Жаңаның бәрі жаңғырған ескі дейтін сөз бар. Ел ішінде жұртқа сөзі өтімді, елге белгілі тұлғалар ба. Олардың әр сөзін жұрт талқылап, пікір айтып жатады. Әрине, әркімнің өз сөзі өзінікі. Деседе тұлғалардың айтарын, жан сырын оқырманға ұсынып отыру баспасөздің баяғыдан келе жатқан айнымас дәстүрі. Осыны басшылыққа ала отырып, arasha.kz белгілі сатирик, журналист Ермахан Шайхыұлының әр кезде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті тұлғаларымен және олардың асыл жарлары, өскен ұрпағымен жасаған сұхбаттар сериясын жариялауды бастап отыр.
Бүгін жарияланып отырған сұхбат «Асыл арна» телеарнасының бас директоры, айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабекпен осыдан екі жыл бұрын болған әңгіме. Кезінде сұхбаттың қысқартылған нұсқасы «Айқын» газетінде жарық көрген. Төменде Мұхамеджан Тазабек пен Ермахан Шайхыұлының арасындағы әңгіменің толық нұсқасын беріп отырмыз. Алда тағы белгілі мәдениет және әдебиет қайраткерлерінің Ермахан Шайхыұлына берген сұхбаттарын жариялатын боламыз. Әр сұхбат арнаулы айдармен жарық көреді. Оқырман әрбір сұхбаттан тағылымды ой, тың пікір түйеді деп сенеміз.
arasha.kz
Мұхамеджан Тазабек, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры:
Ел түзелсін десең, өзіңнен баста
– Өзіңіз басқарып отырған «Асыл арна» телеарнасының эфирге шыға бастағанына келесі жылы он жыл толады. Осы уақыт аралығындағы қол жеткізген табыстарыңыз көзіқарақты көрерменнің көз алдында. Алдағы жоба-жоспарларыңызбен, негізгі жаңалықтарыңызбен таныстыра кетсеңіз.
– Телеарна – ақпарат құралы болғандықтан, заман үрдісінен қалуға әсте болмайды. Рухани һәм технологиялық тұрғыдан әрдайым алдыңғы қатарда болуың керек. Құзырлы мемлекеттік мекемелер тарапынан «Асыл арнаға» ағартушылық миссия жүктелгендіктен, осы бағыттағы шаруаларымыз да шаш-етектен. Сол себепті, қабілет-қарым, шама-шарқымызша, көрпемізге қарай көсіле отырып, әртүрлі жоба-жоспарлар дайындап жатырмыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да біздің эфир арқылы біраз жоба жарыққа шықты. Жақында ғана «Асыл арнаға» арнайы келген Дін және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев мырза басқаратын министрлікпен, Серікбай қажы Ораз хазіретіміздің жетекшілігіндегі Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе атқарылатын тағы да бірнеше жобаның жалауы көтеріліп дайын тұр.
Осы руханият саласы бойынша әлемдік деңгейде жұмыс істеп жатқан телеарналармен қарым-қатынас орнатып, алыс-беріс жасап, тәжірибе алмасуды бастадық. Соның бірі ретінде, Малайзияның «Хижрат» телеарнасымен мәмілеге келгенімізді айтуға болады. Контент алмасу, мамандардың оқу-тәжірибе бөлісу тағылымдамасы басталды. Сонымен бірге былтырдан бері бауырлас Түркияның да шығармашылық бірлестіктерімен қарым-қатынасымыз жақсарып келеді. Биыл 22 наурызда мемлекеттік ТRТ телеарнасымен ортақ меморандумға қол қойылды. Білесіздер, ТRТ – ондаған телеарна мен радиолардың, интернет басылымдардың басын біріктірген алып медиақұрылым. «Асыл арнаның» оншақты қызметкері – телеоператорлар, журналистер, продюсерлер осы TRT ұйымдастырған тренинг, семинарларға – Анкара, Стамбұл, Анталия қалаларында болып, тәжірибе алмасып қайтты. Жоғарыда айтқан «Хижретпен» келісімшарттағыдай, бейнеөнімдер алмасу процесі де басталды. Түріктің тәжірибелі телемамандары, біздің циклды бағдарламамыз – «Тәлім Trend»-ті жоғары бағалап, алдағы уақытта TRT Avaz эфирінен күллі түркітілдес халықтарға ұсынбақшы.
Одан бөлек, жақында БАӘ Қазақстандағы елшісі бізді арнайы шақырып, біріккен әмірліктердегі ақпараттық корпорациялармен, медиа орталықтармен байналыс орнатуды ұсынды. Бұл елмен де жаңа рухани һәм ақпараттық қарым-қатынастар орнайды деп сенеміз.
– Осы уақытқа дейін неше кино мен сериалдар түсірдіңіздер?
– «Асыл арна» ашылған оншақты жылдың ішінде «Дода», «Шабдалы», «Сергелдең», «Шатқал», «Кеш емес…» атты көркем фильмдерді жарыққа шығардық. «Көке», «Бір келіншек», «Үлкен үй» телехикаяларын таспаладық. Көрермендер, әсіресе «Үлкен үйді» көп сұрайды. Үш маусымы кейінгі екі жылда эфирге шықты. Қазір төртінші сезоны эфирден өтіп жатыр. Егер рейтинг жоғары боп, көрермен тарапынан қызығушылық байқалса, бесінші маусымына да «бісміллә» деп кірісетін шығармыз…
– Өзіңіздің басшылығыңызбен түсірілген «Шатқал» фильмі кинотеатрларда көрсетіліп, көрермен қауымның көңілінен шықты. Мұндай мән-мазмұны терең, тәлім-тәрбиелік маңызы зор туындының желісін қайдан алдыңыздар?
