Logo
Іздеу
Айдарлар

Бас прокуратура Перизат Қайрат ісі бойынша ресми мәлімдеме жасады

/
Бас прокуратура Перизат Қайрат ісі бойынша ресми мәлімдеме жасады

Бас прокуратура Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ісіне қатысты қылмыстық процестің аяқталғанын хабарлады. Екеуі аса ірі көлемде алаяқтық жасап, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деп айыпталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Прокуратураның мәліметінше, 2021 жылдың қазанынан 2024 жылдың қарашасына дейін олар «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қайырымдылық қоры арқылы түрлі мақсатта, оның ішінде:

- мұқтаж балаларға арналған оңалту орталығын салуға – 126,7 млн теңге,

- Палестина халқына көмек көрсетуге – 566,5 млн теңге,

- еліміздегі су тасқыны зардаптарын жоюға – 2,8 млрд теңге

Барлығы 3,5 млрд теңге көлемінде қаражат жинаған.

Алайда, жиналған бұл қаражат мақсатқа сай жұмсалмаған. Тергеу мәліметіне сәйкес, Қайрат пен Алашбаева ақшаны элиталық мүлік, қымбат көліктер мен сәнді заттар сатып алуға, сондай-ақ жалған мәмілелер арқылы заңдастырған.

Бұған қоса, Перизат Қайрат өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсету үшін әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар таратқан. Ол БАӘ-ге ет экспорттайтын отбасылық бизнесі барын және шетелде білім алғанын айтқан. Алайда, іс материалдарында оның колледжден шығарылғаны және жоғары білімі жоқ екені анық көрсетілген.

Ғайни Алашбаева ұрланған қаражатты заңдастыру үшін өзінің банк шоттарын берген және қызының адамдарды алдауына көмектескен.

Бұл іс бойынша 51 адам жәбірленуші деп танылып, 1,5 млрд теңгеге азаматтық талаптар қойылған. Прокуратура соттан бұл талаптарды толық қанағаттандыруды сұрады.

Бас прокуратура бұл істі елдегі ең ірі алаяқтық фактілерінің бірі ретінде атап өтті және қайырымдылықты бүркеме ретінде пайдаланғандарға бұл – қатаң ескерту болуы керек деді.