Сәуір айында Жамбыл облысындағы Мерке ауылы маңында жанармай құю бекетінде белгісіз адам ресейлік байкерді пышақтап кеткен. Бұл әрекетін ол «мотоцикл мінетіндерге деген жеке өшпенділіктен» жасағанын айтқан, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бастапқыда күдіктіге «Пышақ қолдану арқылы бұзақылық жасау» бабы бойынша айып тағылған. Кейін іс ауырлатылып, оған заңсыз суық қару алып жүру және бұзақылық ниетпен адам өлтіруге оқталу баптары бойынша айыптар тағылды.
Прокурор 15 жыл бас бостандығынан айыруды және 100 айлық есептік көрсеткіш (393 200 теңге) көлемінде айыппұл салуды сұрады.
Сотталушының жеңілдететін жағдайы ретінде оның кәмелетке толмаған балалары бар екені ескерілді.
Нәтижесінде сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, ол жәбірленушіге 500 мың теңге моральдық өтемақы және 1,3 миллион теңгеден астам материалдық шығын өтеуге міндеттелді.