Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ақпараттық жүйеге көрінеу жалған мәлімет енгізгені үшін (ҚР ҚК 206-бабы 3-бөлігі 2-тармағы) айыпталған бұрынғы ХҚКО қызметкеріне үкім шығарды. Бұл туралы Астана соттарының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты көрінеу жалған ақпаратты ақпараттық жүйеге енгізіп, ауыр салдарға әкеп соқтырғаны үшін Т. есімді азаматшаға қатысты айыптау үкімін шығарды (ҚР ҚК 206-бабы 3-бөлігі 2-тармағы)», – делінген хабарламада.
Сот дерегінше, 2024 жылдың 8 қазанында айыпталушы қасақана әрекет етіп, белгісіз тұлға тапсырған құжаттар негізінде Ресей азаматының атына ЖСН рәсімдеген. Кейін бұл ЖСН арқылы банк шоты ашылып, оған 40 миллион теңге аударылған. Нәтижесінде Ресей азаматы да, мемлекет те зардап шеккен.
Айыпталушы кінәсін мойындамады.
Сот оны кінәлі деп танып, екі кішкентай баласы барын ескеріп, жеңілдететін жағдай ретінде есепке алды. Өзге мұндай жағдайлар болмағандықтан, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оған екі жыл бойы шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға ЖСН рәсімдеуге байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Амнистия туралы заңға сәйкес, жаза мерзімі үштен біріне қысқартылып, екі жылға азайтылды. Жазасын ол қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейтін болады.
«Үкім ХҚКО операторларының қатысуымен жарияланды — бұл осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін жасалды», – деді баспасөз қызметі.