27-09-22 |
590 рет қаралған
Жалақыны көтеруді талап еткен күзетшілер жұмыстарын тоқтатты.
Жалақыны көтеруді талап еткен күзетшілер жұмыстарын тоқтатты

Атыраулық «KMG Security» компаниясының қызметкерлері жалақыларының көтерілуін талап етуде. 30 күзетші сұраныс орындалмаса жұмысты жалғастырмайтындарын айтады, деп жазды BAQ.KZ.

Өңірдегі ірі мұнай компанияларын күзететін қызметкерлер осы уақытқа дейін 80 мың теңгеге күн көріп келген. Алайда мұндай еңбекақы отбасын асырауға жеткіліксіз дейді олар.

«Осы уақытқа дейін аз жалақыға өмір сүріп келдік. Қазір мүмкін емес. Көрші елдегі ахуалға қатысты мүлде қиындап кетті. Арамызда пәтер жалдап жүргендер көп. Бізге жұмыстарың көңілден шықпаса, кете берсеңдер болады дейді. Азық-түліктің бағасы аспандап тұр. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ», – дейді Эльдар Есжанов.

Наразылықтарын бұған дейін де бірнеше мәрте білдірген азаматтарға мекеме басшылығы жалақыны 50 пайызға көтеремін деп сөз берген екен. Алайда 4 ай бұрын болған жоспар құр сөз жүзінде қалған.

«Біз 30 күн бойы тынбастан еңбек етіп, адал жолмен тапқан табысымызды ғана сұраймыз. Бұған дейін де бізге бірнеше рет уәде берілген. Бірақ ешқандай жағдай жасалмайды. Басқа баратын жеріміз жоқ», – дейді күзетші Рауан Ибатолла.

Қызметкерлердің базынасынан бүгін ғана хабардар болған сыңай танытқан «KMG Security» компаниясы Атырау облыстық филиалының директоры проблеманы жақын арада шешетінін айтты.

«Кеше қажетті құжатқа қол қойылды. Қызметкерлерге барлық жағдай түсіндірілді. Жалақыны 50 пайызға көтеретін болдық. Мамандарды арнайы әлеуметтік пакеттермен қамту да жоспарда бар», – дейді компания басшысы Серік Мұқажанов.

Шарасыз азаматтар жалақының көтерілетініне әлі де сенбейді. Сол себепті проблема бірыңғайланып, тиісті жағдай жасалмаса қызметті жалғастырмаймыз деп бекініп отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.