Қостанай облыстық ауруханасында төтенше жағдай тіркелді. Науқас қабылдау бөлімінде дәрігерге шабуыл жасап, оны соққыға жықты. Бұл туралы Kazinform хабарлады.
Облыстық аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, хирург отадан кейін төменгі қабаттағы қабылдау бөліміне түсіп, кезекпен келген науқастарды қарауды жалғастырған.
Сол кезде кезегін күтіп отырған пациенттердің бірі агрессия танытып, алдын ала деректер бойынша, үшінші болып кезекте тұрған ер адам дәрігерге шабуылдап, соққы жасаған. Салдарынан хирург есінен танып қалған. Қазір ол ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, тергеу амалдарын жүргізуде. Қылмыстың мән-жайы анықталып жатыр.
Облыстық аурухана баспасөз қызметі бұл жағдайды жай ғана оқыс оқиға емес, күнделікті адам өмірін арашалап жүрген кәсіби мамандарға жасалған қылмыс деп бағалап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін де Қарағанды облысында ер адам дәрігерлерге шабуыл жасаған болатын.
Сондай-ақ, өткен жылы Қостанайда осыған ұқсас жағдай тіркелген: марқұм болған науқастың туыстары жедел жәрдем фельдшерін соққыға жыққан. Бұл шабуыл жедел шақыру кезінде орын алып, кейіннен медициналық қызметкер ауруханаға түсіп, қылмыстық іс қозғалған.
Содан кейін Денсаулық сақтау министрі жедел жәрдем қызметінің мамандары жоғары қауіп пен ауыр жүктеме жағдайында жұмыс істейтінін атап өткен еді.