Logo
Іздеу
Айдарлар

Жаңаөзен кәсіпкерлері жарық мәселесіне байланысты жолды жауып тастады

/
Жаңаөзен кәсіпкерлері жарық мәселесіне байланысты жолды жауып тастады

2025 жылғы 16 шілдеде Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлер сауда нысандарында электр жарығының болмауына байланысты наразылыққа шықты. 

Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбалардан кәсіпкерлердің «Шаңырақ» базары мен «Заңғар» сауда үйінде электр қуатының жоқтығына наразы болып, жолды жапқаны көрінеді.

Адамдар билік назарын аудару үшін осындай әрекетке барған. Бұл жағдайға байланысты Жаңаөзен әкімдігі түсініктеме берді.

— 2025 жылғы 16 шілдеде, 110/6 кВ «Қалалық» қосалқы станциясындағы №20 ұяшықтағы апатты ажыратуға байланысты «Шаңырақ» шағынауданындағы және Абай көшесіндегі бірқатар кәсіпкерлік нысандарда, соның ішінде «Заңғар» сауда үйі мен «Шаңырақ» базарында уақытша электр жарығы тоқтатылды. Апаттың себебін анықтау мақсатында «Өзенэнергосервис» МКК мамандары кабель желісін шұғыл тексеріп, қысқа тұйықталу фактісін тіркеді. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары аяқталып, электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді, – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік пен тиісті қызметтер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық тәртіпті сақтау қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда жағдай тұрақты.