіле қоймайды. Қытай да Тайвань мәселесімен ғана шектеліп қалмайды, жаңа саяси, экономикалық һәм әскери ықпалын жүргізгісі келетін тың аймақтарды қарастырады.

Соңғы бірқанша жылда Қытай шетелде әскери база құру жоспарын біртіндеп жүзеге асырып жатыр. Мысалы, Тәжікстан мен Джибутиді айтуға болады. Тәжікстанның Памир аумағында орналасуы ресми билік Пекин тұрғысынан “Памир концепциясын” жүргізуге ең оңтайлы аймақ саналмақ. Дегенмен, Ресейдің Орталық Азия елдеріндегі ең ірі әскери базасының Тәжікстанда орналасқанын ескерсек, Қытайдың аймақтағы әскери іс-қимылына күдікпен қарауға да негіз бар. Бір қызығы, Пекин әскери іс-қимылдың орнын экономикалық мүддеге айналдырғысы келетінін жасырмайды. Яғни, алдымен “Экономикалық белдеу (коридор) қалыптастыру, сосын оның қауіпсіздігін толық қамтамасыз қылатын әскери қадамдарға мүмкіндік жарату” екенін байқаймыз. Қытайдың Оңтүстік теңіз (Оңтүстік Қытай теңізі) аймағындағы саяси дағдарысы ең алдымен Орталық Азия елдеріне қатты ықпал жасайтыны анық. Сеъзде Қытай басшысы біздің аймақты арнайы тілге тиек етпеді, бірақ, Қытай Теңізі аумағындағы шиеленістер біздің аймақты айналып өтпейтіні белгілі. Меніңше, бұл шиеленістердің біздің аймақ (Орталық Азия) тұрғысынан екі үлкен ерекшелігі болуы мүмкін. Біріншісі, Оңтүстік Қытай Теңізі аумағындағы саяси, экономикалық дағдарыстар Қытайдың экономикалық бағытын Орталық Азия мен Памир аумағына (Тәжікстан мен Пакистан) қарай сырғытады. Яғни, Қытайдың Жібек жолы белдеуіне болған қызығушылығы тіптен арта түседі. Ол үшін Шыңжаң аймағын ресми Пекин “жаңа сапада” қайта құруды басшылыққа алады. Қытай үкіметі Қашқария (Шынжаң) арқылы Пакистан, Тәжікстан және Ауғаныстанға экономикалық дәліз қалыптастыруға тырысып жатыр. Сондай-ақ, аталмыш дәліз арқылы Қытай Орталық және Батыс Азия елдерімен бірге Үнді-Тынық Мұхит аумағына қол жеткізуді көздейді. Украина дағдарысынан кейін Ресейдің осы аймақтағы ықпалының әлсіреу кезеңіне өткенін ескерсек Қытай съезден кейінгі негізгі концепцияға (Тайвань мәселесінен кейінгі) Памир және Орталық Азия елдерін қарастыратынын болжауға болады. Бұл “Шыңжаң мәселесімен” тікелей қатысы бар жаңа саяси платформаларға жол ашады. Қашқарияның географиялық орналасуы бұл күндері Пекиннің аймаққа қарата назарын барынша аударуда. Қашқария қазірдің өзінде Қытайдың негізгі экономикалық концепцияны жүзеге асыратын ашық аймақтың біріне айналып үлгерді. Дейтұрғанмен, Қашқариядағы негізгі аймақтар Қашқар мен Хотанда тұрғылықты ұйғырлардың үлес салмағы саны әлі де болса 90 пайызды сақтап отыр. Осы статистика көрсеткіштері орталық биліктің “ұлт саясатын” жеделдетуіне себеп болуда. Біле білсеңіз, соңғы үш жылда Қытайдың Памир арқылы бұл аймақты “бақылау” жоспары баяулай түскен. Себеп мынау: Жаһандық індеттің өршуі; Аймақтағы саяси тұрақсыздық (Ауғаныстан) және Орталық Азия елдеріндегі билік жүйесінің ауысуы, т.б. Әсіресе, Орталық Азияда біршама тұрақтылық сақтап отырған Қазақстандағы билік жүйесінің “Қаңтар оқиғасы” кезінде тұрақсыздануы, кейбір кланаралық ауыс-түйістердің орнауы Пекин билігінің аймақтағы саясатына ықпал жасауда. Сол себепті Қытай биылғы жыл басынан бері Қазақстанмен аса ірі экономикалық обьектілерді ортақ қолға алуға аса құлық таныта алмай келегенін байқаймыз. Біздегі кезектен тыс презмдент сайлауын жіті бақылап отырған Қытай жақ келесі жылдың аяғына қарай бізге экономикалық ортақ платформаларды ұсынуы әбден мүмкін. Бұл қазақ бизнесмендері үшін Қазақстан-Қытай арасында қалыптасқан кейбір экономикалық вакуумды ұтымды пайдаланудың мүмкіндігі болмақ. Яғни, жақын болашақта Қазақстанда Қытай факторы арқылы жаңа олигархтартар мен кландар пайда болуы ықтимал дегенді білдіреді.

