2025 жылғы 14 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Алматы қаласы полиция департаменті бірлесіп, Өскемен қаласының тұрғынын ұрлап, кейін өлтірді деген күдікпен қылмыстық топтың екі мүшесін ұстау бойынша арнайы операция өткізді.
Ұсталғандар 2025 жылдың маусым айынан бері іздеуде болған. Қазір оларға қатысты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар, қылмысқа қатысы бар күдіктілерді әдейі жасырып келген Алматы қаласының тұрғынына қатысты да қылмыстық жауапкершілік мәселесі қаралып жатыр.
Қылмыстық кодекстің 432-бабына сәйкес, қылмысты және қылмыскерді жасыру үшін заң алдында жауапкершілік қарастырылған.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды.