17-08-22 |
1820 рет қаралған
Жекеменшік мектептер білім саласындағы олқылықтың орнын толтыра ала ма?.
Жекеменшік мектептер білім саласындағы олқылықтың орнын толтыра ала ма?

Елімізде жекеменшік мектептердің саны артып барады. Мұнда екі ұшты сұрақ туындайды. Алғашқысы, ата-аналар мемлекеттік мектептерге қарағанда жекеменшік мектептерге көбірек сенім арта ма? Әлде ақылы мектептердің білімі тегін білімнен артық па? Жеке мектептердің білім мазмұны мен сабақ беру тәсілінде қандай ерекшеліктер бар?

Forbes журналының мәліметінше, 2021 жылдың сәуіріндегі дерек бойынша, елімізде 7440 мемлекеттік мектеп бар. Онда 3 миллионнан астам оқушы оқиды. Бірақ осындай цифрға қарамастан республика бойынша 225 мыңға жуық оқушыға білім алатын орын тапшы. Орын тапшылығы мәселесін шешудің бір жолы – жеке меншік мектептер. Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда 271 жекеменшік мектеп бар. Алматыда олардың саны 70-ке, ал Нұр-Сұлтанда – 40-қа жуықтаған.

JOO High School директоры Нұрғали Елшібектің айтуынша, жекеменшік мектептер тек орын тапшылығы проблемасын ғана шешпейді. Білім берудің сапасын көтеруге бағытталған халықаралық үздік тәжірибелер мен стандарттарды бірінші көп енгізуге жеке мектептер жақсы көмектесе алады. Жеке мектептердің ерекшеліктері өте көп. Ең бірінше, олар бәсекелестік жағдайында жұмыс істейтіндіктен, білім сапасын жақсартуға, заман талабына сай өзгеріс, жаңа модельдер енгізіп, үнемі дамуға көп көңіл бөлінеді. Ата-ана да баласының білімі үшін ақы төлеп отырған соң, жоғары жауапкершілікті сезінеді. Бала да, мектеп те дәл солай.

Жеке мектептер мемлекеттік бағдарламамен сабақ береді, пәндері мен сабақ бөлінісі де ұқсас.Алайда, бағдарлама мазмұны мен педагогиканың жаңа форматына байланысты қызық идеялар ұсына алады. Білім беру саласында жаңа өзгерістер, ұсыныстар, жаңа модельдерді енгізуде мүмкіндік көп. Пәндердің мазмұнында академиялық еркіндік болады. Оқушыларға барлық пәнді оқуға міндеттемей, өздері таңдап алатындай жағдай жасалады. Бұл білім беру жүйесіне еркіндік әкеледі. Себебі, оқушыларға өз қалауын айтуына мүмкіндік береді. Бала өз қалауы бойынша мамандық таңдайды.

Мысалы JOO High School мысал ретінде алсақ, мектеп тек білім берумен шектелмей, баланың өмірлік машықтар мен дағдылар алып шығуына мол мүмкіндік жасайды. «Мен шетелде жүргенде білім берудің әр түрлі бағдарламаларын көрдім. Бірақ бәріне ортақ ұқсастық – оқушының санасын ояту. Біз осы стандартты өзімізге құндылық етіп алдық. Яғни, мақсатымыз – оқушыға таңдау бере отырып, оның саналы азамат, толыққанды тұлға болуына ықпал ету. Оқушы пәндерді, тақырыптарды, бағдарлама деңгейін өзі таңдай алады. Сонда ол өзінің үлгерімі мен мінез-құлқына сай таңдау жасай отырып, өз өмірі үшін жауапкершілікті сезінеді. Баға мен мұғалімнен қорыққаны үшін оқу деген болмайды. Жеке меншік мектепте бала көп оқушының бірі ретінде жалпылама білім алмайды. Өзіне керек пәндерді тереңдетіп оқытамыз. ҰБТ-ға кірмейтін пәндерді жоба ретінде үйретеміз. Оның өз әдістемесі бар. Яғни белгілі бір тақырып бойынша қалай мағлұмат жинауды, кейс талдау үйренеді. Бұл дағдылар тек университетте ғана емес, баланың бүкіл өміріне азық болады. Тіпті бизнес ашса да, бұл машықтар көмектеседі», -дейді Нұрғали Елшібек.

Ата-ана таңдау жасағанда сапалы білімге және оқу бағасына көңіл бөлетіні сөзсіз. Еліміздегі жекеменшік мектептер ұсынатын баға диапазоны әртүрлі. Аймақтық жерде айлық оқу құны 50 000 теңгеден басталады. Ал, Алматы, Нұр-Сұлтан мегаполистерінде жылына бірнеше миллион теңгеден асып жығылады. Алайда, мектептердің тиімділігін, баға мен сапа сәйкестігін өлшейтін белгілі бір өлшем жоқ. ҰБТ, емтихан немесе тест қорытындысы бойынша бағалау мүмкін емес. Себебі, оқушының жетістігі мұғаліміне немесе репетиторына байланысты екенін түсіну қиын.

Десе де, мектепті бағалау көрсеткіші ретінде жаңа технологияны қолдану маңызды. Қазіргі ақпараттық технологиялар заманын туылған балаларды тақырыпқа қызықтырудың бірден-бір жолы digital форматтағы дүниелер. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы Нұрғали Елшібек:

«Біздің мектеп гибридті форматта білім береді. Яғни, тек офлайн форматта мұғалімнің дәрісін тыңдау қазір аздық етеді. Біз ҰБТ-да тапсыратын пәндерді офлайн және JОО.kz платформасының көмегімен қосымша онлайн оқытамыз. «Қайталау– білім анасы» демекші, сабақта алған білімін платформада қайталап, қосымша тапсырмалар орындайды. JОО.kz базасындағы digital ақпараттар тез қабылданады. Ал, оның цифрлы бағалау жүйесі балалардың үлгерімін объективті бағалап, жасанды интеллекті қай тақырыптар бойынша кенже қалғанын анықтауға көмектеседі. Соған қарап мұғалім қосымша түсіндіреді. Бұл адаптивті әдіс деп аталады».

Еліміздегі урбанизация және демографиялық өсім процесстеріне байланысты 2025 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы миллионға жетеді деген болжам бар. Қазірдің өзінде өңірлердегі үш ауысымды мектептер проблемасы әлі шешілмеген. Демек, жекеменшік мектептер мемлекетке осы мәселені шешуге көмек көрсетіп жатыр деген сөз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.