Осы реткі съез Пекин үкіметінің сыртқы саясатына өзгерістер мен толықтырулар әкелуі әбден мүмкін. Бұл оттай қызып тұрған Тайвань мәселесін басқа бағытқа бұруы да ғажап емес. Тіпті, Қытай үшін Тайвань “екінші Украинаға” айналу ықтималдығы бар ма деген сұрақ туындайды. Егер біз Қытайдағы мынадай үш анық проблеманы ескерсек Тайвань мәселесі Си билігі үшін саяси ықпалдастықты тіктеудің жаңа орайы екенін болжай аламыз. Бірінші, бірқанша жылдан бері жиналып қалған ішкі саяси агрессияның барған сайын күшеюі. Екіншісі, саяси кланаралық астыртын талас-тартыстың әлі де сақталуы. Үшіншісі, Оңтүстік Қытай теңіз аймағының жыл өткен сайын стратегиялық қақтығыстар ошағына айналып бара жатуы. Бәріңізге түсінікті болғандай Қытай басшысы Си билік тізгінін алғаннан бері жүргізген саясатына қарата айтылған сындар өте көп. Кланаралық қақтығыстар да жоқ емес. Осы орайда Қытай басшысы ішкі наразылықты “территория тұтастығын қалпына келтіруге” қарай аударып, Тайвань дағдарысын ұтымды пайдалануы мүмкін. Дейтұрғанмен, өңірдегі әскери іс-қимылдың белсенді жүргізілуі Қытайға әсіресе Си билігіне тиімсіз екені, бұған қоса елдің экономикалық, әлеуметтік әлеуетіне тигізер зардабы оңайға соқпайтынын ескергеніміз жөн. Бірақ Ресей-Украин дағдарысын жіті бақылап отырған Пекин билігінің ұлттық съезде дәлме-дәл “Тайвань мәселесін” тілге тиек етуі тегін емес сияқты. Жалпы қазіргі кезде Ресей де, Қытай да ішкі оппозициялық күштердің наразылығын сыртқы ситуацияларға қарай бұрып жіберу жағын жақсы пайдаланып жатыр. Тайвань тақырыбының шиеленісуі Қытай билігінің өңірлік және аймақтық қауіпсіздікті бекемдеу стратегиясын одан сайын нақтылауын жеделдетеді. Съез кезінде “қауіпсіздік мәселесін” жиы қайталауы соның айқын мысалы.

