Финляндия астанасы Хельсинкиде соңғы 12 айда бірде-бір адам жол-көлік оқиғасынан қаза таппаған. Бұл туралы Yle басылымы қала әкімдігі мен полиция өкілдеріне сілтеме жасап хабарлады. Мамандардың айтуынша, мұндай нәтижеге жылдамдықты шектеу, көше инфрақұрылымын өзгерту және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау арқылы қол жеткізілген.
Соңғы өлімге әкелген жол апаты 2024 жылдың шілде айында тіркелген. Содан бері қалада бірде-бір адам көлік апаты салдарынан көз жұмған жоқ.
Хельсинки қаласының жол қозғалысы жөніндегі инженері Рони Утриайненнің айтуынша, қазіргі уақытта қаланың 50 пайыздан астам көшелерінде көлік жылдамдығы 30 км/сағ деңгейінде шектелген. Бұл көрсеткіш өткен ғасырдың ортасында 50 км/сағ болған.
Одан бөлек, 2025 оқу жылы басталғанда мектеп маңындағы жылдамдық та 30 км/сағ деңгейінде шектеледі. Қала билігі бұл қадамды балалардың қауіпсіздігі үшін қолға алғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, соңғы жылдары қалада жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған инфрақұрылым айтарлықтай жақсарған. Жол қиылыстары қайта жобаланып, бақылау камералары мен автоматтандырылған қадағалау жүйелері орнатылған.
Қоғамдық көліктің жоғары деңгейде жұмыс істеуі де маңызды рөл атқарған. Автокөлік қолданушылар саны азайып, бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының азаюына әсер еткен.
Статистика сөйлейді
Хельсинкиде 1980-жылдары жыл сайын 1000-ға жуық жол апаты тіркеліп, 30 адамға дейін қаза тапқан болса, 2024–2025 жылдар аралығында апат саны – 277, ал қаза тапқандар саны – 0.
Қаланың 2022–2026 жылдарға арналған жол қауіпсіздігі стратегиясы балалар, жастар, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Утриайнен бұл жетістікті жылдар бойы атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесі деп бағалап отыр. Оның айтуынша, Хельсинки 2019 жылы да жаяу жүргіншілер арасында жол апатынан өлім тіркелмеген Еуропадағы санаулы қалалардың бірі болған.