Алматы тұрғындары қолданыстағы «Б. Момышұлы» станциясынан батысқа қарай метро бағытының ұзартылуымен танысты. Бас мердігер «BCN Group» («Bazis Construction») маңайда тұратын тұрғындарды шақырып, қаланың ең ауқымды жобасының барысын өз көздерімен көруге мүмкіндік берді. Қатысушыларға жер үстінде де, жер астында да жүргізіліп жатқан кең көлемді құрылыс жұмыстары көрсетілді.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 3,1 шақырым болатын екі жерасты тоннелі мен Абай даңғылы мен Әшимов көшесінің қиылысындағы солтүстік-батыс беткейде орналасатын «Қалқаман» станциясын салу көзделген. Тоннельдер мен станцияның тереңдігі – жер бетінен 18 метр.
Бас мердігер 1591 метрлік сол жақ тоннельді толық қазып бітірді. Мұнда дәнекерсіз және шпалсыз технологиямен рельс төсеу басталды. Бұл пойыздардың дыбысын азайтып, жолаушыларға жайлы қозғалыс жағдайын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қозғалысты автоматтандырылған басқару, өрт сөндіру және лаңкестікке қарсы қауіпсіздік жүйелері орнатылады.
1593 метрлік оң жақ тоннельде де жұмыс қарқынды жүріп жатыр, оның 840 метрі бүгінде қазылып қойылған.
«Жұмыс күрделі геологиялық жағдайларға бейімделген заманауи тоннель қазу кешенімен жүргізілуде. Бұл кешен диаметрі 1,5 метрге дейінгі ірі валуны бар малта тасты топырақта қазуға мүмкіндік береді. Қазу жылдамдығы – тәулігіне 4 метр. Айына 115 метрге дейін қазамыз, бұл Алматы үшін рекордтық көрсеткіш деуге болады. Әрбір метрден кейін кешен тоннель қабырғаларын темірбетон сегменттермен дереу қаптап отырады», — деді машинист Аманбек Мырзагұлов.
Жер астында орналасқан станцияның құрылысы да жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Станция құрамына платформа, екі вестибюль, үш кіреберіс, техникалық блок пен төмендеткіш қосалқы станция кіреді. Құрылыстың нормативтік мерзімі – 36 ай, алайда «BCN Group» («Bazis Construction») бұл жұмысты небәрі 14 айда аяқтауды жоспарлап отыр. Жұмыс кестесіне сәйкес, биыл қарашада бетон жұмыстары аяқталып, инженерлік жүйелер мен әрлеу жұмыстарына көшу жоспарлануда. Компания станция мен тоннельдерді уақтылы әрі қауіпсіз пайдалануға дайындау үшін қажетті жабдықтар мен материалдарды сатып алуға кірісті.
Құрылысқа қала тұрғындары, әсіресе болашақ станцияға жақын жерде тұратындар үлкен қызығушылық танытып отыр. Олар құрылыс алаңын аралап, мамандарға сұрақтар қойып, әсерлерімен бөлісті. Көпшілігі жоба ауқымы мен қолданылып жатқан заманауи технологияларға таңданыстарын білдірді. Тұрғындар бұл станцияның ашылуын асыға күтуде, себебі ол ауданның көлік қатынасын айтарлықтай жақсартады.
Тоннель қазу қарқыны туралы сұрақтарға жауап берген жоба директоры Мұрат Өкшебаев сол жақ тоннель аяқталғаннан кейін бір кешеннің алынғанын айтты. Қазір оң жақ тоннельде жұмыс істеп жатқан екінші кешен кестеге сай жұмыс істеуге толық жеткілікті.
Жоба бойынша үш ауысыммен 400-ден астам тәжірибелі маман жұмыс істеп жатыр: 124 қызметкер жер астында, ал 293-і жер үсті жұмыстарында.
Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары тапсырыс берушінің бекітілген жоспарына сәйкес 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру қаланың көлік инфрақұрылымы үшін стратегиялық маңызға ие және Алматының ондаған мың тұрғыны үшін көлік қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады.