31-03-23 |
430 рет қаралған
Тамараға күйінесің, Надеждаға сүйінесің.
Тамараға күйінесің, Надеждаға сүйінесің

Кеше әнұран орындалғанда Тамара орнынан тұрмай, елдің ашуына тисе, бүгін депутат Надежда жиналыстарды қазақ тілінде өткізейік деп сүйсіндірді.

Парламент қабырғасында орындалған әнұранға тік тұрып құрмет көрсетпеген «Власть» интернет журналының тілшісі Тамара Вааль мен журналист Ирина Севостьянованың басы дауға қалған еді. Әлеуметтік желіде елдің бәрі әнұранды тік тұрып тыңдағанда, екі журналистің шұқшиып ноутбуктарына қарап отырған видеосы тараған еді.

Көпшілік еліміздегі орыс этносы мемлекеттік рәміздеріміз бен тілімізді мойындағысы келмейді деп ашуға бұлыққан еді. Артынша «Власть» интернет журналы тілшілерінің әрекетін құптамайтынын айтып ақталды.

Бұл дау суымай жатып Петропавлда өздерін «Халық кеңесі» деп жариялаған сепаратистердің Қазақстаннан іргесін аулақ ұстағысы келеті жөніндегі мәлімдемесі жарияланып үлгерді. Тараған ақпараттарға қарағанда, 19 наурызда Солтүстік Қазақстанда әлдебір 19 адам жиналып, «Халық кеңесі» құрылғанын жария етіп, тіпті оның «жарғысын» жобасын, «декларациясын» қабылдап, төрағасы мен хатшылығында сайлап тастаған.

Артынша жікшілдердің үстінен іс қозғалғаны айтылып, оны Бас прокуратура өз бақылауына алғаны бегілі болды.

Еліміздің тұтастығына қауіп төндіретін бұл жайт әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Кейбірі солтүстікке көшті үдету қажеттігін айтса, тағы бірі бұл арнайы қызмет өкілдерінің жіберген қателігі, бұндай жағдайға жол бермей алдын алу керек еді деп жатыр.

Мұндай жайттар еліміздегі орыс этностарына деген керағар көңіл күйді тудыратыны белгілі. Дегенмен, олардың арасында да еліміз үшін адал қызмет етіп, тіліміз бен салт-дәстүрлерімізді дәріптеп жүргендер жетерлік. Бүгін Өскемен қаласының депутаты Надежда Шушаникова алдағы сессияларды мемлекеттік тілде өткізсек деген өтініш білдірді.

«Қазақ тілі маманы әрі тіл жанашыры ретінде келесі сессияларды қазақша өткізіп тұрсақ деймін. Түсінбей жатқандарға өзім көмектесемін», – деді депутат Шушаникова.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.