– «Шатқал» фильміндегі сюжет – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадисінде айтылған оқиға ғой. Шығармашылық топ қазіргі заманғы оқиғамен өрбітіп, заманауи жағдайда түсірдік. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) заманында сапарға шыққан адамдар жаңбырдан ықтасын іздеп, таудың қуысына кіріп отырған кезде, үлкен тас жылжып кеп, әлгі үңгірдің аузын жауып қалады. Сөйтіп, әлгі үш пенде адам аяғы баспайтын тау қуысында қалып қояды. Шығуға үміт жоқ. Сонда, әлгі үшеудің ішіндегі білімдісі «Алла құлдарын жәрдемсіз қалдырмайды. Раббымыздың разылығы үшін жасаған амалдарымыз болса, соны ортаға салып, дұға қылайық. Бәлкім, сонда құдіреті күшті Алла көмектесер» дейді. Сөйтіп, үшеуі бастан өткен үш жағдайды айтып өтеді…
Өзіңіз айтқандай, дүйім халық, мұқым елдің жүрегіне жылы тиіп, талай адамдар тағылым алған туынды болды. Осы фильмді көргеннен кейін Бас мүфтиміз де «Қаншама мұсылман елдерін аралап жүрсем де хадисті дәл мынандай заманауи тілмен жеткізген фильмді алғаш рет көріп тұрмын» деп өте жоғары баға берді.
– Отбасы және ұлттық құндылықтар дегеніміз не? Оларды тиісті деңгейде насихаттап жүрміз бе? Жетпей жатқан тұстары қайсы?
– Меніңше, кез келген ұлттық құндылықтың бастауы отбасында жатыр. Ұлтқа пайдалы әрбір қасиет отбасында қалыптасады. Елді құртатын, дамуын тежейтін жаман қасиеттер де отбасынан өрбиді. Кезінде қазақ жерінде ұзақ мерзімге кісі қамайтын түрме болмағандығының, қазақ үйіне құлып салуды әдетке айналдырмауының үлкен себебі – бізде адам бойындағы проблеманы қинау арқылы емес, ағартушылық жолмен шешудің институттары қалыптасқан еді. Қазір қаншама адам қамалып, жазаланып, айыпқа жығылып жатқан шығар, бірақ қылмыс күрт азайып жатқан жоқ.
Мәселен, екі үйдің баласы болады делік. Біреуі баласына: «Мә, мына бір уыс кәмпитті ал да, көршінің балаларымен бөлісіп же, велосипедіңді жалғыз теппе, қасыңдағы досың да мінсін» немесе «әткеншекте жалғыз ойнай берме, өзгелерге де мүмкіндік бер» деп көпшіл болуға, дүниесін өзгелермен бөлісуге, эгоист болмауға тәрбиелейді. Ал екіншісі:«Мына бір уыс кәмпитті сыртқа шықпай жеп ал, әйтпесе, көршінің балалары талайды» немесе «балам, ана велосипедіңді неге оған мінгізіп қойғансың, ол – сенікі ғой» деп «ақыл» айтады. Осы екі бала да ертең-ақ есейеді. Жолы болса, лауазымға қолы жетеді. Сол кезде бірінші бала қолындағы қаражатты көптің қамына жұмсайды. Ал эгоист боп өскені – елдің жағдайын шешуге тырыспайды. Қызметін қарақан бас қамы үшін пайдаланады. Яғни, алаяқ шенеунік аспаннан жаумайды. Отбасындағы тәрбиеден қалыптасып, өсіп шықты. Ендеше, ұлтты артқа тартатын немесе алға сүйрейтін бір қасиет немесе кемшілік көрсек, түбірі отбасында жатыр. «Егер де бір адамның проблемасын көрсең, себебін балалық шағынан ізде» дейді психологтар.
Дөңгелектеп айтар болсақ, «Асыл арнаның» бар насихаттап отырғаны да осы – ел түзетуді отбасыңнан баста. Мемлекеттің кішкентай бөлшектері – жанұялар берекелі болса, сөз жоқ мемлекет те күшейеді.
Бас мүжитін адам бар, ақыл айтатын ақсақал жоқ
– Ұлттық идеологияның негізі – сол ұлттық құндылықтардан құралмай ма? Ал оның қазіргі хал-күйі қалай? Оны жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс?
– Біз – ұлттық құндылықтарға бай халықпыз. Бірақ бірінші кезекте біреудің көңілінен шығуды емес, өзімізді ретке келтіруді ойлайтын кезеңде өмір сүріп жатырмыз деп ойлаймын. Мәселен, Батыстан қалғымыз келмей, жыртық шалбар киіп, мағынасыз музыка тыңдап, қасиетсіз шарап ішіп, оны өміріміздің өзегіне айналдырсақ – өзіміздің қандай халық екенімізді түсінбегеніміз. Тарихқа зер салсақ, қазақ – жеген тамағы, ішкен сусыны, айтқан әңгімесі, салған әні, табиғатқа, жаратылысқа деген көзқарасы өте бекзат, парасатты халық болғанын аңғарар едік. Кейінгі 200 – 300 жыл отар болғанмен, құл боп кеткен жоқ екенбіз. Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сондықтан бейбітшіліктің әр секунд, минутына шүкір дей отырып, әр алға басқан қадамдарымызға қанағат етуіміз қажет. Қазір тым ұрандап кетуімізге де болмайды. Бір орында тұрып қалуға да тиіс емеспіз. Алға жылжи беруіміз керек. Бірақ дабырламай, ұрысып-керіспей, таласып-тартыспай дамуымыз керек.
Жетіспейтін нәрсе не? Қазір тойда бата беріп, бас мүжитін жасы үлкен адам бар. Бірақ араздасқан екі жақты отырғызып қойып, ақыл айтатын ақсақал жоқ. Айғайшы кемпір бар, күллі келіндерге үлгі әже жоқ. Отбасын асырап жүрген әке бар. Бірақ әулет тәрбиесіне жауап беретін тұлға жоқ. Бала туып, асты-үстін тазалайтын шеше бар. Бірақ ұл-қыздарының жүрегіне үңіліп, сырласатын ана жоқ. Өйткені кеңестік кезеңдегі «бір тамағым, бір төсегім» деген уақыт жаншып жіберді.
Жазушылар одағындағы қаламгерлер құрылтайын алайықшы. «Ұлтқа ұйытқы болады» деген тұлғаларымыз бірінің бетін бірі жыртқандай бейәдеп сөйлеп, осқырынып нашар мінез көрсетті. Бұл – өте ұят көрініс. Ұйытқыларымыздың түрі осындай болса, ұюы керек адамдардан не сұрағандаймыз?! «Ет сасыса, тұз себеді. Тұз сасыса, не себеді?».
