Жетісу облысы, Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманованың туыстары оның 2 жасар қызының көз алдында қатыгездікпен өлтірілгенін мәлімдеді. Бұл қылмысқа күдікті ретінде марқұмның күйеуі Айбар Жанболат қаралып жатыр.
Қайғылы оқиға туралы ақпаратты журналист Сандуғаш Дүйсенова әлеуметітк желідегі парақшасында жариялады. Туыстарының айтуынша, алдымен ерлі-зайыптылардың арасында жанжал шыққан, кейін әйелді соққыға жыққан.
Полиция мәліметінше, Айзат Жұманова 22 маусым күні түнгі 02:30 шамасында Талдықорғандағы облыстық ауруханаға жеткізілген. Алайда жарты сағаттан соң дәрігерлер оның көз жұмғанын растаған. Десе де туыстары Айзаттың сол уақытта тірі болмағанына сенімді.
Медициналық қорытындыда: жабық бас-ми жарақаты, миға қан құйылу, бас сүйек негізінің сынуы, аяқ-қол мен жамбас сүйектерінің көптеп сынуы, әрі жерде сүйреген іздер анықталған.
Марқұмның туыстары Айзаттың қолдарын арқанмен байлап, жылқының ер-тоқымына байлап, далада сүйреген деп санайды.
— Бұл бұрынғы жаза секілді — оны байлап, сүйрей берген, ақырында тек сүйегі сынған мүрде ғана қалған..., — дейді көз жасын тыймаған анасы Салтанат Жұманова.
Айзаттың күйеуі мал шаруашылығымен айналысады, оның жылқысы көп. Алған жарақаттарының сипаты — тізелерінің терісі сыпырылып, саусақтарының шығып, сынуы, денесінің көптеген жерлерінің терісінің сыпырылып, қанға боялуы — бұл оқиғаның тек соққыға жыққан емес, азаптаумен өлтірілгенін айғақтайды.
Айзаттың әпкелері мәйітті жуындыру кезінде оның білектерінде тері мүлде қалмағанын айтады — терісі сүйекке дейін сыпырылған.
Қазіргі уақытта полиция ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі бойынша «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге соқтыру» дерегімен қылмыстық іс қозғаған. Алайда марқұмның туыстары бұл істі «Айрықша қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабына ауыстыруды талап етуде.
Куәгерлердің айтуынша, Айбар Жанболат оқиға кезінде мас күйінде болған және ауруханада өзін өте агрессивті ұстаған. Белгілі болғандай, ол бұған дейін Қапал ауылының әкімі лауазымына өз кандидатурасын ұсынған.
Қайғылы оқиға орын алған күні жұбайының қазасына қатысты қойылған сұраққа ол «селфи жасаймын деп терезеден құлап кетті» деп жауап берген көрінеді.
— Қазіргі таңда күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу департамент басшылығының ерекше бақылауында. Қылмыстың толық әрі объективті бейнесін анықтау үшін барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Дәлелдер жинақталып, сараптамалар тағайындалды. Барлық тараптардың уәждері мен нұсқалары тексерілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды, — деп Жетісу облыстық полиция департаменті.