Logo
Іздеу
Айдарлар

Франция Палестинаның тәуелсіздігін ресми түрде мойындамақ

/
Франция Палестинаның тәуелсіздігін ресми түрде мойындамақ
Сурет: ашық дереккөзінен

Президент Эммануэль Макрон бұл шешімнің Газа секторындағы соғысты тоқтату және бейбіт үдеріске деген сенімді қалпына келтіру қажеттілігімен байланысты екенін айтты. Израиль мен АҚШ бұл қадамды қатаң сынға алды.

Макрон Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде ресми түрде мойындайтынын жариялады. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісінде хабарлап, БҰҰ Бас Ассамблеясының қыркүйектегі сессиясында ресми мәлімдеме жасайтынын нақтылады.

«Мен шешім қабылдадым: Франция Палестина мемлекетін мойындайды», — деп жазды Франция президенті. Ол жазбасына Палестина автономиясының президенті Махмуд Аббасқа жолдаған хатын қоса тіркеген.

Макрон қазіргі жағдай Газа секторындағы соғысты дереу тоқтатуды, барлық тұтқындарды босатуды, ауқымды гуманитарлық көмекті және ХАМАС ұйымының қарусыздандырылуын талап ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, Палестина мемлекетін мойындау — Израильге қарсы бағытталған әрекет емес, бейбіт бастамаларды заңды арнаға қайтару талпынысы.

Палестина тарапы бұл шешімді қуанышпен қабылдады. Палестина автономиясы басшысының орынбасары Хусейн әл-Шейх Макронға бұл «тарихи қадамы» үшін алғыс білдірді.

Израильдің жауабы өте қатаң болды. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху бұл әрекетті «терроризмге берілген сыйақы» деп атап, «қазіргі жағдайда палестиналық мемлекет Израильді жою алаңына айналады» деп мәлімдеді.

Вашингтон да Париждің жоспарына келіспейтінін білдірді.

«Бұл — ХАМАС-тың насихатына көмектесетін, бейбіт үдерісті бұзатын жауапсыз шешім. Бұл 7 қазандағы құрбандарға жасалған соққы», — деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио.

Бүгінгі күнге дейін БҰҰ-ға мүше 193 елдің 140-тан астамы Палестинаның мемлекеттігін мойындады. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Бразилия, Үндістан, Түркия және Швеция бар. Ал АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония және Австралия қарсы.