30-03-23 |
370 рет қаралған
Ұтымды ұсыныстар мен өміршең идеяларға мүмкіндік береді.
Ұтымды ұсыныстар мен өміршең идеяларға мүмкіндік береді

Қаңтар айында қоғаммен кері байланыс орнатудың платформасы ретінде «Quryltai» мобильді қосымшасының іске қосылғаны мәлім. Алдағы уақытта бұл қосымшаға азаматтар тарапынан түскен ең өзекті мәселелер Ұлттық құрылтайдың күн тәртібіне қойылады. Бұл мемлекет дамуындағы азаматтық қоғамның рөлін одан әрі нығайта түспек.

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әлішер Тастеновтің айтуынша, бұл тетік жаңа экономикалық, саяси жағдайлар тезінде мемлекет дамуының тиімділігін арттыру қабілетіне ие ұтымды ұсыныстар мен өміршең идеялар ортаға салуға мүмкіндік береді.

– Қарапайым азаматтардың тарапынан түскен бұл ұсыныстар Жаңа Қазақстанның құрылысында шешуші мәнге ие, – деді Әлішер Тастенов.

Еске сала кету керек, өткен жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін таратып, оның орнына Ұлттық құрылтай құруды ұсынды.

Өз кезегінде 3 жылға жуық уақыт ішінде Ұлттық кеңес өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқара білді. Кеңес мүшелерінің бастамасымен 100-ден астам нормативтік-құқықтық акті қабылданып, заңмен бекітілді. Атап айтқанда бейбіт жиындарды өткізу тәртібі түзелді. Заң шығарушы және жергілікті өкілдік органдарға сайлану кезінде партиялық тізімдерге әйелдер мен жастардың арнайы квотасы енгізілді. Соған сай тізімінің 30 пайызы тиісті санаттағы тұлғалардан жасақталды. Сондай-ақ партияларды тіркеу қағидасы жеңілдеді. Бұл бастамалар былтыр қолданысқа енгізілген «Сайлау туралы» заңмен бекітілді. Аталған заңға сай сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» бағаны енгізілді. Сайлаушылар өткен жылғы қараша айындағы Президент сайлауында дәл осындай бюллетенмен дауыс беріп, өз таңдауын жасады. 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі қолданысқа енгізілді. Алғашқы жылдың өзінде 800-ге жуық ауыл әкімі сайланды.

Кеңесте талқыланған тағы бір өзекті мәселеге байланысты өлім жазасына тыйым салынып, құқықтық гуманизм қағидаты бекітілді. Кейіннен бұл ұсыныстар Констиуция енгізілген түзетулер мен толықтыруларда көрініс тауып, ең қатаң жазаны қолдануға мүлдем тыйым салынды. Есесіне балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткендерге қатысты жаза күшейді.

Осынау игі істерге ұйытқы болған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрылған Ұлттық құрылтайдың тұңғыш отырысы маусым айында ұлт ұясы Ұлытауда өтті. Ұлттық құрылтайдың тұңғыш жиынында Президент Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Бұл ұсыныс Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан қолдау тауып, былтырғы 25 қазанда араға біршама жыл үзіліс салып, Республика күні тойланды. Осылайша Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұйытқы болуымен Тәуелсіздік Декларациясы қабылданған күн айрықша мәртебеге ие болды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.