Біздің ең басты құндылығымыз – адам емес пе еді?! Конституция бойынша да солай ғой. Адам ардақты болмай, адамның жасы құрметті болмай, қоғамдағы орны мен еңбегі лайықты бағасын алмай, ел – ел болушы ма еді? Онда біз кімді құрметтейміз, кімді қастер тұтамыз? Ақсақалды – ақсақал күйінде, президентті – президент күйінде, биді – би күйінде сыйлай білуіміз қажет. Қазақ тіпті он баласы болса, тұңғышын – ыстығым, кенжесін – тәттім, ортаншысын – ортан жілігім деп әрқайсысын тиісті деңгейде бағалап, хақын берген халық. Ал қазір өз әке-шешесін ренжітіп, бір қарынға сыйған бауырымен кең дүниеге сыйыспай жүрген пенделерді көріп жүрміз. Сондықтан экономикалық тұрғыдан да, тіпті техникалық тұрғыдан да дамимыз десек, оның арғы жағында тұрған адамның қадірін білу деген қасиет керек. Өйткені осы дүниенің бәрі не үшін? Адамның қауіпсіз, бейбіт өмірі үшін. Адамның ішкі дүниесі, яғни, жүрегі тыныш, көңілі шат болып жүруі үшін ғой. Ал енді, біз материалдық игіліктерге немесе батыстағы сияқты экономикалық жетістіктерге ит құшақтап жүріп жетсек не болғаны?
Мың жыл бұрын да он тауықты бір қораз қуып жүріп басқарған. Мың жыл бұрын да тырналар аталықтың соңынан сап түзеп ұшқан. Мың жыл бұрын да бір үйірді бір айғыр шайнап қайырған. Мың жыл бұрын солай болған, қазір де солай. Адам ше? Қол астындағы шаңырағына қам жемейтін, қатынын қызғанбайтын, «қызы үйде – қылығы интернетте» екеніне алаңдамайтын сырақарын еркектер заманына тап келдік. Қоқысқа бала лақтырған да хайуан емес, адам ғой. Жер сатылуына қатысты қалай уайымдасақ, сол жердің үстін мекен еткен халықтың сапасын солай уайымдауымыз керек-ақ.
– Рамазан айы да ортасынан ауып бара жатыр. Қадари-хәлінше Алла разылығын көздеп аузын бекіткен қазақтың қарасы мол ғой. Ораза жайлы тағы нені біліп-ескеруіміз қажет?
– Рамазан – адам баласының азғынның жетектеуінен тысқары, яғни, өзімен-өзі боп ойлануына мүмкіндік беретін ай. Мені Құдай не үшін жаратты? Өмірге не үшін келдік? Ертең қайда барамыз? Мыңдаған жылдар бойы бір әрпі өзгермеген Құран Рамазан айында түсті. Неге түсті? Оның мақсаты не еді? Сол Құранды адамзат баласына алып келген ұлы Елші Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың адамзатқа бірінші айтқысы келгені не? Ол тек қана сөзімен насихаттады ма? Жоқ, әлде бүкіл бітім-болмысымен көрсетті ме? Міне, осы нәрселер жөнінде ойланатын ай. Рамазан айы тек қана «Ауызашарда не тамақ жейміз?», «Тарауықты қай мешітке барып оқысам тез бітірем?» немесе «кім пітір-садақаны көп береді?» дейтін ай емес.
Рамазан – ақ пен қараны ажыратушы, туралық пен қисықтықты бізге көрсетіп беруші Құран түскен ай дедік қой. Осы айда ғұлама ғалымдар бәрін жинастырып қойып, Құранға көңіл бөледі екен. Құранды көп оқиды екен. Өйткені Құранды Рамазанда оқымасақ, басқа қай айда айрықша көңіл бөліппіз? Рамазан кешке дейін қарнымыздың ашқан-ашпағандығымен есте қалмауы керек. Құраннан қанша парақ оқыдық? Осы айда қалай рухани кемелденеміз? Нені түсінбей жүр едік? Нені түсіндік? Осы сұрақтар тұрғысынан өзгеріс болатын ай. Жыл сайын табиғат жаңғырып отырады. Жылан да үстіндегі терісін ауыстырады. Бүкіл ағаштар жапырағын төгеді. Ал адам баласының жаңғырып, өзгеретін айы қайсы? Әрине, Рамазан айы. Осы айда сіздің тамақ ішу үрдісіңіз де өзгереді. Жатып-тұру уақытыңыз да өзгереді. Бұл айда көп ғибратты әңгіме естуге, сауалыңызға жауап алуға мүмкіндік туады. Мешітке көбірек барасыз. Тарауық намазын оқисыз. Көбірек садақа бересіз. Тіпті міндетті болған пітір-садақасын бересіз. Осы айда бай адамдар зекет береді. Адамдардың арасында жылы қарым-қатынас кеңінен орын алады. Рамазан айы – мейірімге шомылатын ай. Міне, адамдардың бір-біріне мейірі түсіп, жылы қарым-қатынас орнағанда қоғамның өзі жайлы бола бастайды. Яғни, адамдардың ниет-пиғылы дұрысталып, жүрегі жұмсарып, қоғам да нұрланады. Сондықтан Рамазан айында тұрған адамдарға айтарымыз, бұл – тазару айы. Жай кезде шамамыз жетпей, жат қылықтардың жетегінде кеткен әдеттеріміз болса, қоя алмай жүрген шылымымыз болса, ұрттап қойып жүрген құмарлығымыз болса, айтып қойып жүрген өсек-ғайбатымыз болса, туысқандарымызға кеудемізде жібермей жүрген бір кісәпірлігіміз болса, соның жібін үзіп жіберетін, тәкаппарлығымызды жойып тастайтын, кешірімімізді кеңейтіп, саусақтарымызды ашып, сараңдықтан құтылып, сауапқа жомарттық арқылы жол бастайтын уақыт – осы ай. Рамазан айында ораза тұтуды лажы болса, бірінші күні бастаған шығарсыз, реті келмеді ме, жиырмасыншы күні де ниет қыла беріңіз. Тіпті сіз ораза ұстау керектігін 29-күні біліп қалып, алдыңызда бір-ақ күніңіз қалса, сол күннің оразасын тұтуға ниет етіңіз. Өйткені келесі жылға дейін кім бар, кім жоқ? Былтыр ғана қауқылдасып отырып, бірге ауыз ашқан талай ағайыным ендігі жердің астында жатыр екен…
Адамзаттың асылы – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз «Кімде-кім Рамазан айының ішіне кіріп тұрып, бірақ Алланың ризашылығын ала алмай қалса, ол адам тозаққа бетімен тасталады» деген. Мұны айтқандағы себебі не? Бұл – сондай бір мейірім мен молшылықтың айы. Ал енді сол айда Алланы риза қылатын амал жасамау мүмкін емес дегені. Яғни, Рамазан айы – бір айлық медресе сияқты. Бір айлық медресе оқысаңыз өзгересіз бе, өзгермейсіз бе? Бірдеңе үйренесіз бе, үйренбейсіз бе? Әрине, үйренесіз. Ол түгілі, жұма күні мешітке бір сағат бұрын барып, имамның уағызын естісеңіз де өзгеріп қаласыз ғой. Сондықтан қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын! Тілеген дұғаларыңызды Алла қабыл айласын!
