01-02-24 |
6250 рет қаралған
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі: былтыр азаптау фактілері бойынша 148 қылмыстық іс қозғалды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі: былтыр азаптау фактілері бойынша 148 қылмыстық іс қозғалды

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі 2023 жылға арналған жұмыс қорытындысын шығарды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, оның өкілдеріне және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа жолданған өтініштер саны жылдан жылға артып отырғаны айтылды.

Өткен жылы 5 773 шағым мен өтініш түссе, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Бұл ретте 5,6 мың арыз-шағым қаралып, оның 3,6 мыңына тікелей түсініктемелер берілді, 800-і құзырлы мемлекеттік органдарға жолданды, 838 өтініш бойынша арызданушылардың талаптары мен өтініштері қанағаттандырылды.

Мысалы, Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілінің көмегімен онкологиялық ауруларға шалдыққан азаматтарға 32,5 млн теңге сомасында әлеуметтік төлемдер қайтарылды, олар уақтылы берілмегендіктен бюджетке игерілмеген қаражат ретінде қайтарылуға жатады. Өңірдегі Денсаулық сақтау басқармасы Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне онкологиялық дертке шалдыққан тұлғалардың тізімін ұсынып, аталған қаржы мақсатты жұмсалды.

Сонымен қатар, өтiнiштердi қарау нәтижесінде және өкiлдердiң өтiнiштерiмен 20 лауазымды тұлға қылмыстық, 51-i әкiмшiлiк, 211-i тәртiптiк жауапкершілікке тартылды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінде атап өтілгендей, арыз-шағымдардың негізгі бөлігін прокуратура мен ішкі істер органдары лауазымды тұлғаларының бейжайлығы мен әрекетсіздігі (22,4%), сондай-ақ сот шешімдерімен келіспеушілік (20,4%) сынды проблемалар құрайды. Ең өзекті сауалдар қатарында еңбек құқықтарын сақтау (5,1%), денсаулықты қорғау (3,4%) және кәмелетке толмағандардың құқықтарын (1,6%) сақтау мәселелері де бар.

«2023 жылы біз азаматтардың құқықтарын қорғау және жүзеге асыруға жәрдемдесу саласында үлкен жұмыс атқардық. Біздің күш-жігеріміз бен азаматтық қоғаммен белсенді өзара іс-қимылымыздың арқасында құқықтық ортаны жетілдіруде белгілі нәтижелерге қол жеткізілді, мұны көптеген оң істеріміз дәлелдейді. Біз, сондай-ақ халықты өз құқықтарынан хабардар ету деңгейін арттыруды мақсат етіп қойдық, осы бағытта облыстарда да, республикалық маңызы бар қалаларда да ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Мәселен, өткен жылы 16 мыңнан астам адам құқықтық білім алды», – деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев.

Сонымен қатар, азаптаулар мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлері бойынша 150 шағым қаралды. Бұл ретте азаптау фактілері бойынша 148 қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазалаудың алдын алу үшін тексеретін тәуелсіз орган – Ұлттық алдын алу тетігі жұмысының нәтижелері жарияланды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.