Желіде Алматыдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевтағы жаңа балалар үйіне көшіруге қарсылық танытып жатқаны туралы видео тарады. Бұл іске полиция тартылған.
Аружан Саин түсірген видеода Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаевқа «еркін түрде» көшіру әрекеті кезінде есінен танып қалғаны көрінеді. Соған қарамастан, полиция қызметкерлері басқа балаларды автобусқа күштеп отырғызуды жалғастыруда.
«Міне, ерікті көшірілу осылай бола ма? Алматыдан Қонаевқа балалар үйінің тәрбиеленушілерін олардың пікірінсіз және келісімінсіз көшіру – БҰҰ Конвенциясын да, Қазақстан Республикасының заңнамасын да тікелей бұзу! Бұл жағдай енді жекелеген мәселе емес, мемлекеттік деңгейде шұғыл араласуды қажет ететін қоғамдық трагедияға айналды», – деп жазды Аружан Саин Facebook-тегі парақшасында.
Балаларды автобусқа күштеп кіргізіп жатқанда бір қыз бала есінен танып құлағанын видеодан көруге болады.
Сонымен қатар, полиция мен балалар арасындағы жанжалдың видеосы желіде кең таралуда. Онда балалар Қонаевқа көшуге қарсы шығып, белсенді түрде қарсылық көрсетіп жатқаны анық байқалады.
Бұған дейін Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева қоғамды адастырып, Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері осы мекемеде қала береді деп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Қонаев қаласындағы олар үшін дайындалған жаңа ғимарат Нүсіпбаев атындағы интернатқа берілмек болған. Алайда бұл интернатта бұрын тәрбиеленушілерге қолайсыз жағдай жасалғаны анықталған.
Еске салайық, Алматыда №1 балалар үйінің бірнеше тәрбиеленушісі, түлектері, демеушілер мен белсенділер балалар үйінің Қонаев қаласына көшірілуіне келіспейтінін айтып, журналистермен кездесіп, көшеге шыққан болатын.
11 шілдеде Алматы облысының әкімдігі Алматыдан Қонаевқа балалар үйін көшіру мәселесі бойынша түсініктеме берген.
15 шілдеде азаматтық белсенділер мен облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда өткен баспасөз мәслихатында билік шешіміне тағы да қарсылықтарын білдірді.