Бүгін Ресей президенті Владимир Путин мен Белоруссия президенті Александр Лукашенко Сочи қаласында кездеседі. Аталған кездесу Беларус билігінің журналист Роман Протасевичті жолаушылар ұшағынан күштеп түсіріп алғаннан кейін өтейін деп отыр. Сарапшылардың айтуынша, қос елдің басшыларының кездесуі Белоруссияның Ресейге тәуелділігін одан сайын арттырады. Ал Минскінің Мәскеуге жұтылып кетуі Қазақ еліне қалай әсер етеді?
Журналист Роман Протасевичтің тұтқындалуы әлемдік қауымдастықтың наразылығын тудырды. Осы оқиғадан кейін саясаткер Светлана Тихановская бастаған демократиялық күштер халықты жаппай наразылық шарасына шақыруда. Ал Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили Александр Лукашенконың алдында екі таңдау тұрғанын айтады. Оның бірі қызметтен өз еркімен кету болса, екіншісі – Тәуелсіздікті Ресейге беру.
Сарапшы Жұмабек Сарабековтың айтуынша, Қазақ елі ұшақ дауына орай бейтарап саясат ұстануы керек. Сондай-ақ ол мұндай геосаяси ойында әркімнің өз шындығы бар екенін ескертті.
«Батыс мемлекеттері құқық бұзушылық болды деп Лукашенконың жолаушылар ұшағын күштеп қондырғанын заңсыз деп айыптайды. Алайда 2013 жылы Боливияның президенті Эво Моралестің ұшағы Австралияның Вена қаласында күштеп қондырылған болатын. Өйткені Америка билігі президенттің ұшағында Эдвард Сноуденді бар деп ойлады. Сондай-ақ 2016 жылы Украина билігі Киевтегі әуежайға Белоруссияның ұшағын күштеп қондырды. Укриана билігі аталған ұшақтағы өздерін аяусыз сынап жүрген азаматты күштеп түсіріп алған еді. Алысқа бармай-ақ соңғы 10 жылдың ішінде ұшақты күштеп қондырып, қарсыласты тұтқындау пратикасы болған.
Бір сөзбен айтқанда бұл жерде геосаяси күрес жүріп жатқанын аңғаруға болады. Жалпы геосаяси күрес бұған дейін де болған және алдағы уақытта да бола береді. Сондықтан бұл жерде Қазақ елінің ең оңтайлы ұстанымы тараптарды келіссөздерге шақыру деп білемін. Бірақ бұл жерде қандай да бір тарапқа болысудың қажеті жоқ. Себебі геосаяси ойында әркімнің өз шындығы бар», – дейді сарапшы.
Ал саясаттанушы Асхат Қасенғали «Егер Белоруссия Ресейге жұтылып кетсе, келесі қауіп Қазақ еліне төнуі мүмкін» деген пікірде. Алайда ол бұл деген Белорусиядан кейін Қазақстан Ресейге жұтылып кетеді деген сөз емес екенін ескертті.
«Бірақ Кремль Лукашенкомен арадағы мәселені бір жола шешіп алса, онда өзге мемлекеттерге мойын бұрады. Сондықтан Белоруссиядағы жағдай демократиялық жолмен яғни Ресейге жұтылып кетпейтіндей шешілгені жөн. Қазіргі таңда Белоруссия Батыс елдері тарапынан біржола оқшаулап жатыр. Бұған әрине ең біріншіден Александр Лукашенконың жүргізіп отырған солақай саясаты әсер етті. Осының салдарынан Минск Батыс елдерінің экономикалық және саяси қолдауынан айырылып қалды. Мысалы соңғы екі жылда АҚШ пен Батыс елдері арадағы ондаған жылдардағы салқындықтан кейін Белоруссияда өзінің дипломатиялық елшілігін ашқып еді. Сондай-ақ АҚШ «Ресейдің мұнайынан бас тартсаң, біз саған оны өзіміз береміз» деп қара алтын берді. Осындай жылы қарым-қатынастар соңғы президент сайлауынан кейін сап тыйылды. Журналисті ұшақтан түсіріп алып, тұтқындау арқылы Лукашенко қызыл сызықтан өтіп кетті.
Халықаралық қауымдастық Белоруссияның әрекетін терроролық әрекет деп бағалап жатыр. Өйткені Лукашенко Батыс елдерімен арадағы көпірді өз қолымен өртеп жіберді. Міне осыдан кейін Минсктің Ресейге тәуелділігі артады.
