Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы жартысында 250 мың адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мәлімдеді.
Вице-премьердің айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік тапсырмаларын орындау бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде.
«Мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындап отыр. Бюджеттің жартысынан астамы осы салаға жұмсалады. Жыл басынан бері баласы бар 1,2 миллион отбасының жәрдемақылары 6,5 пайызға артты. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 870 миллиард теңге бөлінді», – деді Көшербаев.
Оның сөзінше, атаулы әлеуметтік көмек 245 мың адамға 16,2 миллиард теңге көлемінде төленуде. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі және қарт адамдарды қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр.
«Жыл басынан бері зейнетақы төлемдері 8,5 пайызға көбейді. Қазіргі таңда зейнетақының орташа мөлшері 180 мың теңгені құрап отыр. Бұл бағытта жалпы 4 триллион теңге жұмсалуда», – деп нақтылады вице-премьер.
Сонымен қатар, еліміздегі орташа жалақы мөлшері 423 мың теңгеге жеткен. Ең төменгі жалақының өсуі 600 мың азаматтық қызметшінің табысының артуына ықпал еткен.
«Жарты жылдың қорытындысы бойынша 250 мың адам жұмыспен қамтылды. Бұл бағытта нақты көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау үшін цифрлық платформа енгізілуде. Бұл – Президенттің тікелей тапсырмасы», – деді Ермек Көшербаев.
Конференция барысында вице-премьер мен бірқатар министрлік өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап берді.