23-04-23 |
1180 рет қаралған
«Шұбар індеттен» қалай арыламыз?.
«Шұбар індеттен» қалай арыламыз?

“Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды”, деп Қадыр Мырзаәлі айтқандай, тіл – ұлттың тірегі, халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағы. Тіл – халқымыздың ұлттық коды.

Тәуелсіздік алған уақыттан бері қоғамда әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан мәселелер бар. Соның бір – тіл мәселесі. Тілін, дінін ұмытқан ұлттың болашағы бұлыңғыр болары мәлім. Жырымен жұртын оятқан Мағжан Жұмабайұлы: «…Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарты – тілінің болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын, сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ”, – деп тіліміз туралы тереңінен айтады.

Өз елімізде тұрып, шағын дүкендерден ана тілімізде нан сұрай алмауымыз, тәуелсіз мемлекет болсақ та, әлі де отарлы мемлекет секілді Ресей мемлекетінің тілімен сөйлеуімізден ұлттық тіліміздің төмендігін аңғара аламыз. Тіл құрметтейтін ел ретінде алдымен, ана тілімізді біліп, орыс және ағылшын тілдерін белгілі бір мақсатымыз үшін қолдануымыз қажет. “Үштұғырлы тіл” саясаты еліміздің бәсекеге қабілеттілігі үшін енгізілді. Оның мақсаты орыс, ағылшын тілдерін үйреніп, ұлттық тілімізді тереңге көму емес. «Өз тілің – бірлік үшін, өзге – тіл тірлік үшін» дегендей, өзге тілдерді меңгеру ол тек қана өзіңді жетілдіру, тірлігің үшін ғана қажет болып тұр…

Тіл мәселесінде сонымен қатар заман дамыды деп тіл шұбарлануы да артуда. Мәселен, оған дәлел – бәріміздің тыңдап жүрген әндеріміздің жартысы қазақша, ортасы орыс не ағылшын тілдерінде айтылуы. Сонымен қатар, айналамыздағы күнделікті көріп жүрген сауда орталықтарының атауы орыс, не ағылшын тілдерінде болуы. Міне, осы сынды мысалдар қазақ тіліміздің қолданылу аясы тарыла түсуде екенінің көрінісі.

Ұлттық тілімізді жандандыру үшін не істеуіміз керек? Мемлекеттік тілімізге сүйіспеншілік пен құрметпен қарауымыз керек. Ұлттық тіліміз мемлекетіміздің барлық аумағында, барлық саласында кеңінен қолданылуы тиіс. Тіл тазалығын сақтауымыз қажет. Яғни, ана тіліміздегі сөздерді басқа сөздермен шұбарламаған дұрыс. Сонымен қатар, қай ұлт өкілі болсын, бізге өз тілінде сөйлесе біз жауабымызды сол халықтың тілінде қайтармауымыз қажет. Мәселен, бізге орысша не болмаса өзбекше сөйлесе, біз солардың тілімен жауап берсек, бұл біздің ана тілімізді құрметтемейтініміздің сипаты деп ойлаймын. Ойланып қарайықшы, неліктен біз өз мемлекетімізде тұрып, өзге ұлт өкілдерінің тілінде сөйлеуіміз қажет? Егер де басқа мемлекеттерге барып өз тілімізде сөйлесек, олар біздің тілде жауап қайтара ма?

Дербес мемлекетімізде бола тұра, қай ұлт өкілімен жолығып қалсақ, сол халықтың тілімен сөйлеп кетеміз. Ал шет елдерге барсақ, неге сол халықтың тілін меңгеріп баруымыз қажет? Біз секілді олар да біздің тілде сөйлеу қажет емес пе? Мұндағы айтайын дегенім, кез келген жерде, қай ұлт өкілі болса да, тек мемлекеттік тілімізде сөйлеуіміз керек. Біз осылай құлдық құрықтан құтылмай жүре берсек, қанша жерден заң болса да, ұлттық тілімізді дамыта алмаймыз. Өз мемлекетімізде тұрып, сол тілді екінші орынға ысырып, басқа тілде сөйлеуге міндетті емеспіз. Басқа ұлт өкілдері Қазақстан мемлекетінде тұрып жатыр ма, қазақ тілін білуге міндетті. Сонымен қоса, италиялық жиһангез, қазіргі заман кәсіпкері Реналью Гаспириннің: ”Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – қазақтар”, деп баға беруі намысқа тиерлік пікір болды. “Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту”, деп Бауыржан Момышұлы айтқандай тілімізді құрметтеу, тілімізге сүйіспеншілікпен қарау, мемлекеттің мәртебесіне айналдыру бұл біздің парызымыз деп білемін.

Қорытындылай келе айтарымыз, ана тіліміздің қазіргі жағдайы күрделі мәселе екенін сезінеміз. Қазіргі таңда ұлттық тіліміздің қолданыста дегені тек сөз жүзінде ғана болып бара жатқаны қынжылтады. Кезінде Міржақып Дулатұлы “Оян, Қазақ!” деп айтып кеткендей, қазақ қайта оянатын күн туды. Біз осылай тіл тазалығымызды сақтамай жүре берер болсақ, тілімізден де мемлекетімізден де айырылып, қайтадан отар мемлекетке айналу қаупі зор. Сондықтан замандастарымды оянуға, ана тілімізді құрметтеп, тіл тазалығын сақтауға шақырамын. Ұлттық тіліміздің айбынын асқақтатып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерейік, төменге түскен төл тілімізді төрге сүйрейік, «шұбар індеттен» жазылайық. Қазақ елі мәңгілік жасасын!

Аида Сынасап
М.Нәрікбаев КАЗГЮУ
университетінің 1-курс студенті

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.