10-08-23 |
1830 рет қаралған
Әрбір үшінші қазақстандықтың интернет сапасына көңілі толмайды.
Әрбір үшінші қазақстандықтың интернет сапасына көңілі толмайды

Елдегі интернет пайдаланушылар үлесі жыл санап өсіп келеді. Data Reportal сайтының 2023 ж. басындағы деректеріне сәйкес елімізде 17,73 млн. интернет пайдаланушы тіркелген. Ол дегеніміз жалпы халықтың 90,9%, ал 2022 ж. басында бұл көрсеткіш 85,9% құрады, яғни 16,41 млн. пайдаланушы болды.

Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері ел тұрғындарының соңғы жылдары интернет сапасына деген наразылығы өсіп жатқанын көрсетеді.
Қоғамдық саясат институтының маусым айында жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес қазақстандықтардың 35,4% интернеттің сапасына, ал 29,7% телефон және мобильді байланыс сапасына көңілдері толмайды. 2021 жылдың қараша айында бұл көрсеткіштер сәйкесінше 24,1% және 21,3% болған.

Интернет сапасына көбіне ауыл тұрғындары қанағаттанбай отыр – 40,6% (қалалықтар арасында – 32,1%). ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жыл басындағы есебіне сәйкес қазіргі таңда елдегі ауылдардың 22,7% жуығы мобильді интернетсіз отыр.

Интернет сапасына көңілдері толмайтын өңірлердің көшін Алматы, Жамбыл, Ақмола, ШҚО және Ақтөбе облыстары бастап тұр. Ал Интернеттің қолжетімсіздігіне Шымкент қ., Абай, Қостанай, ШҚО, Маңғыстау облыстарының тұрғындары көбірек шағымданған.

Speedtest Global Index-тің а.ж. маусым айындағы рейтингі бойынша Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша бір жыл ішінде 14 орынға көтеріліп 140 елдің ішінен 68 орынға тұрақтады (орташа жүктеу жылдамдығы 34,07 мбит/с.). Посткеңестік елдерден бізден жоғары тұрғандар тек Латвия (36 орын) мен Әзірбайжан (59). Ал кабельді кең жолақты интернет бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 94 орында (орташа жүктеу жылдамдығы 44,94 мбит/с.). Бізден жоғары елдер – Молдова (34 орын), Ресей (56), Латвия (62), Эстония (65), Украина (68), Моңғолия (73), Қырғызстан (84), Өзбекстан (85).

Британдық cabel.co.uk сайты әлем елдеріндегі мобильді интернет бағасын салыстыру арқылы жыл сайын Worldwide mobile data pricing атты рейтинг жариялайды. 2022 ж. деректер бойынша елімізде 1 Гб мобильді интернеттің құны 177,22 тг. құрады, бұл 233 елдің ішінде 16 орын, бізден бір саты жоғары тұрған Өзбекстанда – 177,21 тг. (15 орын). Салыстырмалы түрде Ресейде 1 ГБ үшін 229,91 тг. (30 орын), Молдовада 124,53 тг. (8), Қырғызстанда 81,42 тг. (6).

Қазақстандағы мобильді операторлардың ең арзан тарифтерінің бағасын саралайтын болсақ адам басына шаққанда орташа құны айына 3 208 тг. құрайды, немесе ең төменгі жалақының 4,5% (ең төменгі жалақы 70 000 тг.). Ал кабельді интернеттің орташа құны айына 4 813 тг. Осылайша үш адамнан тұратын отбасы үшін интернетке кететін шығын айына кем дегенде 14 500 тг., төрт мүшесі бар отбасы үшін – 18 000 тг, ал үлкен отбасылар үшін одан да көп болады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.