Logo
Іздеу
Айдарлар

Онлайн процесс – отандық соттың озық технологияны жетік меңгергенінің көрінісі

/
Онлайн процесс – отандық соттың озық технологияны жетік меңгергенінің көрінісі
фото: pixabay.com

Онлайн сот отырысын өткізу – отандық соттың жаңа технология жетістіктерін жетік қолданатынын көрсетті,- деп хабарлайды Arasha.kz.

Онлайн сот отырысын өткізу – отандық соттың жаңа технология жетістіктерін жетік қолданатынын көрсетті. Ал сот отырыстарының тікелей желі арқылы өтуі сот саласының заманауи жаңашылдықтарды толық меңгергенін, судьядан бастап сот приставтарына дейін бір-бірін түсінісіп, бір-бірін толықтырып нәтижелі жұмыс істейтінін дәлелдеді. Яғни, енді сот құрылымында жаңа технология игіліктерін қолдануда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, есеп берудің қажеті жоқ. Тек Қазақстан халқы емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі азаматтар жіті бақылаған Бишімбаевтың соты, Шерзат ісі төрелік алаңындағы толымды жетістіктердің тамашы мысалы. 

Алысқа бармай-ақ тікелей желіде қалыптасқан статистиканы сөйлетіп көрелік. Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта қаралған Бишімбаев соты бойынша процестер 2024 жылғы 27 наурыздан бастап 24 сәуірге дейін жалғасып, 30 тікелей эфир өтті. Бұл 80-нен астам эфирлік сағатты құрады. Ал осы дүйім жұрт бақылаған процестердің үздіксіз, ешбір кедергісіз, тоқтап қалмай, кідіріс жасалмай, техникалық ақаулардың орын алмай ұйымдастырылуы үшін сот қызметкерлері аяғынан тік тұрып қызмет етті. 

Жоғарғы Соттың ютуб арнасында өткен трансляцияны әрбір азамат өзінің смартфон, гаджеттері арқылы кедергісіз көрді. Онлайн трансляцияның сот жұмысына қатысты оң көзқарас қалыптастырып қоймай, азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға айтарлықтай ықпалы тигені талассыз. Ел азаматтары осы процестерді күнделікті қадағалай арқылы сот процесін жүргізудің мәдениетімен танысты, қорғаушының, әрбір қатысушы тараптың өзін-өзі ұстау этикасына назар аударды, сөз мәнерін көкейге түйіп, құқықтық білімін арттырды. 

Сот процесінің осылайша ашық, жария түрде өтуіне қатысты Қазақстан халқының ғана емес, шет елдердің, әртүрлі халықаралық ұйымдардың, сарапшылардың, медиатұлғалар мен танымал блогерлердің де пікірі оң. Олардың барлығы соттағы жаңа үрдісті, сандық технология жетістіктерін жоғары бағалауда.  Шындығында озық елдер тұрмақ, күні кеше кеңестер одағының шекпенінен шыққан мемлекеттерде де сот процестері бұлай тікелей трансляцияда ұйымдастырылған емес. Бұл шын мәнінде керемет үрдіс. Еліміздің Жоғарғы Соты бұл тұрғыда сот жүйесі тарихында үлкен бетбұрыс жасағанын мақтанышпен атап өтсек орынды болар.

Бишімбаев сотындағы онлайн эфирді дайындап, көрсетуге Жоғарғы Соттың коммуникация бөлімі жетекшілік жасады. Осылайша Астана қалалық сотының қызметкерлеріне жол көрсеткен олар әр процесте операторлардың, инженерлер мен IT мамандардың алаңсыз өз қызметімен айналысуына жағдай туғызды. 

Жоғарғы Соттың сарапшыларының айтуынша, Бишімбаев сотынан тікелей ретрансляция жасаған Тенгри тв-ның сол тұстағы әр қаралымы 35 млн 392 мыңнан асып отырған. Сотты күнделікті қараған көрерменнің  77,2 пайызын қыз-келіншектер құрады. Онлайн трансляцияны көрші елдердің тұрғындары да көріп, бақылап отырғаны белгілі. Соның нәтижесінде қазақстандық көрермен саны жалпы көрерменнің  66, 8 пайызын құраса, екінші орында 15,6 пайызбен Ресей тұрды.  Бұдан бөлек қазақстандық сотқа Қырғызстан, Германия, Америка Құрама Штаттары, Украина, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Беларусь, Өзбекстан және тағы басқа мемлекеттерден көз тігіп отырғандардың бар екені белгілі болды.