Ресейдің Украинадағы әскери іс-қимылынан соң Мәскеудің Орталық Азия саясаты сәл де болса кідіріс кезеңіне өтуде. Бұл Орталық Азия елдеріне байланысты аймақтық державалардың жаңа бәсекелестігін қалыптастырады. Айталық, Қытай, Түркия және Иран мен Пакистанды атауға болады. Сол себепті Қытай аталмыш аймақтың қауіпсіздігін Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы арқылы өз қарастылығына алғысы келеді. Бұл Пекин билігінің Орталық Азия елдері мен Каспий, Кавказ және Қара теңіз аумақтарына болған қызығушылығын арттырмаса әлсіретпейді. Бір айта кетер жайт, “Шуша декларациясынан” кейін Түркияның Кавказ және Каспий теңізі аймағына болған қызығушылығы артып келеді. Анкараның аймаққа жақындауы Пекиннің сыртқы саясатын Түркиямен жақындататындай көрінуде. Демек әлсіреп бара жатқан Ресейдің орнын басуға құлық танытқан елдер арасында Анкара алда тұруы бек мүмкін. Ресми билік Қытай да Түркиямен ынтымақтастық орнатуы, екі елдің қарым-қатынастарын жаңа деңгейге жеткізу керектігін түсінген сыңай танытуда. Бұл да Түркияның Орталық Азия саясатына ықпал жасайды. Яғни Түркиядағы анти-қытайшыл ұйымдар мен Қытайдың Шыңжаң саясатын сынаушы күштердің белсенділігі дағдарысқа ұшырайды. Қазірдің өзінде Түркияда НАТО мен ШЫҰ туралы пікірталас артып келеді. Кейбір сарапшылар Түркияның алдағы уақытта НАТО-дан бөлек Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) қарай жақындайтынын болжап айтуда. Иранның ШЫҰ-на мүше болуы және Түркияның аталмыш ұйым концепциясына қызығушылық танытуы Ресейдің аймақтағы саясатына жақын келешекте әсерін тигізеді. Орталық Азия елдеріндегі ұлттық жаңа жаңғырулар мен Ресейге қарсы азаматтық белсенділік Қытай мен Түркияның өңірдегі саясатына жаңа мүмкіндік жасап бермек. Яғни, Қытай билігі Қазақстандағы ұлтшылдық пиғылды пайдалануға тырысады. Елдегі Ресейшіл басымдықтың әлсіреуі аймақтық державалардың назарын барынша Орталық Азия елдеріне аудара түседі. Бірақ Мәскеу біздің аймақты өз уысынан шығармау үшін экономикалық, қауіпсіздік және энергетика салалары бойынша ортақ саяси құндылықтарын тықпалайтыны сөзссіз. Сонымен қатар аймақтағы пантүрікшілдікті де назардан тыс қалдырмайды және оны өз мүддесіне оңтайлы пайдалану жағын қарастырады. Батыспен ушыққан саяси-әскери қақтығыстар Ресейдің сыртқы саясатын шығыстық саяси құндылықтарға қарай жақындата түседі. Бұл евразияшылдық концепцияны қайта жаңғыртуы мүмкін деген сөз. Аймақтағы пантүрікшілдіктің жаңғыруына Қытайдың сыртқы саясатына да мүдделі көрінеді. 2021 жылдың 13 қарашасында Ыстанбұлда бас қосқан Түркі Мемлекеттері Ұйымы елдерінің ұйым атауы мен қызметін қайта жаңғыртып құруын Қытай ақпараты ерекше талқылады. Аталмыш ұйым туралы ең қызығы Қытайда екі түрлі пікір қалыптасты. Әуелгі пікір бойынша бұл ұйым Қытайдың аймақтағы потенциялының артуына жол ашады, Қытай билігі Түркі Мемлекеттері Ұйымын барынша Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясында пайдалануға тырысады. Екінші қалыптасқан пікір бойынша бұл ұйым Қытайдың Шыңжаң және Орталық Азия саясатына оң әсерін тигізбейді, керісінше өңірлерде аймақтық пантүрікшілдіктің өршуіне және Шыңжаңдағы аз ұлттарға ықпалын тигізеді.

Қыл қысқасы Пекинде өткен Ұлттық съез Қытайдың алдағы сыртқы саясатын айқындап беретінін көрсетеді. Съезде Қытай төрағасы кейбір аймақтарды (жоғарда біз айтып өткен) тілге алмаса да оған ықпалын тигізетін стратегиялық аймақтарды көрсетіп берді. Оңтүстік Қытай теңізі дағдарысы Қытайдың Орталық Азия саясатына тіке ықпал етуші маңызды аумақ екенін білгеніміз дұрыс. Тайвань мәселесінің съез мінберінде айтылуы және жаңа саяси концепцияның бекемделуі т.б. маңызды баяндамалар Қытайдың жаңа стратегиялық дағдарыстарға дөп келгендігін көрсетеді. Аталмыш съез бір жағынан Қытайдың саяси, әлеуметтік және экономикалық әлеуетін нығайту болғанымен, тағы бір жағынан Пекиннің стратегиялық маңызы аса зор аймақтардағы державалық саясатын да айқындап жатқанын көрсетеді.

Елдес ОРДА

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.