ҰҚК Ұлытау облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат Шайқамаловқа қатысты қылмыстық істің бар екенін жанама түрде растады.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары өзінің дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, жоғары лауазымды судьяның ұсталғаны жөнінде хабарлаған болатын. Алдын ала болжам бойынша, оған Жезқазғанда 15 миллион теңге көлеміндегі пара адвокат арқылы берілген. Кейін бұл қаражаттың бір бөлігі тәркіленген.
Ұстау операциясын бұрынғы Антикордың орнына құрылған жаңа қызмет пен Жоғарғы Соттың Ішкі қауіпсіздік қызметі бірлесіп жүргізген.
Қанат Шайқамалов 2022 жылғы 5 желтоқсанда сот алқасының төрағасы болып тағайындалған. Ол 1968 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Еңбек жолын тас қалаушы және автослесарь болып бастаған. Кейін прокуратура органдарына қызметке қабылданып, одан соң сот жүйесіне ауысып, сол салада мансап жасаған.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы да пара алды деген күдікпен ұсталған болатын.