Шымкент станциясында BMW маркалы көлік жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, маневрлік тепловозбен соқтығысқан. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«2025 жылғы 21 шілде күні сағат 07:30-да Шымкент станциясындағы «Санжар» ЖШС-нің жеке кірме жолында BMW маркалы автокөлік жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, маневрлік тепловоздың қатысуымен жол-көлік оқиғасына себеп болды», – делінген хабарламада.
«ҚТЖ» дерегінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Апаттың мән-жайы нақтылануда, іс материалдары құқық қорғау органдарына берілген.
Компания теміржол өткелдері мен жол бойындағы теміржол маңында жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.