Қазіргі ақпараттың радиациясы бар
– Бес парыздың бірі – зекет беру. Осы парыздың мақсат-міндеті мен мән-мағынасын көп адам жете білмейді. Соның кері әсерінен осы парызды өтеуге келгенде кейбіреулер құнтсыздық танытады. Сондықтан зекеттің қадір-қасиеті туралы тереңірек һәм тарата айтсаңыз.
– Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Дүние сендерге жақсы болып көрсетілген» дейді. Яғни, адамзат баласы барлықты, молшылықты, әдемі де үйлесімді нәрсені жақсы көруі – Құдайдан берілген қасиет. Ешкім бар болғанды жек көрмейді. Алла бізге «Кедей болыңдар, жоқшылықта жүріңдер, дүние нығметін пайдаланбаңдар» демейді. «Пайдаланыңдар, ішіңдер, жеңдер. Бірақ ысырап қылмаңдар» дейді. Зекет – осы нәрселерді реттеу үшін келген құрал. Яғни, артық дүниесі бар адам зекет беру арқылы өзінен мүмкіндігі төмен адамдардың хал-ахуалын түсінеді. Ал зекет алушының өзінен мүмкіндігі жоғары адамға деген махаббаты оянады. Оларға деген тілектестігі пайда болады. Сыртынан дұға қылады. Бай – мейірімді болса, кедей – қанағатшыл, байға тілекшіл болса, шаруа алға жылжиды. Ал зекет берілмесе, бай кедейді менсінбейді. Құдайдың қор дүниесі сияқты көреді де, кедейлерге деген паңдық пен менсінбеушіліктен өздеріндегі баршылықтың Құдайдан екенін ұмытады. Ал кедей зекет алмаса, байлардан жылы әлеуметтік қарым-қатынас көрмесе, ол да байларды жек көреді және сабырсыздықтан тағдырына налып, Құдайға тілі тиеді. Кедейі – кесір, байы – парықсыз болған кезде, ол қоғам бақытсыздыққа бағыт алады.
Зекет – дүниеңді азайтпайды. Керісінше, көбейтеді. Алла Тағала бұрын дүниең қанша болса, зекет бергеннен кейін одан да көбейтіп, яғни, еселеп қайтарады. Өйткені мүліктің иесі – Алла. Сондай-ақ адам зекет беру арқылы Аллаға тәуекелі күшейеді. Яғни, оны азайтып, көбейтіп жатқан өзі емес екенін ұғынады. Тағдырын қалтқысыз билеп тұрған Раббымыз бар екенін сезінеді.Тарихта бай мен кедейді теңестіреміз деген саясат болды. Бұл – Құдайдың жаратуына қарсы нәрсе. Ешуақытта елдің бәрі сұлу, жігіттің бәрі күшті, жұрттың бәрі жомарт болмайды. Алла Тағала бай мен кедейді қашан да қатар жаратады. Сондықтан қай қоғамда да бай мен кедейдің арасында ынтымақ болса, ол қоғамда төңкеріс болмайды.
– Садақадан гөрі, қарыз бергеннің сауабы мол деген сөз бар. Сол қаншалықты рас?
– Қарыз беру де, садақа беру де – сауапты амал. Бірақ бұл сөздің шығу төркіні – қарызды көбінде соған шын мұқтаж адамдар сұрайды. Ал садақаны сұраншақтықтан немесе садақаға әбден еті үйреніп қалған адамдар алуы мүмкін. Адам соған үйреніп қалғандықтан, оны міндет көруі де ықтимал. Ал көп жағдайда қарызды мұқтаж адамдар сұрайды. Сондықтан оның сауабы мол деген түсінік қалыптасқан. Қазір біздің қоғамдағы сүйкімсіз нәрсе –қарыз алу мен беру. Қаржыдан қысылған адам кімнен қарыз сұрарын білмейді. Өзіне жақын адамынан қарыз сұраса, ол оны қалай бермей жіберудің жолын ойластыра бастайды. Неге? Себебі, адамдардың арасындағы аманат жойылды. Яғни, берген уәдесінде тұрмау көбейді. Оның үстіне о баста қарыз аларда қайтармауды ниеттенген адамдар көбейді. Сондықтан қасиетті хадисте де бұл мәселе туралы жақсы айтылған.
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз айтады: «Кім қарызды қайтару ниетімен алса, Алла оған жәрдем береді. Ал кімде қарызды қайтару ниеті болмаса, ол қайтара алмайды» дейді. Яғни, ниетіне қарай қарызды қайтаруы қиындайды. Сондықтан қоғамда көптеген қарыздардың қайтпауының негізгі себебі, адамдар қарызды игі ниетімен алмағандығында. Бұл – бір. Екіншіден, қазақта «қарыз күліп барып, жылап қайтады»» деген сөз бар. Бірақ қазір сол қарыз жылап та қайтпайды ғой. Міне, мәселе – сонда.
– Әлеуметтік желілердің елге тигізер игі ықпалы мен кері әсері туралы пікірлеріңізді де айта кетсеңіз?
– Әлеуметтік желі – адамзатқа келген ең үлкен игіліктің бірі. Себебі, адамзат жаратылғаннан бері мұндай дәрежеде адамға мінбер берілмеген екен. Бұрын адам баласы қоғамға ықпал жасау үшін ең құрығанда үйінен шығуы керек болатын. Қазір сіз үйде отырып-ақ ақыл айта бересіз. Ертеректе елге ақыл айту үшін оның үш адам тыңдарлық беделі болуы керек еді. Қазір сіз еш кедергісіз тікелей эфирге шығып, планетаға үндеу айта аласыз.
