«Дикий Арман» атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының мүшесі деп күдікке ілінген азамат Дубайдан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Күдікті 2022 жылғы 5–7 қаңтар аралығында Алматыда Жұмагелдиевтің бандалық тобы құрамында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан. Қылмыстан кейін елден қашып, үш жылға жуық халықаралық іздеуде болған. Ол Біріккен Араб Әмірліктерінде ұсталып, Астанаға жеткізілді. Қазір тергеу изоляторында отыр.
Айыпталған қылмыстар үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған.
Еске салсақ, Арман Жұмагелдиевке қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда 24 бейбіт тұрғынды ұрлады деген айып тағылған. Бұған дейін ОПГ-ны ҰҚК қызметкерлері бақылап отырғаны ресми расталған. 2024 жылғы ақпанда ішкі істер органдары «Дикий Арман» тобының бірнеше мүшесінің ұсталғанын хабарлаған болатын.