Logo
Іздеу
Айдарлар

«Құйрық-бауыр асату» салты: кітап авторы мен этнограф не дейді?

/
«Құйрық-бауыр асату» салты: кітап авторы мен этнограф не дейді?
ЖИ-мен өңделген фото

Қарқаралыда Абай мен Ділдә тұрған үйді көрсете жүріп, этикаға томпақ сөз айтқан жас журналист Әлия Әшімнің үлкен даудың астында қалғаны белгілі. Бір дау басылмай жатып, журналисттің сөзіне қатысты екінші дау тұтанды.

Ол кезекті видеода: "Қазіргілердің ойлап тапқан дүниесі ме деп ойласам, құйрық-бауыр асату әзіреті Әли кезінен сақталған салт екен. Әзіреті Әли келін түсіргенде, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, құдаларға малдың етіне бата жасатып, кәделі жілігін түгел асатып, балбырап пісірілген қойдың құйрығының үстіне бауыр турап араластырып, айран қосып, құдалардың алдына тосады. Ұн жағады беттеріне. "Құда болдық, құйрық-бауыр секілді жақын болайық" деп әзіреті Әли құдалығын дәл осылай кәдемен бекіткен көрінеді. Сол сәттен бастап, бұл салт халық арасына кең тарап, құдалармен құйрық-бауыр жеу деп аталады" – деген. Мұны естіген қоғам белсенділері мен танымал қайраткерлер наразылық білдірді. «Бұл қазақтың ата салты» деп шулады көпшілік. Ал Әлия Әшім "құйрық-бауыр" туралы ақпаратты “Салт-дәстүр сөйлейді” кітабынан алдым» деп отыр. Arasha сайты аталған кітап авторлары мен дінтанушылар, этнографтардан пікір алып, әр тараптың ойын білуге тырысты.

«Салт-дәстүр сөйлейді» кітабын ең алдымен шығыстанушы, ағартушы Санжар Керімбаймен байланыстырады. Ол «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы. Біз Санжар Керімбай мырзаға хабарласқанымызда, ол бізге кітап авторларының бірінің байланыс нөмерін берді. Кітапты шығаруға атсалысқан авторлардың бірі Мұхит Төлеген бізге бірден жауап берді:     

Бұл жерде мен дау тудырып, даурығатындай нәрсе көріп тұрғаным жоқ. Әлия Әшім бұл сөзін негізсіз айтып отырған жоқ. Ол «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабына сүйеніп отыр. Ал «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабында «Құда түсу, сырға салу, киіт беру» деген тақырыппен берілген аңызда Әзіреті Әлидің өз ұлына келін әперіп, содан құдалық жасағаны, қарсы жақта киіт жауып сыйлағаны жайлы айтылады. «Наушаруан» қиссасынан екі шумақ үзінді берілген. Бұл қисса «Бабалар сөзі» жинағының 16-томында жарияланған. Жалпы, қазақ рухани дүниетанымында Әзіреті Әли тұлғасы өте құрметті орынға ие. «Әлидің дүлдүлі», «Әлидің зұлпықары», Әлидің ерліктері жайлы аңыз-қиссалардың бірқатарын жас кезімізден ауылда аталарымыздан тыңдап өстік. Қазақта Мұхаммед пайғамбардың төрт сахабасын «төрт дос», «төрт жар» деп атайды. Дәстүрлі сұрақ-жауап үлгілерінде «Кімнің досысың?» дегенде, «Төрт шадиярдың досымын» деген жауап кездеседі. Мұны жас кезден бастап кішкентай балаларға жаттатып үйреткен. Олай болса, қазақтың кейбір салт-дәстүрлерінің шығу тегін соған теліп жіберу әбестік саналмаған болса керек. Жоғарыда аталған «Бабалар сөзі» жүзтомдық мұрасының 11-16 томдары, яғни тұтастай 6 томы діни қисса-дастандарға арналған, - дейді.

Мұхит Төлегеннің айтуынша, кейбіреулер айтып жүргендей, кітаптағы салт-дәстүрлердің ешқайсысы да ойдан құрастырылған қисынсыз хикая емес. Бұл тұста кітап авторларының бірі:

Марқұм этнография, қазыналы ғалым Болат Бопайұлы, Қазақстанның өз ішінен жиналған материалдармен қатар Қытай, Моңғолиядан келген абыз қарттардың аузынан жазып алынды. Менің өзім 2013 жылы Түркияға докторантураға оқуға түскен кезде сондағы университет кітапханаларынан қазақ халқының салт-дәстүріне қатысты дүниелерді іздестірдім. Бірқатар кітаптар қолыма ілігіп, олжалы болдым. Көбі тың дүние еді. Бажайлап қарасам, зерттеудің дені 1991-1993 жылдары жүргізілген екен. Яғни, Қазақстан экономикасы күйреген кез. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дейтін шақтың нақ өзі. СССР-дің шеңгелінен әрең құтылған қазақтың ұлттық құндылықтарын түгендеуге мұршасы болмай жатқан уақыт. Тәлім көрген, иманға көңіл берген қарттардың да тез сиреп жатқан кезі.  Көбі жиған қазыналарын ұрпағына  бере алмаған күйі өмірден өтіп кетті. Қисапсыз рухани қазына олармен бірге көміліп кетті. Бірақ сол кезде арнайы жобалармен келген түріктің бірнеше ғалымы құйма құлақ қарттарға жолығып, әңгімелерін хатқа түсірген. Олар Ататүрік атындағы тіл және тарих қоғамының қолдауымен кітап болып басылып шыққан, - дейді.