Бірақ адамды адамнан алыстатып жатқан да – сол. Интернеттің пайдасы қанша болса, зияны да сонша. Бұрын дастарқан басындағы әңгіме ең маңызды байланыстың түрі еді. Қазір желіге еніп кетеді де, шықпайды. Әлеуметтік желінің қарқынды байланысқа жағдай жасап тастағаны сондай, жақындамыз ба, ұзақтамыз ба, маңызды емес боп қалды. Өйткені бір-бірімізді скайп, видеобайланыс арқылы тікелей көріп отырмыз. Біз бір-бірімізді сағынбайтын, ойламайтын да болдық. Неге? Сағынуға да, толғануға да себеп керек қой. Сағыну үшін ұнатуың керек, толғану үшін оның проблемаларынан хабардар болуың керек. Ең қауіптісі, өмірлік тәжірибесі жоқ, жасы жетілмеген балаларға ауыр тиіп жатыр. Баланың санасы да, ағзасы да пісіп жетілмегендіктен, кез келген дүниені қабылдауға қабілетсіз. Мысалға, балаға ауыр дәрі сала алмайсың, ауыр тамақ бере алмайсың. Есесіне, ютюбтағы кино, мултьфильм арқылы ауыр ақпараттарды миына қотарып жатыр. Ал ол жерде шынайы дауыс, табиғи температура жоқ. Жасөспірімдер робот кейпінде есейіп жатыр. Осыдан кейінгі зияны – ер мен әйел қауымы арасындағы байланыс. Әр нәрсенің шегі мен мөлшері болады. Дастарқаннан дер кезінде тұрып кетпесең, мешкей боласың ғой. Сол сияқты, әйелдің еркекке, еркектің әйелге деген назары, сөйлесуі, сырласуының мөлшері мен шекарасы болмаса, адамдар әсерленудің өте үлкен дозасын қабылдайды да, нағыз керек жерінде тоқтай алмай қалады. Ештеңеге жарамай, керек емес жерде қоқырайып жүретін адамдарға айналады. Бірақ өзінің әйелінің алдында қадірі жоқ. Сондай-ақ жұрттың еркегі қарағанда көз тоятындай әйел сияқты, бірақ күйеуін өзіне қарататындай күтімі жоқ.
Құндылықтар ауысып кетті. Некесіз қатынас көбейді. Ал қоғамды бүлдіретін және табиғи апаттарға себеп болатын нәрсе – осы. Некесіз қатынаспен бірге ұят кетеді. Бұрын бөтен бір әйелде ойы бар еркек бұзылу үшін кемінде үйден шығуы керек еді. Қазір үйден шықпай-ақ, Қазақстанның бір түкпіріндегі әйелмен байланыс орнатып, жалаңаш денесін көріп, сиқырлы дауысын ести беретін жағдай болды. Адамзаттың жаны темір емес.
Қазіргі ақпарат радиациялық күшке ие дер едім. Қаламасаң да, қабылдайсың. Мәселен, сауда орталығына барсаңыз басқа бір мәдениеттің музыкасы төгіліп тұрады. «Алма ағаштың гүліндей, текеметтің түріндейді» немесе Бекболат Тілеуханның орындауындағы «Ақтамбердінің термесін» қосып қойшы» деп айта алмайсың. Бөгде бір қауым жүрегінен шыққан ырғақ пен саз сізбен есептеспейді, рұқсат та сұрамайды. Хақыңызға кіреді. Яғни, біз төбеден төмен қарай жауып тұрған ақпарат нөсерінің астында өмір сүріп жатырмыз. Үйге келіп, шаршадым дейміз. Неден шаршаймыз? Мүмкін автобустағы «Русское радионың» анайы анекдотынан шаршаған шығарсыз? Бәлкім, әр жарнама билбордындағы қоздырушы сипаттағы киім киіп алған әйелдер сұлбасы сілейте болдыртқан болар? Интернеттің иірімі иін тіріскен жайбарақат елді сирағынан сүйретіп әкетіп бара жатыр. Селфи – сырқат дәрежесіне жеткізді. Бұрын апаларымыз айна алдында ұзағырақ тұрып қалған қарындастарымызды «айнаға неге сонша жабысып қалдың?» деп ұрсатын. Ал қазір неше түрлі фильтрден өткен, бетінің бүрі, көзінің нұры жоқ суреттерді «Инстаграмға» шығарады да, елдің көзі мен тілі тимесіне қоймайды. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз айтқандай, «Менің үмбеттерімнің көпшілігі тіл мен көзден қайтыс болады. Бірақ адамдар олай ойламайды». Көптеген жас өлім тіл мен көзден болып жатыр. Ең құрығанда, өзінің табиғи суретін қойса да көз тимес пе еді? Оны әрлеп, неше түрлі күлгін сәулелермен әшекейлеп қойған кезде, адамдар алданып қалып жатыр. Абай не деді? «Ақшаны адамшылықпен табатын адам аз. Бірақ адамшылықпен тапса да, оны адамшылықпен жұмсайтын адам өте аз» дейді. Біз осыншама ақпарат айдынына қолымыз жетті. Бірақ оны адамшылықпен пайдаланып, адамшылыққа жұмсап жатқан адам сирек.
Тіл білетін бала көп, тіл алатын бала жоқ
– Елдің болашағын баланың бүгінгі тәрбиесіне қарап білуге болады екен. Осы тұрғыдан келгенде біздің келешегімізді қалай болжауға болады?
