Ұлттық қауіпсіздікке ұқыпты қарау керек. Бүкіл бір мемлекеттің бүгіні мен болашағы жарқын болуы үшін ұлттық қауіпсіздікті көздің қарашығндай қорғаудың маңызы зор. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынын тұрақты өткізіп, елдегі өткір тұрған мәселелерді талқылап, дер кезінде шешуді дәстүрге айналдырған.
2025 жылдың 25 қаңтарында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында негізгі тақырып қарулы күштердің әлеуетін көтеруге бағытталды. Салаға жауапты құрылым жетекшілерінің басын қосқан бұл отырыс барысында Қазақстанның Қарулы Күштерін қай жағынан дамыту қажеттігі, сонымен бірге, әскери қызметшілерді әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етудің негізгі түйткілдері таразы басына салынды. Мемлекеттің ішкі, сыртқы қауіпсіздігіне жауапты, шекарадағы тәртіпті қалт жібермей қадағалап отырған әскерилердің әлеуметтік, тұрмыстық жақтан теперіш көрмеуі аса өзекті. Өйткені, елдің тыныштығын күзететін патриоттардың артында ата-анасы, отбасы, балалары тұр. Елге қызмет еткен әскерилер елге қажеттігін түсінуі үшін мемлекет тарапынан ұдайы көңіл бөлініп, әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер уақытылы реттелгені абзал. Жақындарының жағдайына алаңдаған сарбаздардың сапалы қызмет етеріне сену қиын.
Президент отырыс барысында осы мәселеге ерекше тоқталды. Жиында Қорғаныс министрлігінің бірқатар өкілетті жетекшілері баяндама жасап, саладағы шешімін күткен проблемаларды бүкпесіз ортаға салды. Әсіресе, сала мамандары әскердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту қажеттігін, әскери қызметке білікті кадрлардың жетіпейтіндігін ортаға салды. Сондай-ақ, әскери қызметтің беделін арттыруға, жастардың патриоттық сезімін, әскери салаға деген қызығушылығын арттыруға қатысты ынталандыру жұмыстарын қолға алудың өзектілігіне жиналғандар назарын аударды.
Мамандар пікірін тыңдаған Мемлекет басшысы әскери саптағы бүгінгі құрамның жағдайын жақсартып, мәртебесін көтермей, бұл ортаға қызығушылар саны көбеймейтінін айтты. Сондықтан салаға жауапты тұлғаларға күнделікті қызметте аяқтан шалатын кедергілерден дер кезінде арылып, әскерилердің талапқа сай қызмет етуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Осы жылдың 18 наурызында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы да маңызды мәселелерді арқау етті. Бұл жиында Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асырудағы жеткен нәтижелер сарапқа салынды. Жалпы бұл стратегияны орындау үшін Ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілген болатын. сай былтырғы атқарылған жұмыстардың нәтижелері қарастырылды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті жетекшілері жоспарлы жұмыстардың нәтижелерімен таныстыру келе, еліміздегі террористік және экстремистік әрекеттердің қаупін азайту, терроризмге қарсы қорғанысты күшейту үшін қабылданып жатқан шаралардан қатысушыларды жан-жақты хабардар етті. Терроризм дамыған елдердің өзін тығырыққа тіреп отырған заманауи індет. Ұлттық қауіпсіздік комитеті терроризнің ошақтарын, экстремизмге үндегендердің жолын кесу үшін мақсатты жұмыстар жүргізуде. Алайда, ғаламтордың дамуы, әлеуметтік желі арқылы ақпарат алушылардың өсуі жат ойлы жандардың теріс әрекет жасауына кең жол ашып отыр. Сондықтан, құзырлы орган терроризммен күресте көпшіліктің қолдауы маңызды екеніне назар аудартты.
Отырыста сөз алған Үкімет пен бірқатар мемлекеттік органның басшылары қоғамдық, экономикалық, экологиялық және ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы мәселелер жөнінде дерек пен дәйектерді ортаға салды. Ұлттық қауіпсіздік осы салалардағы мәселелермен өзектес болғандықтан, әр мекеме бірігіп күрес жүргізудің тиімді екенін ортаға салды.
Бұл жиынды қорытындылаған Президент Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының іске асырылуы нақты нәтижелермен бағаланатынын айтып, барлық салада азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздік факторы ескерілуі шарт екенін еске салды.
Қауіпсіздік кеңесінің 14 мамырда өткен отырысы көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне арналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саладағы ахуалдың сын көтермейтінін айтып, жауапты тұлғаларды сындарлы шешімдер күтетінін жеткізді.
Отырыс барысында шекарадан жүк өткізудің қиындығы, бекеттердің жағдайының нашар екендігі, ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың талапқа сай жұмыс істемей тұрғаны талқыға түсті. Осы бағытта азаматтардан жиі шағымдар түсетінін айтқан Мемлекет басшысы «Жасыл дәліз» жүйесін ұйымдастырудың, еліміздің логистикалық әлеуетін оңтайлы пайдаланудың маңызын ерекше атап өтті. Жүк тасымалы көлемін арттыру үшін нарықты авиаотынмен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет екенін айтқан Президент еліміз арқылы өтетін жүк тасымалы көлемін ұлғайту, әлемдік жеткізу тізбегіне қосылу міндетін алға тартты.
Ал Мемлекет басшысының қатысуымен 2 шілдеде өткен Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы ішкі және сыртқы көші-қон саласындағы мәселелерге арналды. Көші-қон – мемлекеттің жанды жері. Сондықтан, елімізге келіп тұрақтап қалушылардың да, елімізден кетіп жатқан азаматтардың пікіріне мониторинг жасап, саладағы кемшіліктерді жедел түзеу маңызды. Көші-қон саясатын іске асыруда геосаяси факторлар мен сын-қатерлерді, демографиялық болжамдарды және халықтың көшу себептерін есепке алу кезек күттірмейді.
Құзырлы орган жетекшілерінің есептерін тыңдаған Мемлекет басшысы заңсыз көші-қонның алдын алу, шекарадағы бақылауды толыққанды қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырма жүктеді. Ұлттық қауіпсіздік елдегі адами капиталды қорғау мен қолдаудан бастау алады. Соған орай, Қазақстанға көш түзеген елдің ниеті мен пиғылына көңіл бөліп, жақсы оймен келгендердің жайлы қоныстануына, елдің дамуына қызмет етуіне мүмкіндік беру қажет болмақ.