Бұған дейін Лукашенко Мәскеуге барып, Путиннен 500 млн және 1 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы алды. Белоруссияның Мәскеуге тәуелділігінің артуы Кремльдің күшеюуіне әсер етеді. Қазақ елінің көпвекторлы саясатты ұстанып тұруы үшін бізге Мәскеудің күшейгені дұрыс емес. Біз үшін Белоруссияның толыққанды Ресейге тәуелді болуы тиімсіз. Сондықтан да ондағы жағдай халықтың талап-тілегіне орай шешілгені дұрыс деп санаймын», – дейді ол.
– Ұшақ дауынан кейін Лукашенко Ресейдің қол астына біржола өтіп кетуі мүмкін бе?
– Ресей мен Белоруссия одақтас ел жобасы аясында жол картасын жасаған болатын. Аталған жоба әлеуметтік, экономикалық және медицияналық тұрғыдан бірігуді қолдайды. Тіпті аталған жоба аясында ортақ парламент құру мен ортақ валюта енгізу мәселесі қарастырылған. Сондай-ақ екі елдің арасында «ортақ шекараны алып тастаймыз» деген жоспарлар бар. Белоруссиядағы соңғы президент сайлауынан кейін Путин одақтас ел деген тұжырымдаманы барынша тереңдетуге күш салып отыр. Ертең Путин мен Лукашенко Сочи қаласында кездеседі. Менің ойымша, аталған кездесуде Путин одақтас мемлекет деген жобаны жылдамдату керек деп айтуы мүмкін. Ал Лукашенконың Белоруссияны Ресейге қосудан басқа жолы жоқ. Мәселен 2025 немесе 2030 жылдарға дейін қос мемлекет бірігіп кетсе таңғалмаймын. Лукашенко өз режимін сақтағысы келсе, сондай қадамға барады.
– Яғни Лукашенко биліктен кетпейді…
– Биліктен өз еркімен кететін адам қолына автомат ұстап, халықтың төбесінде ұшақпен ұшып жүрмейді. Оның биліктен кетуі осы уақытқа дейін жинаған байлағынан айрылуға жол ашады. Сондықтан да ол биліктен оңайлықпен кетпейді. Қазіргі таңда Светлана Тихановская жалпыұлттық митинг ұйымдастыратынын айтып жатыр. Бірақ былтырғы президенттік сайлаудан кейінгі деңгейдегі толқулар болады деп ойламаймын. Өйткені 25 наурыз күні Тихановская халықты наразылыққа шақырған болатын. Алайда екі ай бойы дайындалған митингке халық әлдеқайда аз келді.
– Путин билікте тұрғанда Лукашенконы ешкім биліктен аластата алмайды. Солай ма?
– Иә. Путин Лукашенко режимінің кепілі болып отыр. Сондай-ақ оның Орталық Азяидағы Тәжікстан секілді елдердің кепілі екенін естен шығармаған жөн. Егер Путин биліктен кетсе, сөзсіз Лукашенкода қуылады. Бірақ Путин 2030 жылға дейін биліктен кетпейді.
– 2030 жылға жетпей халық Путинді революция арқылы биліктен қуып жіберкуі мүмкін емес пе? Мәселен Батыстың экономикалық санкциялары халықты ашындырып жібереді деп ойламайсыз ба?
– Менің ойымша, Ресейде халықтық толқулар болғанымен революция оты тұтанбайды. Себебі Путин режимі біз қанша сынасақ та, әскери жағынан қуатты болып тұр. Мұны біз қыста өткен толқуларда көрдік және Ресей жылдам арада әскери қимылдарды өткізе алатын қабілетке ие екенін аңғартты. Мәселен екі аптаның ішінде 180 мыңға жуық әскерді елдің қиырынан батысына яғни Украинаның шекарасына апара алды.
Көшеге 1-2 миллион, тіпті 5 миллион адам шықса да, Путиннің режимі нық тұра беретіне сенімдімін. Тосынан ауырып қалып, өз ажалымен өмірден өтіп кетпесе Ресейді басқара береді.
Серік Жолдасбай
-
06.11.2024
-
06.11.2024
-
06.11.2024
-
06.11.2024
-
06.11.2024
-
06.11.2024
-
06.11.2024
-
06.11.2024
-
06.11.2024