Ақпараттық қауіпсіздік, кибершабуылдарға тосқауыл қою – бүгінгі қоғам бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселенің бірі, - деп хабарлайды Arasha.kz.
Ақпараттық қауіпсіздік, кибершабуылдарға тосқауыл қою – бүгінгі қоғам бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселенің бірі. Мемлекет тарапынан елдің кибер қауіпсіздігін қорғау, жеке тұлғалар мен үкіметтің ақпараттық жүйелерін, цифрлық инфрақұрылымын сақтау бойынша мақсатты жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ, күн сайын жаңғырып, жаңарып отырған заманауи технологияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңай болып отырған жоқ. Елдегі кибер қылмыстардың көбеюіне, олардың құрбанына айналған азаматтардың артуына алаңдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға тапсырма жүктеп, бұл бағыттағы жұмыстарды пысықтауды міндеттеген еді.
Мемлекет басшысының киберқылмысқа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасы бойынша ізденіс жасап, нақты шешімдер қабылдаған Ішкі істер министрлігі жаңа бейінді департамент құруды қолға алған болатын.
Соның нәтижесінде киберқылмыспен күрес жөніндегі жаңа департамент жұмысын бастап, облыс орталықтарында Киберпол бөлімдері іске кірісті. Үлкен міндет жүктелген жаңа құрылымның құрамына саладағы тәжірибелі тергеушілер, жедел уәкілдер мен криминалистер енгізілді.
Жаңа департамент интернет-алаяқтармен күрестің жаңа тәсілдерін қолдануға басымдық беруде. Қарапайым халыққа ыңғайлы болу үшін жәбірленушілердің өтініштері «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданып жатқанын айта кеткен орынды. Бұл азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, бір жерден шағымданып, бір жерден құқықтық кеңес алуға көмектеседі. Сонымен қатар департаментте жедел уәкілдер, тергеушілер және криминалистер иық түйістіре отырып қатар жұмыс істейді. Ал бұрын шағымды бір жерге өткізіп, уәжін екінші маманға айтып әрі-бері жүргенде азаматтар уақытын өткізіп алатын. Осындай мезетті тиімді пайдаланған әккі алаяқтар бұл кезде қарасын батырып үлгеретін еді. Жаңа тәсілмен жұмыс жүргізген «Киберполдықтардың» қолма-қол ақша ағынын тезірек бұғаттауға мүмкіндігі мол. Сондай-ақ бұл құрылым заманауи цифрлық зертханалармен де толық жабдықталған. Соның арқасында мамандар гаджеттерді шұғыл тексеріп, интернет-алаяқтар қолданған бағдарламаларды дереу анықтауға қол жеткізіп отыр.
Жалпы киберқылмыспен күрес жүргізіп отырған құрылымдардың қол жеткізген нәтижесі де жыл өткен сайын жақсарып келеді. Мысалы, Алматы облысында IT-технологиялар саласындағы қылмыстарды әшкерелеу көрсеткіші 2025 жылы 52,6 пайызға жеткен. Ал өткен жылғы көрсеткіштің бұдан екі есе төмен екенін ескерсек, жаңа басқарманың үлкен ізденіс, терең талпыныспен жұмыс істеп жатқанына көз жеткізе түсер едік. Профилактикалық шаралардың дұрыс жолға қойылуы, киберполиция қызметкерлерінің белсенділігінің арқасында көптеген азаматтардың қолды болған ақшасы қайтарылды.
Президенттің киберқауіпсіздікті күшейту бойынша жүктеген тапсырмасын орындау мақсатында Ішкі істер министрлігі 2023–2025 жылдарға арнап «Телефон және интернет алаяқтықтарына қарсы іс-қимыл» бағдарламасын қабылдаған еді. Бұл бағдарлама мәселенің салдарымен емес, себебімен күреске басымдық береді. Осыған орай полиция қызметкерлері ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, киберқылмыстан сақтандыру, құзырлы органдарға шұғыл жүгіну механизмдерін түсіндіру бойынша кешенді шараларға жетекшілік етті. Көптеген профилактикалық акциялар өткізіліп, 12 мыңнан астам жадынама халыққа таратылды. Әр аймақта ақпараттық қауіпсіздікке қатысты ескерту жасап, сақтандыратын билбордтар мен стендтер ілініп, көрнекі жерлерге LED-экрандар орнатылды. Мектеп, колледждерде қаржылық, құқықтық сауаттылықты арттыратын дәрістер оқылып, мешіт жамағатымен кездесулер барысында киберқылмысқа қатысты ескертулер жасау ұсынылды. Әлеуметтік желілерде интернет-алаяқтықтан қорғану жөнінде бейнероликтер де тұрақты орналастырылып, полиция қызметкерлері орын алған деректер бойынша толыққанды ақпарат ұсынуды дәстүрге айналдырды.
Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде киберқылмыспен күреске барша азаматтар белсенді қатыса бастады. Республика шеңберінде ұрланған ақшалай қаражатты криптовалютаға айналдырумен айналысқан дропперлер топтарының қолға түсуі сол біріге жасалған жұмыстың жемісі. Бүгінде Anti-Fraud платформасы туралы білмейтін азамат аз. Бұл платформа арқылы полиция қызметкерлері жалпы осы жылдың бес айында 15 миллион теңгеден астам қаражаттың заңсыз аударылуына жол бермеді.
Киберқылмыстармен күресте цифрлық сауаттылықты арттырудың көмегі көп. Соған орай азаматтарға интернетте қауіпсіз әрекет етудің әліппесін үйрету кезек күттірмейді. Әсіресе әлеуметтік желідегі алаяқтықтан қорғану жолдары туралы барынша кең ақпарат тарату өзекті. ІТ саласы бойынша алған білімін жеңіл табыс табуға жұмсайтын жастарға киберқылмыстың залалын, ол үшін заңдық жауаптылық барын үнемі түсіндіріп отыру керек. Оның заңдық тетігі «Ақпараттандыру туралы» заңында, «Киберқылмыспен күрес» туралы стратегиялық бағдарламады дәйектелген.
Киберқылмыс үшін азаматтар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сайын жаза арқалайды. Осы кодекстің 205-бабына сай ақпараттық жүйеге және (немесе) телекоммуникациялар желісіне заңсыз кіргендер, 206-бапқа сай ақпаратты заңсыз жинап, сақтап, пайдаланған немесе таратқандар, 207-бапқа сәйкес ақпараттық жүйенің немесе телекоммуникация желісінің жұмысын бұзғандар, сондай-ақ 208-бапқа сай ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтамасыз етуге заңсыз әсер еткендер қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Бұл әрекеттерге Қылмыстық кодекс шеңберінде жауаптылық белгіленуінің өзі киберқылмысқа елімізде қаншалықты жоғары мән берілетінін көрсетеді.
Әсіресе мемлекеттік жүйелерге араласқан, киберқылмысты қайталап жасаған, қаржылық шығын келтіріп, қылмысқа кәмелетке толмағандарды тартқандарға жаза қатаң. Айыптыларға берілетін жаза әрекеттің жеңіл-ауырлығына қарай айыппұл салу (500 АЕК-ке дейін); қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығынан айыру (2 жылдан 7 жылға дейін, ауыр жағдайларда одан да көп) түрінде белгіленеді.
Қылмыстың үлкен-кішісі болмайды. Әрі қылмыстың өтеуі – жаза екенін әрдайым естен шығармау парыз.