Logo
Іздеу
Айдарлар

СҚО-да бірден үш аудан әкімі тәртіптік жазаға тартылды

/
СҚО-да бірден үш аудан әкімі тәртіптік жазаға тартылды
Сурет: pixabay

Солтүстік Қазақстан облысында бірден үш аудан әкімі соттың талабы бойынша тәртіптік жазаға тартылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«2025 жылдың I тоқсанында соттың жекеше қаулылары қаралғаннан кейін облыс әкімдігі үш аудан әкіміне тәртіптік жаза қолданды. Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жер даулары және мемлекеттік сатып алу нәтижелерін даулау бойынша әкімшілік істерді қарау барысында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарының бұзылғанын анықтап, облыс әкіміне үш жекеше қаулы жолдаған», – делінген дүйсенбі күнгі хабарламада.

Аталған жекеше қаулылар заңды күшіне енді.

«Бірінші жағдайда жол бойындағы дәмхананың эскиздік жобасына келісім беруден бас тартуды заңсыз деп тану туралы талап-арыз бойынша аудан әкімі азаматтың жазбаша шағымын қарамаған. Құрылыс бөліміне қатысты шағымның орнына, әкім сол шағымды сол бөлімге кері жолдаған. Бұл әрекеті арқылы әкім төменгі тұрған мемлекеттік орган шешіміне шағымды жоғары тұрған орган қарайды деген талапты бұзған», – деп нақтылады сот.

Екінші жағдайда, жолдарды күтіп-ұстауға қатысты мемлекеттік сатып алу қорытындыларын даулау туралы ЖК-нің арызы бойынша, сотта ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мемлекеттік сатып алуды жою туралы шешімді бар емес аудит қорытындысына сүйене отырып қабылдағаны анықталды. Арызданушы осы сатып алуда жеңімпаз деп танылған болатын.

«ТКШ бөлімі өз кінәсін сотта мойындап, заңсыз әрекеттері туралы аудит департаментінің хаты болғанына қарамастан, аудан әкімі сотқа заңсыз әрекетті жасыратын жазбаша уәжді пікір ұсынған. Онда ол талап-арызды қанағаттандырудан бас тартуды сұраған», – делінген хабарламада.

Үшінші жағдайда, шаруа қожалығының арызы бойынша, сот акиматтың фермерлік шаруашылыққа уақытша өтеулі ұзақ мерзімді ортақ үлестік жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру туралы қаулысын заңсыз деп таныды.

«Істі қарау барысында сот акиматтың жер заңнамасы мен ӘРПК нормаларын бұзғанын анықтап, бұл жекеше қаулы шығаруға негіз болды. Мұндай шара, ең алдымен, әкімшілік рәсімдерде лауазымды тұлғалардың заң талаптарын қатаң сақтауына ынталандыру мақсатында қабылданады», – деп түйіндеді сот.