Түркістан облысы прокуратурасының үйлестіруімен Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменттері Өзбекстан құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жанармай өнімдерін жасырын жерасты тоннелі арқылы шекарадан өткізумен айналысқан халықаралық қылмыстық топты анықтады.
Тергеу барысында қылмыстық топтың Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара маңында ұзындығы 450 метр болатын жерасты тоннель қазып, сол арқылы жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдағаны белгілі болды. Бұл схема екі ай бойы жұмыс істеп келген. Осы аралықта логистикалық бағыттар құрылып, шетелден қаржыландырылған жанармайды жасырын шығару арналары ұйымдастырылған.
«Операция аясында Өзбекстан тарапы да өз аумағында арнайы шаралар жүргізіп, бірлескен іс-қимыл нәтижесінде барлық күдіктілер анықталды. Қазақстан тарапынан бес азамат күдікті ретінде танылып отыр», - деп мәлімдеді ҚМА.
Қазіргі уақытта тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды.