Ақтөбе қаласының №2 сотында екі келінге қатысты қылмыстық іс қаралды. Оларға Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл бап — тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтірмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау бойынша жазаны көздейді.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың мамыр айында сотталушылар өз енелерінің үйінде отбасылық жанжал барысында бір-біріне қасақана дене жарақаттарын келтірген. Жанжал кезінде олар бір-біріне қол жұмсап, дене жарақатын салғандары дәлелденді.
Сот отырысында айып тағылған азаматшалар кінәларын мойындамағанымен, олардың кінәсі жәбірленушінің және куәлардың жауаптары, сондай-ақ өзге де дәлелдермен расталды.
Сот Қылмыстық кодекстің 53-бабын негізге алып, сотталушылардың жас балаларының барын олардың жауаптылығын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Сонымен қатар, олардың жауаптылығын ауырлататын ешбір жағдай анықталған жоқ.
Сот үкімімен екі келін де кінәлі деп танылып, әрқайсысына 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 98 300 теңге айыппұл салынды.
Аталған үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.