– Біріншіден, қазіргі жастар талапты һәм жан-жақты. Әлем мәдениеті мен әлем тілдерінен хабары бар. Сосын, руханиятқа, мешітке, құбылаға бет бұрған жастар көп. Осыларды көргенде ішкі дүниеңде «тұлғалар пайда болып, олар өзін де, өзгелерді де түзете ме?» деген үміт пайда болады. Екінші жағынан қарасаң, тамырсыз жастарды көресің. Олар горшокқа отырғызылған гүл сияқты. Сырты көгеріп, көзіңді алдап тұр. Бірақ тамыр жоқ. Осы екі пұшайман халдің арасында жүрміз. Үміт ететінім, қазақ қоғамында, қазақтың дәстүрлі тәрбиесінің ортасында жүріп, Құдайы мен құбыласын танымай жүрген балдар, анау Лондон, Парижге барып, сол жердің әртүрлі мұсылман мәдениетінің өкілдерімен араласа келе, сол арқылы дінін күшейтіп, Құдайын танып, әке-шешесін сыйлап, Отанын сүйіп кетіп жатқандар бар. Ал енді, керісінше баршылық пен молшылықта, ағайын-туыстың ортасында жүріп, казиноға кіріп немесе наркотикалық тәуелділікке ұрынып жатқан жастарды да көресің. Сондықтан бұл жастарды тәрбиелеп әуре болма, өзіңді тәрбиеле. Бәрібір жастар өзіңе ұқсайды екен. Олай болса, оларға кісілік келбетіңді көрсетуің қажет. «Ерім деген ел болмаса, елім деген ер қайдан туады?!» дейді атам қазақ. Біз жастарға шын жақсы адамның үлгісін көрсете алмай келеміз. Сөзінде тұратын, әрбір ісінен ғибрат алатын адами образымыз жоғалып барады. Ал қазақтың жастарының тәрбиесін ұстап тұрғандар кімдер еді десең, олар біздің қазыналы қарттарымыз еді! Қазір елу, алпыс, жетпіске келген кісілердің ешқандай белгісі жоқ. Олар да сол жастардың киімін киіп жүр. Сол жастар жүрген жерде олар да жүр. Сол жастардың айтқан әзіл-қалжыңдарын айтып жүр. Міне, жастар олардан өзінен артық ештеңе көре алмайды. Сосын, олардан қандай тәрбие алсын?! Сондай-ақ біз ақыл айтудан кенде болып жатқан жоқпыз ғой дейміз. Айтқан сөз құлақтан кіреді де, құлақтан шығады. Ал көрсеткен үлгі жүрекке жетеді, сонда орнығады. Жастардың проблемасы – үлкендердің үлгісіздігі. Жақында бір студенттермен кездесу өткіздік. Сол жерде студенттерге «Ағылшын тілін білетіндеріңіз бар ма?» деп сұрадым. Тең жарымынан көбісі қолын көтерді. «Ал онда Абай сияқты ұл өсіре алатынына сенімділеріңіз қол көтеріңізші» дедім. Кездесу Семейде болды. Әрине, ешкім қол көтере алмады. «Жарайды, Қаныш Сәтбаев сияқты бір ғалым тәрбиелеп шығарамын дегендеріңіз бар ма?» десем, тағы да ешкім үндемейді. Сосын, айттым: «Оксфорд, Кембридж немесе әлемдік жоғары оқу орнын бітірген, ағылшын тілін білетін, әлемдік бренд киімін киген, заманауи трендтерді меңгерген қыздар көп. Солар бірақ мың жылдық демей-ақ қояйын, жүз жылдық тұлғаларды туып, ұлтқа көсем болатын бала тәрбиелей алмай жатыр ғой. Ал кешегі Қожа Ахмет Яссауиден бастап, Абай, Қаныш, Бауыржанға дейінгі тұлғаларды кім туып, кім тәрбиелейді? Қараша үйде, қазанның басында ұршық иіріп, қолының майын мәсісіне сүртіп отырған қара кемпірлер тәрбиелеген жоқ па?! Неге? Олардың білімі сендерден төмен еді. Олардың білімі, көргені, денсаулық күтімі, бәрі төмен еді. Бірақ оларда табиғи тазалық бар еді. Оларда тек бар еді. Оларда мақсат дұрыс еді. Олар бірінші кезекте алдына ана болу деген мақсатты қойды. Сондықтан да олар Абай, Жамбыл, Мұхтар, Бауыржандай ұлтқа тұтқа болатын тұлғаларды тәрбиеледі. Ал біздің әлем әдебиетінен хабарымыз бар. Дүниежүзілік брендтерді киеміз. Біліміміз керемет, Бала күтімі мен тәрбиесін гуглден оқып отырмыз. Бірақ баламыз мектепте дұрыстап оқымайды, ең құрығанда әке-шешесін тыңдамайды. Қазір тіл білетін бала көп, тіл алатын бала жоқ» деп айтып едім, олар қатты ойланып қалды. Себебі, біз тәуелсіздігімізді енді алып, оң-солымызды тани алмай тұрғанда, алпауыт елдердің қаншама жүйелері бізге келіп, неше түрлі стандарттарды кіргізді. Адам болудың түрлі қағидалары мен ережелерін енгізді. Ал біздің қазақтың мың жылдан бері келе жатқан қаншама қағидалары бар еді. Қыз балаға «ана боласың», ұл балаға «қожайын боласың» деп үйреткен еді. Неше үшін баланы сүндеттеген кезде баланы тайға мінгізеді? Неге оған аттың жалын тартып мінгізеді? Неге есею кезеңін «ат жалын тартып мінген кезеңім» деп айтады? Сүндеттеген бес жасар баланың астына тай мінгізудің мақсаты – тізгін ұстату, тақымын толтыру. Сөйтіп, оның естияр ұл екенін, атқа мінер екенін, көптің алдында көш бастау – ең басты мәселе екенін, тіл тізгіннің иесі болу керек екенін баланың санасына сіңіріп үйрететін еді. Міне, қазақ ұлды «қожайынсың» деп, қызды «қонақсың» деп тәрбиелейтін. Қонақсың деген мағынаның астарында не бар? «Ертең кетесің, сен бұл үйге уақытша қонақсың» деп үйреткен. Қазақ қонағын қалай құрметтеп күткен болса, сол сияқты қызды да аз ғана уақыт ішінде құрметтеп, күтіп, тәрбиелеп қалуымыз керек. Сондықтан бала тәрбиесіне келгенде басты қазақи қағида орындалмай, тірлікте береке, қайыр болмайды.
– Бала Мұхамеджан қалай өсті, сабағы, тәртібі қандай еді, қай кезден бастап кітап оқып, өлең жаза бастады?