Ал белгілі дінтанушы Асылтай Тасболат «исламға қатысты дүниенің бәрін тек салафизммен байланыстыратын бинарлық ойлау дағдысы қалыптасып үлгеріпті» деп өкінішін білдіреді.

Ана дәстүрге кие дарытамыз деп жөн-жоралғының барлығын қиссамен байланыстыратын  үрдіс ислам келген соң көп халықта бар ғой. Оны Мирча Элиаде деген мифолог-дінтанушы дәл анықтаған –  әр ритуалда киелі мазмұн болғанда, адамдар сол ритуал арқылы мифтік уақытқа жалғанады деп. Құрбан шалған сайын Ибраһим пайғамбардың қошқарды құрбандық еткен мифін қайта жаратып отырады. Сол үшін мифтік уақыт горизонталь уақыт түсінігінен биік тұратын, әр ритуал кезінде қайта жаратылып тұратын дүние деген. Меніңше, ислам келген соң түркілік салттар сондай қиссалармен жаңа мән тапқан. Маңғыстаудың жыраулары атамыз біздің Әнетті (Әнас сахаба) деп жырлайды. Шәкәрім "Пәленше сахабаның затысың деп, Алдаған дін жамылған өңкей жүлік" деп жәдидше қарсы шығады. Діннің сондай символдық тілі бар өзінің. Ғылыми фактіге қайшы келеді, бірақ әлемді мәденилендіріп, мағыналандырып қабылдаудың бір формасы бұл да. Маман ретінде осылай мән-мазмұнын ажыратамыз, бірақ баға беріп, ұрсып, надан деп сөкпейміз, - дейді.

Белгілі этнограф Зира Наурызбай да желіде Әлия Әшімге арнап екі пост жазған еді. Этнограф жас журналистті қолдай отырып:

Деректі фильмдерден басқа, Әлияның 1200 астам әлеуметтік желіге түсірген қысқа видеолары бар, оның мыңы біздің тарих пен мәдениетке арналған. Жақсы нәрселерді әдемілеп көпшілікке жеткізеді, соның арқасында Инстаграмда 300 мыңға жуық көрермені бар. Бұндай санға тек қазақ мәдениетін, тарихын насихаттап жету өте қиын. Басқа бұндай мысал жоқ сияқты - дейді.

Біз Зира Наурызбайдан «ал арабтарда құйрық-бауыр асату» салты бар ма деп сұрағанымызда, ол:  

Жоқ. Құйрық-бауыр асату таза біздің дәстүріміз. Ал арабтар бауырдан кәуап пісіреді. Қонақтарға сол кәуапты тартады, - деп, жауап берді.

Кеше журналист Әлия Әшім әлеуметтік желіде жазба қалдырып, әбес видео үшін кешірім сұрады. Ол бұл дауда әкесінен сын естігенін де жасырмады:

АҚШ-қа оқуға кетпес бұрын қазақша контент, тарихи деректі фильмдер үшін біраз бизнес өкілдерінің есігін қағып, серіктестік ұсынатын едік. Қаншама презентация, пичиң өттік. Қолдағандар бірлі-жарым болды. Кейін елге оралған соң, үкіметтен, ешбір топтан ақша алмай, таза қазақ контентін коммерциализациялауға барымызды салдық. Қазіргі таңда Freedom Holding Corp., Bi Group, Aviasales, Sandyq Group, Halyq Bank іспетті ірілі-ұсақ біраз компаниялардың жарнамалық материалдарын жасап, одан түскен қаржыны тұтас ағартушылық жобаларға салып жүрміз, - деді Әлия Әшім.

Танымал журналисттің кешірім сұрағанын ардагер журналистер оңынан қабылдады. Атап айтсақ, белгілі тележурналист Гүлмәрия Барманбекова:

Әр адамның қателесуге хақы бар.   Қоғамдағы сын – талқандауға емес, түзетуге бағытталуы тиіс. Сол жағынан алғанда, сіздің жауапкершілік танытып, кешірім сұрағаныңыз — парасатты қадам. Сіз дәлел ретінде келтірген «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабы –  халықтық фольклорлық сипаттағы мәтіндер жинағы. Ондағы қиссалық, символдық сюжеттер – діни не тарихи дерек емес, халық санасындағы әдеби-көркем түсінік. Сол негізде құйрық-бауыр салтын ислам дініне таңу – ғылыми қателік, - деп жазды, ФБ парақшасында.

Сарапшылардың пікірінше, бұл дау, бір жағынан, ұлттың өз болмысын сақтауға деген талпынысын, ұлттық иммунитеттің жоғарылығын көрсетсе, екінші жағынан, қоғамда үлкен дау туындаса, этика мен моральдық ұстындардың аяқасты қалып, жеке басқа тиісу, жеке шекараны бұзу сияқты келеңсіз жәйттердің белең алатынын көрсетті. Қалай десек те, қоғамда тек кәсіби журналистер үшін ғана емес, контент жасап, ақпарат таратумен айналысып жүрген кез келген блогер үшін фактчеккинг пен түпкі дерек көзін анықтаудың қаншалықты маңызды екенін аңғартты.