Logo
Іздеу
Айдарлар

"Өзімді өртейміз". Алматыда Жібек жолы базарының сүрілуіне кәсіпкерлер наразы

/
"Өзімді өртейміз". Алматыда Жібек жолы базарының сүрілуіне кәсіпкерлер наразы
Видеодан скрин

«Қызыл сызықтың үстінде тұр» деген себеппен Алматыдағы әйгілі "Жібек жолы" базары сүріледі. Алайда атқамінерлердің бұл шешіміне саудагерлер мен жеке кәсіпкерлер үзілді-кесілді қарсы. Оның үстіне хабарландыру қағазы үш күн бұрын ғана берілген, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Енді базарда жан баққандар тым болмаса, бір жыл уақыт берсін деп отыр.

Бірнеше жылдан бері базарда асхана ұстап отырған аспаз Марал Жақсылыққызының бүгін басы қатып отыр. Жалғызбасты ана бұл жаңалық өзіне ауыр соққы болғанын айтады. Ал базарда Марал сияқты мыңнан астам кәсіпкер бар. Бүгін олар мәселеміз шешілмесе, өзімізді өртейміз деп, өрт сөндірушілерді де ерте кепті. 

«Бір басымда алты кредитім бар. Үйім банкте кепілде тұр. Асханамды қалай беремін?! Төрт ай бұрын үш жарым миллионға сатып алдым. Біз жайдан-жай кетпейміз. Орын тауып берсе, қазір босатып беремін. Қазір мына жақта балалар жүр. Қолында бензин бар, өзімізді өртейміз деп жатыр. Өзімізді өртейміз!», - дейді кәсіпкер Марал Жақсылықызы.

Көлік бөлшегін сататын базар маңында кәсібін дөңгелеткендер, қазір әрі-сәрі күй кешіп жүр. Тіпті кәсібі құрдымға кеткендер дүңгіршіктердің сүрілетіні жөнінде алдын ала еш түсіндіру жүргізілмеді дейді. Ал ескерту қағазында сауда дүңгіршіктерінің жаппай сүрілетіні жазылған. 

«Бұл техникалық байқау станциясы, барлығы заңдастырылмаған. Сосын кейбірі қызыл жолақта тұр. Біз қазір жоба жасап жатырмыз. Бізге бүкіл базарды модернизация жасау керек деген. Содан кейін бәрін өзгертіп, сол кезде реттестіріп аламыз. Қазір қаншама бауырларымыз жұмыс істеп жатыр. Олардың бәрін қуып шыққан. Заң бойынша бәріне айтып жатырмыз, қуып шығу да қиын жағдай», - дейді  "Жібек жолы" базарының директоры Азамат Құлмаханбет. 

Сот орындаушыларының айтуынша, базарды бұзу туралы сот шешімі былтыр шыққан. Содан бері базар әкімшілігіне бірнеше мәрте ескертілді деп отыр. Ал «еш ескерту көрмедік, білмедік» деген кәсіперлерге келесі айдың 11-не дейін базарды босатуға уақыт берді.  

«Сот шешімі 4 сәуірде заңды күшіне енген. Одан бері бір жылдан асып кетті. Сіздерге ескертпеген, бізде кінә жоқ. 26 мамыр күні әкімшілікке бірінші ескерту бердік. Екінші рет 14 шілдеде. 14 шілде күні келіп ескертіп кеттік. Қазір біз сіздерге белгілі бір күнге уақыт беріп кетеміз. 11 тамызға дейін уақыт береміз»,  -дейді сот орындаушы Арнұр Бақберген. 

Ал әкімдік бұл жер «қызыл сызықта орналасқан» дейді. Оның үстіне дүңгіршектер заңдастырылмаған көрінеді. Алайда он жылдан бері соны біле тұра, заңсыз сауданы тоқтауға әрекеттенбей, енді ғана тыпырлағанын түсіну қиын. 

«Жоспардан тыс тексеру болды. Тексеруде 30 шақты нысан анықталып, әкімшілік шара қолданды, нұсқама берілді. Нұсқаманы уақытысында орындамады. Тексеріс кезінде  ешқандай жоба болған жоқ. Сараптамадан өткізілмеген нысандар, ондай жұмыстар атқарылмаған. Ешқандай рұқсат құжат көрсетілмеген. Сол себепті әкімшілік шара қолданылды», - дейді Алматы әкімдігі қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Әлібек Тулбасиев. 

Ал кәсіпкерлер келесі жылға дейін қалдыруға әкімдік келіспесе, бұл жерден қуса да, кетпеуге бекінген.