– Балалық шағым өте керемет кезеңде өтті. Себебі, ауылда өмір сүрдік. Біздің ауыл – берекелі ауыл еді. Бүтін бір ауыл бір үй сияқты өмір сүретін, біріне-бірі қонақ болып, бір-бірінен зекет алмасып, кете беретін. Яғни, тығыз қарым-қатынаста еді. Егер ауылдағы бір үйде той болса, оның шақыруын күтпей, қойын сойысып, столын құрысып, ағашын жарып көмек беретін. Жұрттың бәрі ауылда осылай өмір сүреді деп ойлаушы едік. Екіншіден, біздің балалық шағымыз керемет асып-тасып жатқан баршылықта емес, тықырлаған таршылықта да емес, орташа өмірде өткен екен. Үйдегілер мені мектеп бітіргенше қай жақтан, қай уақытта келейін бәрібір 9-ға дейін ұйықтатпапты. Өйткені «еркек адамның күн шыққанша ұйықтап жатуы не сұмдық?» дейтін. Әкем де, анам да тұрғызып алатын. «Онан да түсте ұйықтап аларсың» дейтін. Содан кейін бау-бақша жұмысымен айналыстық, отын жардық, шөп тасыдық. Екіншіден, анам ауылда кітапханашы болды. Кішкентайымнан бастап, анам қадағалап отырып кітап оқытты. Кейін өзімнің кітапқа деген құмарлығым ашылғаннан кейін, ертегіден бастап, әдеби кітаптарды іздеп жүріп оқитын ахуалға жеттім. Оған анам тек қана сүйсініп отыратын. Сөйтіп, 6 сыныпта жүрген кезімде, 3-4 түрлі жағдайда менің ақындық бұлағымның көзі ашылды ғой деймін. Біріншіден, жылда күзде 2 телешке шөп түсіретінбіз. Сөйте тұра, әжем мені жаз бойы шөпке жұмсайтын. Сол үшін маған есек сатып әперді. Кейін шөпті атарбамен таситын болдым. Содан әр жыл сайын ойланатынмын. «Жыл сайын екі телешке шөп түсіреді. Неге менің бес-алты арба шөбіме қарап қалды?» деп. Сөйтсем, «бала бос отырмасын, еңбекпен тәрбиеленсін» дейді екен ғой. Міне, біздің бүкіл балалық шағымыз табиғаттың құшағында өтті. Сол әсеріміз бәрі кейін өлең боп шықты. Бірақ оны ешкімге көрсетпей жүрдім. Бір күні оны анам көріп қойып, әжеме айтып беріпті. Шай үстінде әжем «өлеңіңді бізге оқып бер» деп қызық көрді. Содан, 7 сыныпта ауылда наурыз тойы тойланды. Ол тойда айтыс ұйымдастырылатын болды. Сол айтысқа анам қоярда-қоймай қатыс деп жіберді. Содан, үш күн дайындалып, сол айтыста әжептеуір өнер көрсетіп, совхоздың сыйлығын алдым. Ақын бала атандым. Сол айтыстан соң, сенімділік пайда бола бастады. Анамның кітапханашылдығы бар, әжемнің шежірешілдігі бар, атамның айтары бар, осы қасиеттің бәрі толысып келді де, менің ақын болмасына қоймады. Ал енді өзімнің әкем 4 жасымда қайтыс болып кетті. 29 жасында қыршынынан қиылды. Ол кісі аузымен құс тістеген ақын болған екен. Облыстық, аудандық газеттердің тілшісі болды. Сол кезде КазГу-де сырттай оқиды екен. Филология факультетін бітірер жылы қайтыс болды. Той-жиындарды басқарып, төңірегіне шешендігімен танылған ақын болған екен. Көптеген өлеңдері бар. Оның ішінде маған арналғандары да бар. Сондай-ақ менің нағашыларым – Балуан Шолақ. Менің анам – Балуан Шолақтың тумасы. Менің нағашы атам – ел басқарған кісі. Мына Шудың бойында туған Сәмбет деген елдің тумасы. Сырттан қандай кісі келсе де, солармен терезесі тең дәрежеде тілдесе білетін. Сөйтіп, өле-өлгенше шешендігімен, көсемдігімен елге танылған кісі. Ол жақтан да маған ақындық қасиеттің дарығанына шүбә жоқ. Сөз ұстаған шешен кісі. Сөйтіп, 7-8 сыныпта қолыма домбыра ұстап, айтысқа шықтық. Бағымызға орай мәдениетіміздің дамуына есік ашып жатқан кез еді. Сол кезде жылымық орнап, наурыз мейрамын мемлекеттік деңгейде тойлануын қолға алып жатқан кез болатын. Сол кезде шетелдерден қонақтар келе бастады. Сол кезде біздің ақындығымызға үлкен қақпа ашылды ғой. Яғни, ұлттық өнерді дәріптеген адамдарға үлкен мүмкіндіктер туды. 1991 жылы бірінші рет ақ боз ат тігілген айтыс болды. Сонда бір адам сыртқа су ішуге шықпады. Олар шықса, әлгі ақ боз атты біреу жетектеп кететіндей ақырына дейін отырды. Сол ақ боз атты 10 сынып оқитын мен ұтып алдым. Сонда Қазақ идеологиясын басқарып отырған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков тікелей облыс әкіміне тапсырма беріп, «Мұхамеджанның ақ боз аты» деген деректі фильм түсіруге тапсырма берді. Сөйтіп, 1991 жылы облыстық телеарнаның бірінші түсірген деректі фильмі маған арналды. Сөйтіп, сол фильмді апта сайын көрсетіп, бір жыл бойы айналдырды.
Осы оқиға облысқа танылмасқа жанымызды қоймады. Елге танылуымызға, өзімізге-өзіміз сенімді боп ізденуімізге заманның да бір үрдісі себеп болды. Қазақ халқының ұлттық деңгейде біздің өнерге қанат қағуымыз тұспа-тұс келді.
– Кезінде айтыстың көрігін қыздырған арқалы да атақты ақындардың бірі болдыңыз. Сізді ел сағынады, сол сахна төрінен көргісі келеді. Анда-санда айтысқа шығып тұруға қалай қарайсыз? Ардагерлер айтысын ұйымдастыру ойларыңызда жоқ па?
