Logo
Іздеу
Айдарлар

Оян, қазақ! Бүгін Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының туған күні

/
Оян, қазақ! Бүгін Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының туған күні
ашық дереккөзден

Қазақ халқының рухани тарихында өшпес із қалдырған, ұлт тәуелсіздігі жолында жанын да, қаламын да арнаған ұлы тұлғалардың бірі – Міржақып Дулатұлы. Бүгін – алаш көсемсөзінің жарық жұлдызы, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының туған күні, деп жазады Arasha.kz.

Міржақып 1885 жылы 25 қарашада Торғай облысының Жангелдин ауданындағы Қызбел жерінде дүниеге келді. Әкесі Дулат – көзі ашық, ескіше сауатты, шеберлігімен елге танылған, өзі де бір әулетті асырайтын дәулеті бар кісі болған.

Алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашқан Міржақып кейін ауыл мектебінде Мұқан Тоқтарбайұлының жетекшілігімен орысша білім алды. Өз өмірбаянында: "1897 жылы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түстім. Оны бітірген соң мұғалімдер курсында оқып, ауыл мұғалімі мамандығын алдым. Осылайша менің ресми білім алу жолым аяқталды. 1902 жылдан бастап мұғалім болып жүріп, білімімді өз бетімше жетілдіруге бар уақытты жұмсадым", – деп жазады.

ХХ ғасыр басы – қазақ халқы үшін сындарлы кезең еді. Патша үкіметінің қыспағы, елді талаған отарлау саясаты, ауыр әлеуметтік күйзеліс қазақ зиялыларының басын біріктіріп, Алаш қозғалысының тууына себеп болды.

Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш майданының бел ортасында жүрген қайраткерлердің бірі – Міржақып Дулатұлы. 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметінің мүшесі болып, ел тәуелсіздігі жолында бар күшін жұмсады. 1916 жылғы дүрбелеңде халыққа көмек қолын созу үшін Семей қаласында "Жанар" жәрдем қорын ұйымдастырды. Қандай қиын жағдайда да ол жеке басының қамын емес, ұлттың ертеңін ойлады.

Міржақып – қазақ әдебиетінің әр жанрында еңбек еткен аса ірі қаламгер. Оның шығармалары елдің ұйқысын шайқап, ұлттық сананы оятуға арналған. Алғашқы өлеңдер жинағы "Оян, қазақ!" 1909 жылы Петерборда басылып шықты. Бұл кітап қолдан-қолға тарап, бірден халық арасында үлкен серпіліс тудырды. Онда елдің жағдайына алаң, әділетсіздікпен күреске шақыру, білімге, оянуға үндеу сияқты идеялар өрілді. Билік бұл кітапты қауіпті санады. Жинақ тәркіленіп, автор қуғын-сүргінге ұшырады. Кейін "Азамат" (1913), "Терме" (1915) жинақтары жарық көріп, ақынның азаматтық үнін күшейте түсті.

Кеңестік билік Алаш қайраткерлерінің еңбегін мойындамақ түгілі, оларды "халық жауы" деп жариялап, жазалады. Міржақып Дулатұлы да сол зұлматтың құрбаны болды. 1928 жылы тұтқынға алынып, екі жылдан соң алғашында ату жазасына кесілді. Кейін үкім он жылға лагерге ауыстырылды. Беломор-Балтық арнасындағы қатаң режимдегі лагерьде ауыр жағдайда жазасын өтеп жүріп, 1935 жылы аурудан қайтыс болды.