Елордалық полицейлер Threads желісінде шулы жазба жариялап, халықтан ақша жинаған 23 жастағы жігітті қолға түсірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Күдікті желіде «әскерден бір жыл бұрын оралдым, командирімнен қысым мен зорлық көрдім» деген жалған оқиға ойлап тауып, шетелге қашу үшін банк реквизиттерін қалдырған.
Алайда, «жәбірленушінің» банк шоты 17 жастағы жасөспірімге тиесілі болып шықты. Алаяқ хостелде танысқан бозбаланы «есепшотым бұғатталды» деп алдап, соның картасына екі күнде 100-ден астам аударым қабылдаған.
Тергеу барысында ұсталған жігіттің әскерге мүлдем қатысы жоқ екені анықталды. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, оған қатысты «Алаяқтық» және «Жалған ақпарат тарату» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.