17-03-20 |
660 рет қаралған
Байбек орнатқан алып тиінді Сағынтаев бұзып жатыр.
Байбек орнатқан алып тиінді Сағынтаев бұзып жатыр

2018 жылы Алматыдағы «Атакент» орталығының алдында алып тиін мүсіні орнатылды. Сынағандар да, ғасыр туындысына балап мақтағандар да болды. Биіктігі 12 метр алып тиінді сол кезде 23 миллион теңгеге орнатқан еді. Оның 15 миллион теңгесі қала бюджетінен бөлінген болатын. Ал Алматыны ол кезде Бауыржан Байбек басқарып тұрған. «Алып тиін Алматының бір символына айналады, туристердің келуіне ықпал етеді» дейтін үгіт-насихат сол кезде қарша бораған. Бауыржан Байбек тиіннің қала символына айналғанын да тиінді көрсек деп ынтығып, төрткүл дүниенің түкпірінен ағылған туристтерді де көре алмай, тым болмаса тиіннің бюджеттен шыққан 15 миллион теңгені қайтарған-қайтармағанын да айтып, есеп бере алмай Астанаға «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары дейтін үлкен қызметке ауысып кете барды.

Байбектің орнына келген бұрынғы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Байбек жасаған, өзгерткен біраз нәрсені қайта түзетуге кірісті: әл-Фараби даңғылындағы жүру жылдамдығын Байбек 60 жасаған еді, Сағынтаев 80 көтерді. Кейбір орталық көшелердегі Байбек салдырған веложолдарды алдырып, көліктер тұрағын қайта қалпына келтірді. Сағынтаев алғашқы екпіні бәсеңсігендей болып еді, сөйтсек олай болмай шықты. Кешелі бері Байбек орнатқан «Атакенттің» алдындағы алып тиінді бұзып жатыр. Сағынтаевтың кеңсесі – Алматы қаласы әкімшілігі тиінді «Атакенттің ішінде қоямыз» депті. Демек, жұрт көзінен тасалайды. Көзден кеткен соң, бірте-бірте көңілден де кетеді. Байбектің алып тиіні де солай ұмытылатын секілді.

Сағынтаеы тиіннің орынан өзінің көңіл қалауындағы әлдебір жануар-жәндікті орната ма әлде басты мақсат – Байбекті еске түсіретін объектіден құтылу ма ол жағы әзірге беймәлім.

Біздің ше, «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мырза тиін туралы да алдағы күндері бір ауыз пікір айтатын шығар. Өйткені ол бұған дейін Сағынтаеы жасаған кейбір өзгерістерге өз ойын айтқан еді.

Тиінге жаның ашиды екен, бір әкім салады, бір әкім бұзады да көзден тасалайды.   

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.