15-03-23 |
630 рет қаралған
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – ел ертеңінің кепілі.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – ел ертеңінің кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы жылы жасаған саяси реформалары еліміздің өркендеу жолына нық қадам басқанын айқындай түседі. Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуы, өркендеуіне әркім де тиісті үлесін қосуы тиіс дегенді баса айтқан болатын. Президенттің жасаған саяси реформаларының бірінде ұлттық қордағы қаражаттың белгілі бір мөлшерін балалардың есепшотына аудару жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру 2024 жылдың қаңтары айынан басталады.

2022 жылдың қыркүйек айында «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталатын Жолдауында Президент Қ.Тоқаев: «Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аудары¬лып тұрады, оны мерзімінен бұрын есеп¬шоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды жүктеймін» деген болатын.

Былтырғы жылдың желтоқсан айында өткен үкіметтің кеңейтілген алқа мәжілісінде Президент ұлттық қорға жиналатын инвестициялық табыстың жарты бөлігі еліміздегі балалардың есепшотына аударылатынын қайыра айтқан-ды. Десе де ұлттық қордағы қаражат мөлшері басқа елдердің қаржы қорының көлемімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Осыны меңзеген Қ.Тоқаев Ұлттық банк төрағасына үкіметпен тізе қоса отырып, ұлттық қорды басқарудың тетігін дамытуды тапсырған болатын. Үкіметтің кеңейтілген жиынында Мемлекет басшысы ұлттық қордың жұмысын жүргізіп отырған органның басқару механизмі көңіл көншітпейтінін, Сингапурде ұлттық қорының жылдық табысы 6,4 пайыз, Норвегияда қордың кірісі 7,5 пайыз екенін ескертіп, алдағы 7 жылдың ішінде Ұлттық қор активтерін 100 миллиард АҚШ долларына жеткізу қажеттігін тапсырған еді. Дамыған елдердің ұлттық қорындағы қаражаттың кірісім қанша екенін президент бекер ескертіп отырған жоқ. Өйткені соңғы 10 жылдың ішінде біздің Ұлттық қордағы қаржымыздың кіріс көлемі 1,6 пайызға әзер жетті. Мемлекет басшысының азырақ ақша жұмсап, көбірек табыс табу қажет деген қағидасы бүгінгі күнде өзекті болып отыр. Президент Сингапур мен Норвегияның бекер мысал еткен жоқ. Даму қарқыны жөнінен Азияның жолбарысы саналатын Сингапурде де, Норвегияда да балаға салынатын капитал өте жоғары.

«Мемлекет басшысының былтырғы жылы халыққа жолдауында айтылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының өміршең болуын тілеймін. Мен көпбалалы анамын. Аллаға шүкіршілік, өмірге жеті бала әкеліп өсіріп тәрбиелеп келе жатырмыз. Қыздарымызыдң алды жоғары оқу орнын тәмамдап, еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүр. Шүкіршілік дейміз, мектеп тәмамдаған балаларымыздың төртеуі де білім грантына ие болды. Әрине, өзінің білімімен, тынбай тер төгіп ізденудің нәтижесі. Биыл бесінші баламыз 11-сыныпта оқиды. Ауылда тұрғандықтан ақылы негізде әзірлейтін орталықтар жоқ. Сол себепті де Алматы қаласына жіберіп ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жүргізіп жатырмыз. Кейбір ата-аналар бар, бір емес, екі баласын ақылы оқытады. Қалтасына аз салмақ емес бұл. Президенттің ұлттық қордан балаларға инвестиция бөлуді тапсырып, келесі жылдан бастап жүзеге асырылатынын құптаймын», – дейді Алтын алқа иегері, көп балалы ана Тұрсынгүл Текебай.

«Рас, біз біріккен Араб Әмірлігіндей балаларымыздың болашағы үшін қаржы бөле алмаймыз, оған экономикалық әлеуетіміз де көтермейді. Арабтарда өмір есігін ашқан әр баланың атынан есепшот ашылады. Мұнайы мен газынан түскен пайданың белгілі бір мөлшері аударылып отырады да, бала кәмілкеттік жасқа толғанда есепшотында 100 мың АҚШ доллары мөлшерінде қаражат жиналып тұрады. Қызығы біріккен Араб Әмірлігінің кейбір тұрғыны мемлекет тарапынан берілетін осындай орасан жеңілдіктерді, атаулы әлеуметтік көмек түрлерін қажет етпейді де. Неге? Өйткені табысы тым жоғары, оған мұқтаж да емес. Біз мұндай дәрежеге жете алмасымыз белгілі. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында айтып, жүзеге асырған саяси реформасының бірі «Ұлттық қор – балаларға» өте ілкімді бағдарлама дер едім. Әрине әр баланың өзіне деп бұйыратын несібесі яғни 18 жасқа толғанша Ұлттық қордың инвестициялауынан түсетін қаржы есебінен жиналады. Тым қомақты болмаса да бір қажетіне жарайтын қаражат сақталады», – дейді экономист Жарқын Нақыпов.

Экономист мысал еткен біріккен Араб Әмірлігінде жаңадан оту құрған жастарға тіпті несие де беріледі, балалы болғанда әлгі рәсімдеген несие жойлады. Өйткені жас отбасы мемлекеттің келешегін кемел ететін өмірге ұрпақ әкеліп отыр. Азияны қоя тұрып, Еуропаның үлісін мысал етсек, Ирландия билігі әр туған балаға бір реттік көмек ретінде 2500 доллар аударады, әрі жеті жасқа толғанша ай сайын 150 доллар жәрдемақы тағы төлейді. Мұның барлығы да мемлекеттің келешегі үшін жүзеге асырылып жатқан қыруар жұмыс.

«Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығының» директоры Гүлнұр Кәрімқажы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының тиімділігі өте жоғары деп санайды. «Өзіңіз білесіз, жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқу жыл сайын қымбаттап барады. Білім грантына іліне алмаған студент ақылы бөлімге түссе, өзінің қорында жиналған қаражатпен біраз шығын жабатыны анық. Дер кезінде көтерілген бастама деп қабылдаймын», – дейді орталық директоры.

Мемлекет басшысының былтырғы жылы жасаған саяси реформасының бірі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру өрісін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүргізеді. Бұлай болатын себебі елімізде шоттарды ашу жұмыстарын жүргізуге қажетті техникалық мүмкіндігі жоғары бірыңғай есепке алудың инфрақұрылымдық орталығы да осы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.

Нұрдан Таңқы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.