– Айтыстың қара нары, айтыстың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Жүрсін Ерман ағамыз көптеген тың жобаларды қолға алды ғой. Соның бірі – ардагер ақындардың айтысы. Әселхан анамыздан бастап, Шорабек Айдаров, Айтақын Бұлғақов, Абаш Кәкенов, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов секілді ардагер ақындарды шақырды. Ал енді, бізді «ардагер ақын» деп айтуға келмейді. Біраз айтыстан ұзап кеткендігімізге қарап, шынында бізден кейін көп жастар шықты. Жаңа өзіңіз айтқан ардагерлер айтысы жобасы жүріп жатыр. Ал енді, жеке басыма келсем, ылғи да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, сапалы сөз айтып, қазақтың қара сөзін паш етіп жүрдік қой. Сондықтан кез келген бір жемісті, жеңісті өнер көрсетуі үшін адам бабында жүруі керек. Бірақ шағын ортада домбырамды тартып, арнауымды да айтып жүрмін. Әсіресе, Еуропа, Германия, Түркиядағы қандастарымызбен кездескенде арнау айтқаным бар. Жақында Елбасының алдында да арнауымды айтып бердім. Дегенмен халық алдына шығу – үлкен жауапкершілік. Елдің сезімімен, сенімімен ойнауға болмайды. Яғни, көңілін қалдыруға болмайды. Мысалы, адам қартаймай тұрмайды. Ал әйел адам үшін оның көркі, сұлулығы – оның мәртебесі. Сондықтан Алла Тағала әйел адамның абыройын ойлағандықтан, оның басын, омырауын жасыруын міндеттейді. Ол Аллаға емес, әйел адамға керек. Әйел қартайған сайын еті босап, әжімі көбейіп, шашы селдірейді. Ол – табиғи нәрсе. Соны жапқан сайын, адамның беті нұрлана түседі. Ал нұр әйел адамның сүйкімін кетірмейді. Адамның иығында, алқымында, омырауында нұр болмайды. Ол жерлер ашылса, керісінше арса-арса боп, қартайған адамның қадірін қашырады. Ал нұр адамның қадірін де қашырмайды, қарттығын да білдірмейді. Сол сияқты көптің алдына шыққан кезде, жұрт сенің өнеріңнен ләззат алғысы келгенде оған ләззат сыйлау керек, оларды азаптамау керек. Ал бабың болмаса, 10-12 минут елді дүрілдетіп те берермін. Бірақ жұрттың Мұхамеджанға деген баяғы сағынышымен, баяғы аңсарымен қалғаны – менің елге құрметім, елдің маған сенімі.
– Дуалы ауыз адамдардың бірісіз. Қазіргі жастар сізге қарап бой түзегісі, ой түзегісі келеді. Оларға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Жастық – диқанның он күні сияқты. Көктемде диқан сол он күнде тойға бармай, қыдырмай, сол он күнін дұрыс пайдалануға тырысады. Неге? Себебі, сол он күнін дұрыс пайдаланбаса, жазда өнімі шықпайды. Күзде жеміс жинамайды. Ал адамның он күні – жастық шағы. Жастық шақты дұрыс пайдаланған адам, есейген сайын тек қуанышты болады, береке табады. Жастық шағы бекерге кеткен адам, есейген сайын өкініште болады. Ақсақалды шанадан түсіп қалған жерінен ешкім тауып алмайды. Қазына қария аяғы салбырап аспаннан түспейді. «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар» дейді қазақ. Кісілерге жұғысып, әңгіме тыңдап, есеюге тырысып, дос жинап, «жігітке жеті өнерде аз» дегендей, әртүрлі өнерді һәм кәсіпті меңгеріп, соған уақытын жұмсаған адам, отызда орда бұзып, қырықта қамал алады. Елуден асқанда ел ағасы, алпыста ақсақал, жетпісте жемісін беріп тұрған үлкен бір мәуелі ағаштай данагөй абызға айналады.
Қажылық – Алланың қонағы болу
– Қажылық парызды бірнеше рет өтеп келдіңіз. Тіпті сол сауапты сапарды ұйымдастырып та жүрсіз. Былтыр қажылыққа жылдағына қарағанда аздау адам барыпты. Оның себебі неде? Биыл неше адам баратыны белгілі ме?
– ҚМДБ биыл 3 мың адам барады деп белгілеп, бекітті. Жақында бас мүфти бастаған делегация Мекке, Мәдинаға барып, келісімшарт жасап қайтты. Жалпы, кез келген қажылық сапар ораза айттан кейін, 70 күннен кейін басталады.
Қажылық кімге парыз? Қажылық – байға парыз. Қажылық – азат адамға парыз. Қажылық – құлға, кедейге, қамауда отырған адамға парыз емес. Бірақ қажылық түгілі, тойға ілестіріп барса қалмайтын қазақпыз ғой. Қажылық – Алла Тағаланың қонағы болу. Егер де сізді біреу қажылыққа жолдама әперіп, сыйлық жасап жіберіп жатса, ол да Құдайдың шақыруы деп есептелінеді. Мәселе – кімнің қалай барғанында емес, қабыл болуында. Себебі, қажылық – қабыл болуымен қадірлі. Омар (р.а.) «Қажылыққа келетін адам көп. Бірақ соның азы ғана қажы болып қайтады. Көбі – жолаушы» деген екен. Біреулер ыстық мекенге барып, ыстықтап, пысынап, терлеп-тепшіп, шаршап-шалдығып, шөлдеп қайтып келеді. Ал кейбір адамдар Алла ризалығын ойлап, «ләббәйка» айтып барады. Алла ниетіне орай, қажылығын қабыл етеді. Ал қажылығы қабыл болған адам анадан жаңа туғандай болып, бүкіл күнәсі кешіріліп, пәк боп қайтады.
Ең бастысы, Қазақстандағы қажылыққа барушылардың саны азайғанмен, сапасы күшейіп келеді. Бұрын қажылыққа барып келгеннен кейін, керісінше, діннің атына сөз келтіріп, қажылықтың құрметіне сызат түсіріп жүрген адамдар да болған. Соңғы жылдары қажыға барған адамдар көбінде жақсы сипатта оралып жатыр. Сондықтан 300 адам барса да, 3 мың адам барса да қажылығы қабыл болып келген ағайын көбейсе екен.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ
-
24.01.2025
-
24.01.2025
-
24.01.2025
-
24.01.2025
-
24.01.2025
-
24.01.2025
-
24.01.2025
-
24.01.2025
-
23.01.2025