Сот процесіне қатысып, Бишімбаев ісінің немен аяқталатынына қызығушылық танытқандардың 35,3 пайызы 25-34 жас аралығындағы тұрғындар. Ал 35-44 жас аралығындағы азаматтар саны жағынан екінші орында тұр. Олар жалпы көрермендердің 24,6 пайызын қамтыған. Одан кейінгі орынды 16,8 пайызбен 18-24 аралығындағы көрермендер иеленген. Бұдан бөлек 45-54 жас аралығындағы көрермендердің үлесі 10, 4 пайызды құрағаны белгілі болып отыр. 

Жоғарғы Соттың ресми өкілі Перизат Садуақастың айтуынша, алғашқы процесті трансляциялау кезінде біраз қиындықтар болған. Ал Шерзат ісінде тікелей желіде жұмыс істеуге төселген мамандар өзіне жүктелген жауаптылықты жоғары деңгейде атқарған. Десек те, Алматы мен Астанадағы, облыс орталықтарындағы соттардың материалдық-техникалық базасы онлайн сот отырыстарын өткізуге, трансляциялар жүргізуге толық мүмкіндік береді. Алайда аудандық соттар тұтастай материалдық-техникалық жақтан жарақтандырылған деп айтуға әлі ерте. Сондықтан Жоғарғы Сот бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.

Цифрландыру – бүгінгі күні барлық реформаның негізіне айналған. Сандық технологияны салаға енгізудің арқасында мемлекеттік қызметтердің неғұрлым жедел, ашық, қолжетімді, оңтайлы бола түскені рас. Оны сот жұмысынан да байқау қиын емес. Айталық бұрын тек сотқа талап арыз беру үшін азаматтар сот ғимараттарына арнайы келетін. Ол үшін жұмысынан сұранып, көптеген анықтамаларды жинайтын, кезекке тұрып, өз талабын өткізетін. Осы толып жатқан қағазбастылық пен кезектің өзі азаматтарды қатты шаршататын. Уақыты мен қаржысын үнемдегісі келген халық амалсыздан таныс-тамыр іздеуге мәжбүр болатын. Ал қазір осы қиыры жоқ көп құжаттың қағаз нұсқада өткізудің шешімі табылды. Оның тетігі «Сот кабинеті» бірыңғай сервиісін енгізумен тікелей байланысты.

Қазақстандық соттағы цифрлық технологияны енгізу жұмыстары осы «Сот кабинетін» қолданысқа енгізуден бастау алады. 2014 жылы осындай мақсатты шаралар қолға алынғанда азаматтардың көбі сандық жүйенің сапалы атқарылатынына күмәнмен қараған еді. Алайда көп уақыт өтпей-ақ қарапайым халықтың «Сот кабинетіне» қатысты пікірі түбегейлі өзгерді. Үйден, кеңседен шықпай-ақ талап-арыздар мен материалдарды сервиске жүктеудің тиімді екенін азаматтар аз уақытты-ақ түсінді.  Осылайша халық сот ғимаратына келіп, анықтама жинау, кезекке тұру тауқыметінен құтылды. Бастаманың жағымды тұстары көп болған соң «Сот кабинеті» сервисі жыл сайын жанданып, сол арқылы көрсетілетін қызметтер тізбесі уақыт өткен сайын көбеюде. 

2015 жылдан бастап қолданылған «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің де қоғам үшін пайдасы орасан. Бұл жаңашылдық сотқа түскен барлық істердің тіркелуінен бастап, істің аяқталғанына дейінгі есебін электронды түрде жүргізуге мүмкіндік берді. Міне, осылайша Жоғарғы Сот аз ғана уақыт ішінде жаңа технология жетістіктерін тиімді қолдану бойынша мемлекеттік органдардың көшбасшысына айналып отыр.