Logo
Іздеу
Айдарлар

АҚШ пен ЕО жаңа сауда келісіміне келді: ортақ тарифтер, энергия келісімі және қару-жарақ экспорты

/
АҚШ пен ЕО жаңа сауда келісіміне келді: ортақ тарифтер, энергия келісімі және қару-жарақ экспорты
Сурет: Reuters

Америка Құрама Штаттары мен Еуропалық Одақ сауда келісімін жасасты. Бұл туралы Дональд Трамп мәлімдеп, оны «барлық тараптар үшін тиімді» деп атады. Келісімнің егжей-тегжейі АҚШ президенті мен Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің Шотландиядағы кездесуінен кейін белгілі болды.

Келісімге сәйкес, АҚШ еуропалық импорттың басым бөлігіне, соның ішінде автомобильдерге 15% мөлшерінде бірыңғай тариф енгізеді. Трамптың айтуынша, Вашингтон бұл көрсеткіштен төмен баж енгізе алмайды. Алайда бұл шешім ымыралы нұсқа болды — бұған дейін АҚШ 1 тамыздан бастап тарифті 30%-ға дейін көтеретінін ескерткен еді.

Өз кезегінде Еуроодақ мынадай міндеттемелер алды:

▪️ АҚШ-тан 750 млрд доллар көлемінде энергия ресурстарын сатып алады;
▪️ АҚШ экономикасына қазіргі деңгейден бөлек 600 млрд доллар қосымша инвестиция құяды;
▪️ Брюссель АҚШ-пен сауда жасау үшін өз нарығын баж салығынсыз ашады;
▪️ Америкалық әскери техниканың ірі партияларын сатып алады;
▪️ Ресей мұнайынан, газынан және ядролық отынынан бас тартып, АҚШ өнімдеріне көшуге келісті.

Bloomberg пен CNN деректері бойынша, келісім соңғы сәтте — Трамп Еуроодақты 50% кедендік бажбен қорқытқан санкциялар күшіне енуге бір апта қалғанда жасалған.

«Бұл – өзінше бір серіктестік. Бізді бұл келісім жақындатты», – деді Трамп журналистерге. Урсула фон дер Ляйен келіссөздерді «қатаң, бірақ нәтижелі» деп бағалап, келісімнің экономикалық қақтығыстан сақтап қалғанын айтты.